Хасан Саббах және Хашхашилер

ХІ-ХІІІ ғасырларда адамдарға үрей салып, қаншама мұсылманның қанын төккен Хашхашилер (ассасин) ағымының негізін салған адам Ирандағы шииттердің тармағының бірі Батинилер (Исмаилилер) сектасынан шыққан Хасан Саббах атты азғын болған. Біршама уақыт Мысырдағы осы ағымды ұстанатын Фатимилер мемлекетінде өмір сүреді. Батинилердің басқа шииттерден өзгешелігі олар Имам Жафар Садықтан кейін Мұса Садықты емес, одан бұрын қайтыс болған ұлы Исмаилді жетінші Имам деп қабылдайды. Сондықтан бұларды сәб’ия (жетілік) немесе Исмаилік деп те атайды. Құранның захири (көрінетін) мағынасымен қатар батини (көрінбейтін) мағынасы бар екендігіне сенеді және имамдарына (көсемдеріне) адал қызмет атқарғандар батини мағынаға қауышатыны және бұндай адамдарға харам деген шектеу болмайтындығына сенеді. Реинкарнацияға сенеді, жаннат және жаһаннамның о дүниеде емес, осы дүниеде болатындығына сенеді. Имамдары (көсемдері) жасырын жүреді, ал наным-сенімдерін “даи” деп аталатын миссионерлері арқылы таратқан. Батиниліктің құрушысы Мәймун Кәддах. Бұрын мәжуси (отқа табынатын) болып, Ислам дінін кейіннен қабылдағанына қарамастан біршама уақыттан кейін өзін сәйидпін (пайғамбар әулетінен) деп жариялай бастады. Батиниліктің - яһудилік, зороастризм және Пифагор, Филон философияларына дейін ұқсас негіздері бар. Тарихшылар кейбір ескі дін өкілдері Исламды қылыш күшімен жеңе алмағандықтан іштен құлату үшін осындай жолдарға жүгінгендіктерін алға тартады. Осы Мәймунның тегінен шыққандар Фатими мемлекетін құрды. Батинилердің тағы бір тармағы 870 жылы Оңтүстік Иракта Кармати мемлекетін құрды. Негізін қалаған Мәймунның шәкірттерінің бірі Хамдан Кармат болатын. Бұлар бір ретінде Мекке қаласына шабуылдап “Хажарул-әсуадты” алып қашқан болатын. Бұлар 7 санын киелі сан деп санайды, 7-ші имамнан кейінгілерді мойындамайды, 8-ші имамды күту керек деп сенеді.

Хасан Саббах

Фатимилердің патшасы Мустансырдың орнына таққа Мустаны емес, басқа баласы Низарды қолдағаны үшін қамауға алынған Хасан Саббах қамаудан қашып, батини миссионері ретінде Иранға келіп орналасып, осында 9 жыл бойы уағыз жүргізеді. Айналасына көптеген ізбасарлар, жақтастар жинады. Сәлжүк сұлтаны Мәликшах оған алдымен насихат ретінде хат жолдайды. Жолға келмеген соң әскер жібереді. Хасан Саббах бұған Меликшахты, уәзірі Низамулмүлкті және тағы біршама мемлекет қайраткерлерін өлтірту арқылы жауап қайтарады. Оның дініне шақыруын қабыл етпеген адамдарды, күніне орталама 10 сүннилерді өлтіре отырып айналасына үрей салды. 1090 жылы Каспий теңізінің оңтүстігіндегі Аламут және айналасындағы тағы бірнеше қорғандарды басып алып осында кішігірім мемлекет құрады. Қорғандарға ұзақ уақытқа жететін қару-жарақ, азық-түлік қамтамасыз етеді. Керуендерді тонап байлыққа кенеледі. Қол астындағыларға хашхаш (есірткі) беретін. Хашхашқа (есірткіге) әбден әдеттендіріп, осылайша елес (галлюцинация) көріп өзін жаннаттамын деп ойлайтын ізбасарларын арампиғылдарын жүзеге асыру үшін, адам өлтірту үшін қолданатын. Низарды Мысырдан әкелуге қаншама тырысқанымен дегеніне жете алмайды. Бұдан кейін Батиниліктің Низарийә деп аталатын тармағын қалыптастырып уағыздай бастады. Оның айтуынша жер бетінде Исмаилдің тегінен келетін күнәсыз және жасырын (ешкім білмейтін) имам билік жүргізеді, ал өзі (Хасан Саббах) осы имамның уәкілі еді. Бақытқа ақылмен емес, осы имамға байлану арқылы жетуге болады дейтін. Осы себепті ғылым үйренуге тыйым салынды. Басты ұстанымдары Батини сектасының дұшпандарына өмір сүру құқығын бермеу, оларды өлтіру болатын. Хашхаш (есірткі) және одан пайда болатын қиялдарға, жалған жаннатқа қауышқысы келетін ізбасарлары Хасан Саббахтың адам өлтіру бұйрықтарын діни міндет біліп, бұлжытпай орындайтын. Осы себепті оның жолы Хашхаши деп аталды. Еуропа тілдеріндегі адам өлтіруші деген мағынада қолданылатын “assassin” сөзінің түбі осыдан келеді. Имам Ғазали хазреттерінің бұларға қарсы жазылған «Фәзаиһул-Батинийә» деп аталатын еңбегі бар. 

Аламут қорғаны

Сұлтан Мәликшахтың баласы Сұлтан Беркярук жорыққа шығып Хасан Саббахқа үлкен соққы жасады. Бірақ сұлтан осы арада қайтыс болып, орнына таққа отырған бауыры Мұхаммед Тапар Хашхашилерге қарсы күресті үдете түсті. Шахдиз қорғанын басып алып, Хашхашилердің басшыларының бірі Ибн Аттасты өлтірді. 1109 жылы Низамулмүлктің баласы уәзір Ахметтің басшылығындағы аскерлер Аламут қорғанын қоршауға алғанымен қыс келіп күн суытуы себепті әскер кері шегінуге мәжбүр болды. 1117 жылы Аламут тағы да қоршауға алынып қорғаннның сыртқы әлеммен байланысы үзілді. Дәл сол күндері Исфахан қаласынан Сұлтан Мұхаммед Тапардың қайтыс болғандығы туралы хабар келеді. Қоршау тоқтатылып Хасан Саббах қайтадан жеңіл тыныс алды. Сарайдағы бір күң әйелді алдап көндіріп жастығының астына қанжар мен ескерту хат қойдырып жаңа таққа шыққан Сұлтан Санжарды онымен бітімге келуге мәжбүр етті.

Хашхашилердің көсемі Хасан Саббах Иранның солтүстігіндегі Аламут қорғанында әлемге үрей салатын жоспарларын жүзеге асырып отырды. Қаншама уақыт оған ешкім тойтарыс бере алмады. Хашхашилер бүлік пен қастандықтарын, қан төгулерін күннен күнге үдете берді. Қастандық әрекеттері Мусул және Диарбәкір өңірлеріне дейін созылып жатты. Адамдар киімінің ішінен сауыт киместен сыртқа шықпайтындай жағдайға келді. Көгершіндермен хабар алмасу техникасын өте жақсы қолданған Хасан Саббах крестік жорықшылармен байланыс құрып сүннилерге қарсы оларға қолдау көрсетті. Сәлжүк мемлекетін әлсіретіп, түркі-ислам қоғамын қауіпке түсірген ең үлкен фитнаның бірі осы Хасан Саббах болды. Тарихшылар бұл дәуірді пәлекет жылдары деп атады.

Аламут қамалы қоршауға алынуы бейнеленген сурет

Хасан Саббах өте зерек, жоғары қабілетті, асқан стратег болатын, математикадан бастап сиқырға дейінгі көптеген ғылымдарды жетік білді. “Шәйхулжәбәл” (тау ақсақалы) деген атпен танылды. Өзін айналасындағыларға қатал, діндар және көп азап шеккенсымақ етіп таныта білді. Тіпті қылмыс жасады деген айыппен өзінің екі баласын аяусыз өлтіріпті деген өсек тарайды. Сенім негіздеріндегі мойынсұну (айтқан бұйрықты бұлжытпай орындау) және адалдық (жан-тәнімен оған берілу) қағидасы оның ең басты қаруы болды. Мақсаты қоғамдағы саяси және әлеуметтік құрылымды шөктіру болды. Аламуттағы өтірік жаннат туралы мақтаулы деректер, бұл жерді көрместен жазған Марко Поло секілді тарихшылар мен саяхатшылардың қиял туындылары болып табылады.

Хасан Саббах 1124 жылы 80 жас шамасында Аламутта өлді. Қаламға алған еңбектерінің өте аз бөлігі күнімізге дейін жеткен. Моңғол шапқыншылығы кезінде Хулагу 1256 жылы Аламутты жермен жексен етті. Қашып құтылған ізбасарлары Әзірбайжан және Анадолу жерлеріне қоныстанып сауатсыз халық арасында Хуруфилік деген атпен Батиниліктің жаңа түрін тарата бастады және уақыт өтуімен кейбір медреселерге жасырын еніп мәселен Анадолуда Бекташилерге әсерін қалдырды.

Аламут қорғанының орны

Кармати мемлекеті 983 жылы құлады. Фатими мемлекетін 1171 жылы Салахаддин Әйуби құлатып, солтүстік Африкада қайтадан сүннилердің өктемдік етуін қамтамасыз етті. Бұл жердегі батинилердің Мусталийә деп аталатын тармағы Үндістан және Йемен жерлеріне қоныстанып, әрекеттерін бұрынғыдан жұмсақ түрде жалғастыра бастады. Кейбір деректер бойынша солтүстік Африкадан бір топ Батинилер Сицилияға қоныс аударып, мұнда жергілікті халықпен сіңісіп, әрекеттерін “мафия” деген атаумен жасырын түрде жалғастырды. Бұл сөздің түбі арапшадағы «махфия» (қырып-жою) сөзінен келетіндігі айтылады. Тамплиерлер және бұлардың ғасырлардан кейінгі халі Масондықтың да батинилерден әсер алғандығы айтылады.

Хасан Саббах және Хашхашилер Еуропалықтардың едәуір қызығушылығын тудырған. Кітап, роман және фильмдердің, тіпті компьютерлік ойындардың тақырыбына айналған.

Ассасин компьютерлік ойынының кейіпкері

Соңғы Хашхаши имамы Рукнеддиннің тегі шығыс Иранда жақын күнімізге дейін кішігірім топтың көсемі ретінде жалғасын тапқан. Бұл тектен келгендігі болжанатын Радиуддин 1507 жылы Шах Исмаилден қашып Орталық Азияға қоныстанғандығы айтылады. Тегінен келетіндер кейінгі Иран шахтары кезеңдерінде уәли (әкім) ретінде міндет атқарып, жасырын имамдық сипатында болды. Осы әулеттен 1792 жылы өлген ӘбулХасХан ресми түрде өзін Исмаили ағымының имамы екендігін жариялады. Оның немересі және Исмаилилердің діни көсемі І-ші Ага Хан 1838 жылы Иранда төңкеріс жасау әрекеті жеңіліспен аяқталған соң, Үндістанға қашып ағылшындардан қолдау тапты. Бомбей қаласында егін шаруашылығымен айналысып, ағылшындар тарапынан “принц” деген атақ беріліп Исмаилилердің көсемі деп танылды. Ага Ханның тегі күнімізге дейін жетіп келді және дүниедегі ең бай адамдары қатарында орын алады. Үндістанда ағылшын билігін қолдап, дипломатиялық миссия өкілдерін құраған. Анкараға жазған хаты арқылы Осман мемлекетінің құлдырауына жәрдемші болған және осылайша сүннилікке соңғы Батинилік соққысын жасаған ІІІ-ші Ага Хан журнал, газеттерінің және Ақ теңіз жағалауларының танымал тұлғасы болатын. Баласы Али Хан голливуд әртісі Rita Hayworth пен үйленген. Алидің баласы Керим ІV-ші Ага Хан осы ағымның бүгінгі көсемі. Дүние жүзінде Исмаилилердің саны: 4 миллион Үндістан, 1,5 миллион Иран, 900000 Пакистан, қалғаны Ауғанстан, Танзания, Сирия, Цейлон, Кения, Мадагаскар, Йемен секілді елдерде 8 миллионға жуық. Исамилилер қазіргі таңда халықаралық саудамен айналысатын бай топты құрайды. Азияның көп жерінде Хасан Саббахтың тегінен келетіндігі айтылатын басқа да Исмаилдік имамдары (көсемдері) бар.       

Дереккөз: Тарихшы, профессор, доктор Екрем Бугра Екинжи

http://www.ekrembugraekinci.com/makale.asp?id=492

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!