"Ұшқан ұя" романынан үзінді:
Баяғыда байдың ерке өскен баласы ел-елден қыз айттырған екен. Бармаған жері, көрмеген қызы қалмапты. Қасы-көзінен нұр тамған небір сұлуларды көріпті, ақылына адам бойламас әдептілерін де көріпті. Бірақ біреуін де ұнатпапты. Енді ол алыс сапарға аттанып, жеті күншілік жердегі бөтен елге келген екен. Жүздеген ауыл аралап, тағы да ешбір қызды ұнатпапты. Осылай ел аралап жүріп ол бір алты қанат ақ үйге кезігеді. Алдынан толықсыған ару шығып «аттан түсіп, сусын ішіңіз» депті. Жігіт атын желіге байлап үйге кіреді. Төрде отырып қыздан көз ала алмапты. Қыз мұны елемегендей жайбарақат мейманға дастарқан әзірлей бастайды. Шай қайнапты. Қыз лезде дастарқан жайып, жігітті әдеппен асқа шақырады. «Жігіт мен іздеген сұлу осындай-ақ болар. Көркіне тоқтадым. Ал ақылы соған сай ма екен, байқап көрейін» деп ойлапты ішінен. Түрулі есіктен сыртта жатқан томарлар көрініп тұр екен. Жігіт сынар жерім осы шығар депті де оқыстан сұрақ қойыпты. - Құдаша, айып көрмесеңіз айта отырыңызшы, көлік ат анау томардың қаншауын тартар екен? Жігіт қызды сүрінтер сұрақ бердім деп ішінен масаттанып отырады. Сол сәтте қыз сәл жымиып күліп жауап қатыпты: - Жақсы ат болса бір-бірден тартар, жаманы болса екеуден артар. Жігіт мырс етіп күліп жіберіпті. Мұнысы мұқатқаным дегені еді. Өзі іштей «бәсе ақыл мен көрік сай келуші ме еді. Мынау қыз ақылы кемдеу біреу болды» депті. «Әйтпесе жаманы екеуден артар, жақсысы біреуден тартар дер ме еді. Жоқ, бұл менің теңім емес. Жар болып жарытпас». Осылайша жігіт ешкімге көңіл тоқтатпай аттанып кетеді.
Үйге келіп әкесіне бар жайды айтқан екен. - Жеті күн жол жүріп, қияндағы елдерді араладым. Өзіме тең таппадым. Бір көрікті қыз кездесіп еді, өкінішке орай ақылы шамалылау боп шықты. Сынай сұрақ беріп едім «жақсы ат бір-бірлеп тартар, жаманы екеуден артар» деп жауап қайырды. Ұлының сөзін естігенде әкесі күйіп кетіпті.- О, сормаңдайым-ай есуастың үлкені сен екенсің ғой, балам. Қыз сөзінің байыбына бара алмаған көкми сен болдың. Шамасы сен қомағай дастарқандағы бауырсақты қос- қосынан бұралақтап аузыңа тыққансың ғой. Қыз соныңды мінеген. Ол ақылды ғана емес, дана қыз екен. Сонда жігіт бармағын шайнапты...
...Мен сендерге тағы бір әңгіме айтып берейін, - деп әкем сөзін қайта жалғастырды. - Баяғыда қыз айттырған бір жігіт шаршап-шалдығып, шөлдеп бір ауылға әрең жетіпті. Қызы бар үйге бас сұғып демін алған екен. Алдына дастарқан жайылып, шай келіпті. Шөлдеп ерні кезеріп отырған жігіт қыз ұсынған шыныаяқты ала салып ұрттап жіберіпті. Абайсызда аузы күйіп шайды әрең жұтады. Көзі жасаурап, қызға сездіргісі келмей аспанға қарай беріпті. Енді тіл қатпаса жеңілетінін біліп жігіт шаңырақтың ағашына көзі түсіп: - Мынау, қандай жердің ағашы болды екен? - депті. Сонда қыз күлімдеп: - Бұл саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің жазасы, - деген екен. Жігіт өзге тілге келмей аттанып кетіпті.
Бауыржан Момышұлы