Хазреті Усамадан (радиаллаһу анһ) жеткен хабарда былай делінеді: Расулуллаһ (алейһиссалату уәсәлләм): «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер ол жерге бармаңдар. Тұратын елдеріңде оба шықса, ол жерден кетпеңдер»,- деген. (Бұхари, Мүслим)
Хазреті Айша анамыз (радиаллаһу анһа) былай деген: Расулуллаһ (алейһиссалату уәсәлләмнан) таун (оба) ауруы туралы сұралғанда, пайғамбарымыз былай деп жауап берді: «Бұл сендерден бұрынғыларға Аллаһтың жіберген азабы еді. (Қазір) Аллаһ оны мүминдерге рахмет (мейірім) қылды. Таун шыққан елде тұратын пенде Аллаһтың тағдырға жазғаны болатынын біліп, сауап үміт етіп, сабыр сақтап, сонда қалса және сыртқа шықпаса, міндетті түрде оған шәһид сауабы беріледі». (Бұхари)
Хадис шәрифтерде тағы былай делінген:
«Жуззамға (алапес, жұқпалы тері ауруына) шалдыққан адамнан арыстаннан қашқандай қашыңдар». (Бұхари, И. Ахмед)
«Жуззамға (алапес) шалдыққан адаммен бір найза бойындай қашықтық сақтап сөйлесіңдер». (Рамузул-Әхадис)
Сахабалар барлық жағдайда болғанындай, денсаулыққа қатысты тақырыптарда да пайғамбарымыздың кеңестерін мүлтіксіз орындағаны белгілі. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) Шамға шыққан сапарында, қолбасшысы Әбу Убәйда Ибнул-Жәррах (радиаллаһу анһ) тарапынан Шамда оба ауруы шыққандығы хабар беріледі. Хазреті Омар ғылыми алқа құрып, олармен кеңесіп, пайғамбарымыздың «Жұқпалы ауру шыққан жерге бармауы, ол жердегілердің сыртқа шықпауы» турасындағы әміріне сүйеніп Шамға бармауға шешім қабылдайды.
Хадис шәрифте шәһидтердің бес тобы хабар берілген: «Шәһидтер 5 түрлі. Таун (оба, жұқпалы) ауруынан қайтыс болғандар, емі табылмаған ішкі аурулардан қайтыс болғандар, өрт кезінде қайтыс болғандар, суда тұншыққандар, қиранды астында қалғандар». Мұндай жағдайлар адамдардың өз әлсіздігін сезініп, тәкаппарлық етуден тыйылуына, яғни сабасына түсуіне себеп болуда. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала бұйырады: тәкаппарлық пен ұлылық маған тән. Бұл екеуінде маған ортақ болуға тырысқан адамды жаһаннамға тастаймын, еш аяушылық етпеймін» делінген. (Мүслим)
Сондай-ақ, дерт пен бәлелер күнәлардың кешіріміне және дәрежелердің артуына себеп. Сел, тасқын, зілзала секілді пәлекеттердің шығуы Аллаһу та’аланың сансыз ниғметтеріне қарсы шығып, күнә істеп, шүкірсіздік еткендерге ескерту ретінде. Құран кәрімде былай делінеді: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Аллаһ көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды». (Шура 30)