Бала тәрбиесінде ауыздан шыққан сөздерге мұқият болған жөн. Кейбіреулер ашуланып, баласын ұрысқанда «топас», «сен адам болмайсың», «тұқымың құрығыр» деген сияқты жаман сөздер айтады. Бұл дұрыс емес. Өйткені дінімізде ашуланып тұрғанда немесе қуанып тұрған кездегі дұға немесе бетдұға (қарғыс) тезірек қабыл болады делінген.
Хадис шәрифте былай делінеді: «Әке-шешенің баласына және зұлымдық көрген адамның залымға жасаған бетдұғасы (қарғысы) қайтарылмайды (яғни қабыл болады)». (Тирмизи)
«Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе бетдұға етпеңдер! Дұғалардың қабыл болатын уақытқа тура келіп бетдұғаларың қабыл болады». (Мүслим)
Хазреті Ибн Мүбәрәк баласының мінезінен шағымданып келген адамға «Балаңа бетдұға еттің бе?» - деп сұрайды. «Иә» деп жауап бергенінде «Онда балаңның мінезін сен бұздың!» - дейді.
Сондықтан данышпан ата-әжелеріміз жазғырып, ұрысатын кезде «Өй, тұқымың көбейгір!», «Өсіп-өнгір!», «Намысың молайғыр!», «Мың болғыр!», «Бай болғыр!» деген сияқты сөздер айтқан. Ұрысқан кездің өзінде баталы сөздер қолданған. Мұндай сөздер қабыл болса, нұр үстіне нұр болмақ. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп бекер айтылмаған ғой. Жалпы ата-бабамыз баталы сөзге жіті мән берген. Ата-әжелеріміз әр мүмкіндікте: «Көп жаса!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Бала-шағаңның рахатын көр!»- деп дұға етіп отырған.
«Атаңа нәлет», «атауыңды ішкір» деген сияқты қарғыстарға жеңіл қарап, оңды-солды айтып жүретіндер бар. Көбіміз бұл сөздердің мәнін ойлап, мағынасының парқына бармаймыз. Негізінде ауыр сөздер. Мұндай қарғыс сөздер сан түрлі зұлымдықты бастан кешіріп, отарлаушылар мен басқыншылардың езгісіне шыдай алмаған кезде залымдарға айтылған.
Жалпы қарғыс айту жақсы емес. Тілді қарғыс сөзге дағдыландырмаған жөн. Ухуд соғысында пайғамбарымыздың алейһиссалам мүбәрәк жүзі жараланып, тісі сынғанда сахабалар қатты ренжіп: «Дұға етіңіз, Аллаһу та’ала жазаларын берсін!» – дегенде пайғамбарымыз алейһиссалам: «Мен адамдарға лағынет (қарғыс) айту үшін келгенім жоқ, қайырлы дұға ету үшін, барлық махлұқтарға рахымдылық үшін жіберілдім»,- деді. Сосын: «Йа, Раббым! Бұлар білмегендіктен, надандықпен осылай істеді, бұларды Өзің тура жолға түсіре гөр!» - деп дұға етті. Тирмизидегі Хадис шәрифте: “Мүмин лағынет айтпайды” - делінген.
Қорыта айтқанда тілді балағат, жаман сөзге, қарғыс сөзге үйір қылмау керек. Жақсы сөзге, баталы сөзге дағдыландырған жөн.