Қазыбек би

Қазыбек би (1665-1755жж)

Қазақтың адуынды, айбынды, аса айтулы билерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек. Қазыбек бидің жастық шағымен бүкіл саналы өмірі, қазақ елінің өз ішіндегі рулық, тайпалық алауыздықтармен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда ол Тәуке ханның би-батырлары бастаған елшілеріне ілесіп, алғаш рет қалмақ қонтайшысы Цеван Рабданға барғанында небәрі он төрт жаста еді. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында Қазақ билері бата алмай, кімілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек, "Дат тақсыр" – деп, жұлқынып алға шығады да;

- Біз қазақ, мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шет жау баспасын деп,
Найзасына жылқының қылын таққан елміз

Дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ, асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды,
Ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
 

Сен темір болсаң, біз көмірміз,
Еріткелі келгенбіз.
Қазақ-қалмақ баласын,
Теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
Танысуға көнбесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан
Алысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең жөніңді айт,
Бермесең, тұрысатын жеріңді айт.

Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып;

"Даусың қаздың даусындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек" – деген екен. Соның арқасында елшілік, жау қолындағы тоқсан тұтқынды, тоналған мүлігімен бірге елге аман-есен алып келген екен. Қазыбек би бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып ел намысына дақ түсірмей көздеген мақсатын орындап қайтқан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!