Күніңіздің қанша сағатын жұмыста, қанша сағатын жақындарыңызбен, қанша сағатын өзіңізге бөлетініңізді ойлап көрдіңіз бе? Жалпылама 8 сағат жұмыста өтеді деп алсақ, (5 күндік деп есептегенде) аптада 40 сағат, 1 айда 160, 1 жылда 1920, 50 жылда 96000 сағат, яғни шамамен 11 жылдай мерзім жұмыста өтеді екен. Бұл әлі де жол кептелісінде өтетін уақыттарды, қосымша істер мен апта соңындағы жұмыстарға кететін уақыттарды қоспағандағы қарапайым есеп. Орташа жас өлшемін 70 жыл деп алсақ, бұл 70 жылдың, кем дегенде 10 жылы тәлім алып жетілуге, 20 жылы үйқыда өтетінін ескерсек, өміріміздің төрттен бірін табыс табуға жұмсайды екенбіз.
Уругвайдың 2010-2015 жылдары аралығында қызмет атқарған президенті Эль Пепе деген атпен мәшһүр болған, Хосе Альберто Мухика Кордано, жер бетіндегі ең қарапайым (ең кедей) өмір сүрген елбасшысы ретінде танымал болған. Егіншілікпен айналысып, табысының басым бөлігін мұқтаж жандарға таратқан Эль Пепе телеарналардың біріне берген сұхбатында «Бұл менің өз таңдауым. Өмірімнің көп бөлігін осылай өткіздім. Айлығымның қалған бөлігі маған жеткілікті. Мен кедей емеспін. Бағалы өмірді таңдағандар таршылық көреді» деп байлық пен материалдық құндылықтарға деген ұстанымын айтып өтеді. Эль Пепе қажетсіз шығындарға қатысты былай дейді: «Негізінде бір нәрсе сатып алғанда оны ақшаға емес, өміріміздегі ақша табуға жұмсаған уақыттармен өтеп жатырмыз. Менің түсінгенім мынау: Ешкімге жүк болмай азға қанағат етсең, бақыт табасың. Кедей болу керек демеймін. Қарапайымдылықты қолдаймын. Үнемі өсуді қалайтын, тұтынушы қоғам қалыптастырдық. Қажетсіз шығындардан тұратын таудай үйінділер қалыптастырдық. Бір нәрселерді сатып аламыз да кейін оны қоқысқа тастаймыз. Ал негізінде босқа шығындалған өз өміріміз. Бір нәрсе сатып алғанда оны ақшамен алып жатқан жоқпыз. Өтемақыны ақша табу үшін жұмсаған өмірімізден берудеміз. Айырмашылығы: өмірді сатып ала алмайсыз. Өмір өтіп барады. Өмірімізді бос нәрселерге шығындау әбестік»,- деген екен. Демек тұтынып жатқанымыз өз өміріміз екен.
Бұдан пандемия кезіндегі ессіз тұтынушылыққа салынғандардың, шығындарға осы тұрғыдан да қарап, ойлануы қажет екенін көруге болады. Мамандар қажетсіз нәрсеге шығынданбау және қаржыны дұрыс басқару үшін әркім өзінің немесе отбасының күндік, айлық, жылдық бюджетін жоспарлауға кеңес береді. Яғни кіріс пен шығындарды жазып, талдап жүріңіз. Мысалы бір айда сатып алу керек заттарды бір ай бұрын қажеттілігіне қарай жоспарлап, жазып шығыңыз. Кенеттен, қандай да бір нәрсе сатып алғыңыз келгенде, жоспарыңызда бұл нәрсе бар ма? Соған қараңыз. Жоқ болса, одан өтіп кетіңіз. Ақша шығындаған әрбір нәрсеңізді егжей-тегжейлі жазып жүріңіз. Ай соңында қай заттың қажеті болмағандығын немесе қай затты алмаса боларын және бұларға кеткен шығындарды қосып есептеп көріңіз. Көп жағдайда елеусіз деп санаған, майда-шүйдеге кеткен шығындардан алдыңызға көлемді сома шығары анық. Сондай-ақ азық-түлік алуға аш қарынға бармаңыз, алатын азықтардың тізімін жазып шығыңыз және одан артығын алмаңыз. Мысалы айдың басында айлық алатын болсаңыз, жалақы түсуімен ай сайынғы (пәтер жалдама ақысы, коммуналдық қызметтер, кредит, қарыз секілді) міндетті төлемдерді бітіріңіз. Ол төлем айдың ортасында немесе соңында болса да. Өйткені айдың ортасында кіріс болмайды. Одан кейін азық-түлікке кететін қаржыны бөліңіз. Одан артылғанын өзіңізді жетілдіру (білім, спорт), келесі мақсаттарға ақша жинау, отбасымен демалыс, қайырымдылық секілді негіздерге бөлуге болады. Бюджеттік есеп жүргізуді қолға алғаныңызда көп нәрсеге көзіңіз ашылары сөзсіз. Бір байқап көріңіз..