Отбасы – неке және қан арқылы байланысатын ата-ана, бала-шаға, бауырлар және т.б. адамдардан тұратын қоғамдағы ең кіші бірлестік.
Отбасы – жеке тұлғалардың әлеуметтенуі мен өмірге қадам басуына, яғни оларды өмірге дайындайтын мектеп.
Отбасы өзгерістерге ашық табиғатты адамды сырттағы зиянды ықпалдардан қорғауды өзіне мақсат ететін болса, осындай отбасылар құрайтын қоғам мықты болмақ.
ХХІ ғасыр шектеулер азайып, ұлттық және рухани құндылықтарды қорғап қалу мейлінше қиындаған дәуір. Әлем жаһандануда. Америкадағы ақпарат бірнеше секундта Қазақстанға жете алады. Адамдар интернет арқылы кез келген сәтте іздеген мағлұматтарын таба алады. Тарихты да, әдебиетті де үйрене алады, сонымен қатар құмар ойнауды да, әдепке жат нәрселерді де көре алады. Жақсы ақпараттар алып жетілумен қатар жаман ақпараттар сіңіріп бұзылу да оңай. Бұзылудың, азғындаудың алдын алудың жалғыз амалы жұртшылыққа ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндіру. Міне осы тұрғыда жанұядағы тәрбиенің маңызы ерекше. «Баланы жастан» деген бабаларымыз. Яғни балаға жастайынан тәрбие беру қажет, ал үлкейгенде қанша талпынсаңда ұтымды нәтиже бермеуі мүмкін. Мысалы кішкентайынан ата-анасына «сен» деген, атымен шақырып өскен балаларға, үлкейгенде «сіз» деуді және «ана, әке» деп шақыруды үйрете алмаған отбасылар көп. Сондықтан адамдарға ненің жаман, ненің жақсы екендігін кішкентайынан үйрету керек. Заманымызда көп отбасылар бұған немқұрайлы қарауда. Жұмысын сылтау ететіндер, өзінің рахатымен әуре болатындар тәрбиелік міндетке келгенде осалдық танытуда. Тәжірибелік, тәрбиелік насихаттан махрұм өткен жастық, санасыз тұрғыда ағымдағы сыртқы ықпалдардың жетегінде қалуда. Осыны ескеріп әрқайсымыз өз отбасымызға, бала тәрбиесіне кішкентайынан көбірек көңіл аударсақ, бала-шағаның келешегіне және қоғамның гүлденуіне де үлес қосқан боламыз.