Адамдардың арасын ашатын, араздыққа себеп болатын жаман қылықтарының бірі – орынсыз сын айту, яғни өзгенің сөзі, пікірі, іс-әрекетінен мін іздеу, қатесін әшкерелеу, бетіне басып масқаралау секілді әрекеттер. Cын айтудың нәтижесінде кейде дұшпандық, ұрыс-керіс, жанжал орын алып жатады. Әсіресе көпшіліктің алдында айтылған сынның салмағы ауыр келеді.
Ғалымдарымыз «Сын айтуға адам іздесең, айнаға қара. Өз кемшіліктеріңмен әуре болсаң, басқалардың айыбын іздеуге уақыт таппайсың» деген. Өзгенің ісіне немесе сөзіне сын айту, айтылған пікірге дереу қарсы шығу көбінесе «мен білемін, сен білмейсің» дегенге келеді. Яғни тәкаппарлықтан туындайды. Тәкаппар адамдар басқа адамнан хақ пен ақиқатты естісе де қабылдамайды, дереу қарсы шығуға даяр тұрады. Тәкаппарлық – күнә болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Жиындарда білімі арқылы үстемдігін паш ететіндердің барар жері жаһаннам» делінген. (Ибн Мажә)
«Өзіне басқалардың құрмет көрсетіп, басын иіп тік тұруын қалайтын адам тозаққа дайындала берсін!» (И. Ахмед)
Білім тәкаппар адамның тәкаппарлығын арттырады, қарапайым адамның қарапайымдылығын арттырады. Мен көп білемін деп, өзін пәлекетке тастау – ақылдың ісі емес. Шынайы мұсылман – білімді болады, тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстайды, әдептен аспай, орынды сөйлейді.
Ата-бабамыз «Сын түзелмей – мін түзелмес» деген. Яғни жөнімен, орнымен айтылған сын, қателікті жөндеуге себеп. Мысалы жұмыс барысында үйрету кезінде, мәселені талқылау, талдау кезінде қателіктері айтылуы орынды. Алайда айтылатын орны мен шегін білу, әдептен аспауға мұқият болған жөн.
Көпшіліктің зардап шегуіне себеп болып жатқан қандай да бір қатені айту қажет болған жағдайда, егер тыңдайтынына, түсінетініне сенімді болсаңыз (адамдардың көзінше емес) оңаша жерде, жеке-дара сөйлесіп, жылы сөзбен түсіндіруге болады. Алайда, мақсатыңыз оны кемсіту, сағын сындыру немесе қатесін айту арқылы оның алдында өз үстемдігіңді көрсету болмауы тиіс.
Діннің үкімдерін түсіндірерде ешкімді ренжітпейтіндей, жалпылық түрде сөйлеген абзал. Мәселен құлағына сырға таққан жігітті көргенде «мұның не, әйелге ұқсап қалыпсың» деудің орнына, жалпыға ортақ сөйлеп, яғни жиналған көпшілікке әдеп қағидаларын түсіндіре отырып, сөз арасында әйелдердің еркектерге, ал еркектердің әйелдерге ұқсауының дұрыс еместігін жалпылама айтып түсіндірген жөн. Мәселен. әйелдер еркектер сияқты шашын тақырлап алуына болмайды, ал еркектер әйелдерге ұқсап шаштарын ұзартуы, сырға тағуы дұрыс болмайды деп мысал келтіріп өтуге болады. Жалпыға айтылғандықтан әркім өзіне тиісті сабақты алады.