Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы компьютерлік ойындарға тәуелділікті психологиялық аурулар қатарына қосты. Аурудың симптомы ретінде ойын ойнау жиілігі, компьютерлік ойынға кететін уақыттың мөлшері, басқа белсенділіктер арасында компьютерлік ойынға берілетін басымдылық және басқа да қайшылықтар болуына қарамастан компьютерлік ойынға деген құлшыныстың жалғасуы секілді көрсеткіштер аталды.
Балалардың компьютер, планшет немесе телефон сияқты технологиялардың басында өткізетін уақытының көбеюін тәуелділіктің көрсеткіші ретінде бағалауға болады. Мұндай тәуелділіктің ақыры жаман нәтижелерге әкелуі мүмкін. Тәуелділікпен бірге адамдар мен қарым-қатынас, байланыс құру төмендеп, сабақта, жұмыста олқылықтарға, жетістіктің азаюына, гигиенаға мән бермеу, жеткілікті ұйықтамау, жүйке жүйесінің тозуы, денсаулықтың нашарлауы сияқты кері әсерлерге себеп болуы мүмкін. Мұндай тәуелділікке тұтылған адамнан технологиядан аздап алыс қалған жағдайда, тез ашулану, қайғы-мұңға салыну сияқты белгілерді байқауға болады. Байлану, тәуелді болу бірден келмейді, әсте-әсте ақырындап пайда болады. Сондықтан технологияға тәуелділік кеселінің алдын алуға немқұрайлы қарамау керек. Спорт, қолөнер секілді үйірмелерге қатыстыру арқылы балалардың қабілеттерін жетілдіруге және осылай әбес тірліктерге кетуі мүмкін бос уақыттарын азайтуға болады. Мұндай келеңсіздіктер орын алмауы үшін, ата-ана ретінде бала тәрбиесіне жіті мән беру керек, баламен сөйлесуге, сырласуға көңіл бөлу керек.