Ақтайлақ би Қанай шешеннен:
– Ер басында бақыт нешеу?
– Кемдік нешеу?
– Құлазу нешеу? – деп сұрайды.
Сонда қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:
– Ер басында бақыт бесеу, кемдік үшеу, құлазу төртеу.
Енді атап-атап айтайын:
-Астыңдағы атын жүрдек болса,
Жалғанның пырағы
Алғаның жақсы болса,
Үй мен қонақтың тұрағы.
Әкең – асқар тау,
Шешең – қайнар бұлақ.
Балаң жақсы болса,
Екі көздің шам-шырағы,-
Міне – бес бақыт осы.
– Атың шабан болса,
Жалғанның азабы.
Алғаның жаман болса,
Дүниенің тозағы,
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Міне – үш кемдік осы.
– Қалың ел көшсе,
Көл кұлазиды.
Қаптаған мал кетсе
Бел құлазиды.
Нарқын танымаған,
Сөз құлазиды.
Қатарынан айрылған,
Шал құлазиды,
Міне – төрт құлазу осы.
-Бәрекелді, таптың балам, – депті Ақтайлақ.