Менің туған анам қазір 70-те. Туып өскен жері Балуан Шолақтың туып өскен Қайрақты жері еді. «Кәрі адам әңгімешіл болады» деген сөз рас қой. Анам әңгіме айтуға да, тыңдауға да сондай құмар. Әсіресе, Балуан Шолақ туралы әңгімеге тамаша құмарлықпен кіріссе, тыңдауға да, өзі айтуға да жалықпайтын. Бір күні мен бір кітап оқып отыр едім, анам маған:
– Осы Балуан Шолақ туралы кітап бар деп естуші едім. Соны маған бір оқысаң, – деді. Мен:
– Ол кітап қазір жоқ, жаңадан шығуға тиіс, сонда оқимын, – дедім. Анам:
– Шіркін, сабаздың орыстарды бір опыр-топыр қылғаны есіме түсіп отырғанын қарашы, – деді.
Мен кітабымды дереу жаба сала:
– Айтыңызшы, апа, – дедім.
Әңгіме былай болды.
– Менің сегіз-тоғыз жасар кезім еді. Сол жылы күз жайлаудан қыстауға көштік. Сол көшіп келе жатқанда болған оқиға айтатыным. Біздің ел көшке шықты. Ол уақытта ел, әсіресе, біздің ел бөлшектене көшпейді. Бай да, кедей де бірге көшеді. Арада бір қонып жететін жер еді – Көктау. Сол күні кеш кіре орыстың қаласынан ол кезде орыстың жаңа орнап, келіп, елденіп жатқан кезі. 3-4 шақырымдай қашықтыққа жеткенде көшіміз тоқтады. Марқұм Әлі: «Осы жерге түнейік. Жылда түнейтін жеріміз ғой», – деді. Бұған ауылдың ақсақалдары да: «дұрыс-дұрыс» десті. Күздік қара малдардың сойылып жататын мезгілі еді. Әлі марқұм төрт-бес жігітті шақырып алып (Әлі – сол елдің әрі биі, әрі байы): «Үш-төрт семіз құнаншыға тайша әкеліндер қара малдың ішінен, және екі ту байтал әкеліңдер жылқының ішінен, сосын жандарыңа тағы төрт-бес жігіт қосып алып сойыңдар. Бүгін ешкім ас жасамасын. Бүгін түнде менің күздігімді жесін ел!» – деді.
– Жарықтықтар ас-суға кем-таршылығы жоқ сері адам еді ғой, – деп анам бір күрсінді де, әңгімесін соза, – сонымен көш түсті. Жігіттер малды сойып, жерошақты қазды да, қыз-келіншектер отын-су даярлап, асты қамдады. Не керек, түн ортасына дейін Әлі марқұм ет, майлы қымызды ауыздан ағызып бала-шағаларға дейін, молла жарықтық шариғатты соғып, ел бір тойда болғандай болып қалды. «Таң ағара көшті көшіреміз» деп ақылдасқан ел, таң ағара көшті көтерді. Бірақ Әлі байдын жылқысымен бірге қосылып кеткен елдің жылқысы есептегенде бір табын жоқ болып шықты. Күзетті бағуға кеткен алты-жеті жігіт те жоқ болды. Он шақты жігіт атқа мініп іздеуге кетті.
Әлден уақытта іздеуге кеткен біреуі келіп: «Құдай ұрды, әлгі оңбағандар қымызға мас болып, от жағып отырған жерлерінде ұйықтап қалыпты. Жылқылар қайда десек, біріне-бірі қарайды. Содан қаңтарулы тұрған атқа міне салып тұс-тұсқа бәріміз шаптық. Сөйтсек, бес-алты шақырымдай ана жақ шетте, – деді қолын оңтүстік жаққа сермеп, – орыстардың егіні бар екен. Сол егінді қолмен шапқандай қылып жылқылар жайылып жүр. Бізде бардық. Бір-екі күзетшісі ме, немене, бізге бірдеме-бірдеме деп шаба жөнелді қалаға қарай. Жылқыны зорға қайырып алдық. Енді бір сұмдық болады, Әлеке, тезірек көшті тартыңыз», – деді ентіге. Ол уақытта орыс десе, бесіктегі бес жасар бала жылағанын қоя қоятын кез ғой. Әлгі сөзге бүкіл ел болып зәре кетті. Көшті көтеріп тарттық. Шамасы он шақырымдай шыға, күннің көзі көтеріле бергенде артымыздан шаң бұрқ ете түсті. «Ә, мыналар қуғаншы орыстар» деп ауызда жапқанша болған-болған жоқ, астарына мінген бір-бір арғымақ, шамасы қырық-елудей болады, қолдарына бір-бір жуан таяқ, кейбірулерінде айыр, келте бар жетіп келді. «Орыстар да атқа мінеді екен» деп жұрт таң қалыпты. Келісімен көшті қоршап алысты. Ішінде біреуі орысшалап бірдеме-бірдеме деп ақыраңдап ортаға шықты. Әлі марқұм жүрегін суырып алса да беттескенінен қорқатын адам емес еді ғой. Қамиден деген бір жас жігіт орыстың қаласына барып азырақ оқыған болып жүруші еді. Сол жігітті тілмаш ретінде жанына ертіп алып, орысқа қарсы шықты.
Сол арада екі жағы да қолдарын сермеп, біразырық сөйлесіп тұр еді, бір уақытта аттың үстінде тұрып орыс Қамиден сорлыны қамшымен тартып-тартып жіберді. Сонысы сол-ақ екен, орыстар лап қойды. Әлі марқұм: «Ал, жігіттер, тайынбаңдар!» деп, даяр тұрған көктөбел айғырына сайтанның жылдамдығындай шап етіп мініп алды да, арбанын үстінде жатқан уықты ала сала, опыр-топыр болып жатқан топқа перді де кетті. Әу бетте жігіттер де тайынған жоқ, бірақ бара-бара орыстар тізелерін батыра бастады. Кемпір-шал, бала-шаға арбаның астында отырып, у-шу болып жылауда. Төбелестен екі жақта қызыл жоса болып, аттарынан құлап жатыр, анау жерде де, мына жерде де еңіреуде. Орыстар әбден басынып бара жатқан соң, Әлі марқұм ортадан сытыла шауып шықты да: «Жігіттер, ептеп шыдаңдар, мен Шөкеңді шақырып келейін», – деп шаба жөнелді. Сонда жарықтық денесіне бір таяқ тигізбей кетіп бара жатқан екен ғой. Соған ба, білмеймін, орыстар сосын тұра-тұра шабысты. Қайда, көктөбелі шаңын бірақ көрсетті. Не керек, сол төбелес бір сағаттайға созылды Әлі марқұм кеткеннен кейін. Жігіттердің он-он бес шақтысы қаша төбелесіп жатты. Орыстар мүлде жеңіп кетті.
Әлден уақытта Шолақ таудай болып күрең қасқа атқа мініп, Әлі марқұмның қасына еріп жетіп келді. Жарықтықтың үстінде шайы камзол, басында кәмшат бөрік, көйлегінің екі жеңі төгілген, қолында тобылғы сапты қамшы, өрімінің жуандығы – білектің жуандығындай. «Келе сала кірісе кетеді ғой» деп ойлап едік. Бірақ жарықтықтың сабырлығы да, ақылы да тамаша еді ғой. Келген бетте орысша айқайлап қолын көтерді. Жарықтықты Қайрақтың бүкіл орыстары біледі бәрі де бір кісідей. Ішіндегі бастық атаманы Шолаққа келіп сөйлесті. Арыстаным орысқа сонда былай деген екен: «Ат-шапан айып бізден, егіндеріңді қиратқан үшін ел жиырма жылқы береді, сонымен келісіп, татуласып тарайтын болыңдар». Бірақ орыстар жүз жылқы сұрапты. Бұған Шолақ: «Жоқ, олай болмайды. Жиырма жылқы да жетіп жатыр. Ал бұған көнбесеңдер, келген жолдарыңмен қайтыңдар!» – [дейді].
Сол екі ортада төрт-бес орыс арбаның үстінде жатқан саптаулы шөп шабатын шалғылырды алып келіп, Шолақты тұс-тұсынан қоршады. «Ойпырым-ай», – деді анам таңдайын қаға жарықтық, – «Атаңа нәлеттер, ендеше, сыбағаларыңды алыңдар!» – деп арыстандай ақырып, күрең қасқаны борбайлатып, бір орынында шыр көбелек айналып тұрып, қамшымен шалғылардың сабынан үш-төрт тартып қалды, орыстардың қолдарындағы шалғылары ұшып-ұшып кетті. Содан қамшымен қуып жүріп тартып жібереді. Қамшысы кісіге тисе кісі өкіріп, аттан ұшып түседі. Атқа тисе жануар шыңғырып, ауыздыққа бой бермей, айдалаға шаба жөнеледі. Не керек, «әу» деуге келтірген жоқ, орыстардың қашқаны қашып, қашпағаны арыстанның қамшысынан құлап, тып-типыл болды да қалды. Жалма-жан жараланған жігіттерімізді көтеріп, арбаға салып, көшті көтеріп кетуге әзірлендік. Шолақ жарықтықтың мейірмандығы да тамаша еді ғой. Әлі марқұмға: «Мына жығылып жатқан орыстарды бір арбаға артып, пар ат жегіп ішінде біреуіне божы ұстатып, елдеріне қарай жіберіңіз», – деп жараланған орыстарды еліне жібертті. Сонымен Шолақ өзі бір он шақырымдай жерге шығарып салды, – деді анам.
Мәтін Әдебиет және өнер институты қолжазба қоры 541-бума, 5-дәптері негізінде дайындалды.Әңгімені ел ішінен жазып алып, қорға тапсырған – Кашенов Шұғай.
Балуан Шолақ
Балуан Шолақтың аты Нұрмағамбет Баймырзаұлы. Шолақ атанған себебі екі жасында сол қолы отқа күйіп, басбармақтан басқасы тұтасып, шор болып біткен. Негізгі түбі – Алматылық қазақ Үйсін. Сол үйсіннен жас кезінде Баймырза Көкшетауға ауып барған. Баймырза іске ыңғайлы ағаштардан оны-мұны, ер,төсек сияқты заттарды істететін болған. Баймырза Нұрмағамбеттің жас кезінде өліп, шешесінің қарамағында қалады. Ел ішінде өз айран-шалаптығы бар құла төбел шаруа болады. Кейіннен шешесі өледі, өзі ержетеді. Балуан Шолақ жасынан атқа мінеді. Жас кезінде аздап жиын-топта күреседі, бертін келе ешкім оған шықпайды. Атағы жайылып кетеді, күресушілер табылмайды. Өзі өнерпаз, ән шығарғыш үнді, сонымен қатар кереметтей болжаусыз күшті болды.
Ел аралап жүреді, ән салады, оған қосымша жобалап бос ат жетектеп жүреді. Сол жетектеп жүрген атына мініп ойнайды. Шауып бара жатқанда, тік түре келеді. Аяғын жоғары көтеріп, төбесінен шаншылады. Үзеңгіге аяғын іліп, басын салбыратып жатады. Аттың бауырынан айналады. Аты да ойынға машықталған ат болады. Ел ішін аралайтын цирктердің көрнекті іс-әрекеттерін ертесі, не істесе, соны түгел істей алатын өнері болады. Сырт білегін адамдарға тістессе, ешкімнің тісі батпайды. Не қарулымын деген жігіттердің қолына балта беріп, көкірегін ұрғызғанда, қолы талған соң ұрған адам өзі тоқтайтын болады. Үлкен ағаш үйдің қалың қарағай есігін сыртынан бірнеше адамға бастырып қойып, ішінен басымен ұрып, сол қарағай есікті қақ жарып сындырады. Ақпанның қалшылдаған аязында басына бөрік кимей жалаңбас, 20-30 шақырым жерге жүре береді. Сол аяздарда жазғы жеңіл шапанмен түймесін салмай желбегей жүретін болған...
Мәтін Орталық ғылыми кітапхана Сирек қолжазбалар қоры 409-бума негізінде дайындалды. Бұл деректі 1939 жылы Еркімбек Дүйсенбеков деген кісі Ахметов Бекеннің айтуынан жазып алып, қорға тапсырған. Мәтін Латын әрпінде машинкаға басылған.
Менің Балуан Шолақты бірінші көруім
Шамасы 1910 жылдары болуы керек. Бұрынғы Қотыркөл болысы болыстыққа таласып, ел іші үлкен партия болды, болыстық сайлау орны Шабаққала-Жаңасу деген жерге белгіленді. Ел екі бөлініп, үйлерді қатар-қатар тігіп тастап, зор мал сойыс болып жатысты. Бір кезде: «Сайлауға Шолақ Балуан келіпті» деген хабар тарады. Ол кезде бір ауылдай үйсін деген ел Қотыркөл болысына қарайтын. Шолақтың келген хабары келісімен, Шолақты бұрын көргені бар, көрмегені бар қайта көруге асықты. Шолақ: «Ойын көрсетем», – депті, «Ел бүлінбесін» депті деген сөз бұрқырап тарап жатты.
Келесі күні кешке Балуан атқа мінді. «Үлкендерге сәлем депті» деп ел шу ете қалды. Әлгідей болған жоқ, тігілген шеткі үйдің алдына астында ақбоз аты бар, үкілеген пұшпақ бөркі бар балуан түсе қалды. Тосқан, жиылған жұрт басып кете жаздады. Шолақ әр адаммен амандасып, барлық үйді қыдырып шыққан соң, «Кешке ойын көрсетемін, серуенге шығыңдар?» депті.
Күн кешке еңкейісімен-ақ жұрт бір жерге жинала бастады. Бір кезде ақбоз ат мінген, салдарша киінген, қасында бір топ адам бар Шолақ келді. «Ол топтың ішінде інісі, екі баласы бар екен» деп жұрт шуласып жатты. Мен қайсысы баласы, інісі екенін айыра алмадым. Бірер адамнан сұрап едім, ол адам Шолақты менен қызғанып, өзімді кекеп-мұқап тастады. Ол кезде ойын да басталды. Алдымен бір үлкен тасты көтеріпті. Ол тас жұмыр ұстауға ыңғайсыз болған соң Шолақ атынан түсе қалып, қыл шылбырды шолақ қолына орап жіберіп, «әуп!» деп жіберіп, тасты тізесіне дейін көтеріп алып, ілгері ырғытып тастай берді. Жұрт айғай салып, «Алланың арыстаны ғой» деп бүкіл даланы басына көтерді. Қасына жақын келіп, Шолақтың шолақ қолын, сом қара денесін сонда бірінші көріп, қайтып анау тасты өзім көтергендей, елдегі кім болса соған айтып мақтаныш еттім.
Ойынның арт жағы балуан күресі болды. Күреске бірнеше адамдар шығып жатты. Бізді оларға жібермейді. Бір кезде Шолақтың баласы мен Құлыбектің Мәдиі шықты. Бұл кезде ел түлегі өздері-өздеріне тартысты.
Балуан Шолақтың сол күнгі өлеңі елге үлкен әсер етті. Елдің ән қуған серілері, ән қуған әншілері ауылдағы қыз-қырқындары, тіпті, жылқышы, қойшылар да келсін-келмесін Балуан Шолақтың өлеңі деп білсе де, білмесе де келіп, соғып жүрді.
... Дәл қырық бес осы күнде менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі Сентябрдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын[1].
Залогқа жетпіс бес сом ақша салып,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Жиылған сонда маған жұрт шуласты:
«Болды, – деп, – Қараманнан мынау басым!»
Мәтін Әдебиет және өнер институты қолжазба қоры 914-бума негізінде дайындалды. Мәтінді халық арасынан жазып алып, қорға тапсырған – Жақыпов Сайлаубек.
Сабыр Шәріповтан: ... Асауды үйретуі: Өмірі жүген, құрық тимеген бесті асауларды Шолақ жүгенсіз ұстап мініп, оп-оңай үйретіп отырған. қандай асауды болсын үстіне ырғып мінеді де, дала-жонға еркімен жіберіп шапқылайды. Аспанға қарғып туласа да, жерге жатып қалып шыңғырса да, асауды бірде-бір босатпайды, қамшымен сауырлатады да отырады. Сілесі қатып, болдырған асау біраздан соң ырқына көніп жүре береді.
Қажымұқаннан: Шолақпен талай кездестім, ол менен күшті еді. Ақмолла мен Көкшетаудың жәрменкелерінде екі дуанның басты адамдары екеумізді екі жақтан айдап салып, үлкен бәйгі тігіп, күрестірмекші болған жерде, мен: «Шолақ өзіме жақсы ықыласты батасын берген ұстаз ағам, мен қол көтермей-ақ бәйгемді ағама ұсынамын», – деп күрестен бас тартқанымда, Шолақ құшақтап бетімнен сүйген еді. Шортан қаласында оңаша бір үйде күтпеген жерден кездесіп, екеуміздің бір күш сынасып қалған жеріміз болатын. Сонда мен оның алып батырлығына қайран қалғанмын.
Шолақ белбеусіз, французша жалаңаш күреске жарамайтын еді. Өйткені жалаңаш денемен алысу үшін он саусақ түгел сау болу керек қой, сол себептен де ол үлкен цирктерде, ірі қалаларды аралап, басқа елдердің балуандарымен күресе алмады. Егер, он саусағы бүтін болса, оның даңқы да дүниежүзіне мәлім балуан болар еді.
[1] Кір тасы – гир тасы.
Нұржұма Елесбай - М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері