Шашы, сақалы ағарған қарт кісі ағаш астында отырып жылап отыр еді. Осыдан сәл ғана бұрын ірі денелі кісі жағасынан жұлқып, араққа ақша сұрағаннан кейін жұдырығымен бір қойып кеткен болатын. Қарт адамның жерге құлағанын алыстан байқаған жас жігіт жанына жүгіріп келді. Қалшылдаған қолына беторамалын алып көз жасын сүртіп отырғанында әлгі келген жігіт ақсақалдың киімінің шаңын қағып:
- Адамдардың жүрегі тас боп кеткен бе?! Кім еді әлгі адам, не керек өзіне?- деп сұрады. Ақсақал беторамалын қалтасына салып:
- Қарызым бар еді, соны қайтарды,- деп орнынан түрегелді. Қолтығынан демеп жіберген жас жігіт:
- Өзіңіз ентігіп тұрсыз ғой, шамалы отырып демалып алмадыңыз ба?- дегенінде түрі бозарған ақсақал:
- Менің бұл ағаштың астында демалуға хақым жоқ балам. Өлгенге дейін де болмайды,- деді. Жас бала бұл айтқандарынан ештеңе ұқпаған болатын. Үнсіз қарап тұрғанында ақсақал көздерінен жас ыршып:
- Осыдан елу жыл бұрын араққа ақша алу үшін марқұм әкемді мен де дәл осы ағаштың түбінде жәбірлеген болатынмын. Ата-анаңа жасағаның міндетті түрде алдыңнан шығады,- деді. Жас жігіт не дерін білмей сілейіп қалды. Үйіне дейін көлікпен апарып тастайын деген сөзіне денесі бүкірейген ақсақал: «Рахмет балам, әкем жәбірленгеннен кейін үйге жаяу барғаны секілді мен де жаяу барамын. Әрі жолай қабіріне соғып бір Ясин шәриф оқып бағыштап, әкемнен және Аллаһу та’аладан кешірім сұрайын» деп дірдектеген аяғын сілтіп басып, ақырын жүріңкіреп кете берді.