Ерекше жеміс – құрма

«Хазреті Мәриям Иса алейһиссаламды туғаннан кейін құрма жеді. Егер құрмадан да пайдалы нәрсе болғанда Аллаһ (жәллә жәлалуһ) Мәриямға соны берер еді». (Хадис шәриф – Рамузул-Әхадис)  

Рамазан айында дастарханнан үзілмейтін азық – құрма, дінімізде өте маңызды орын алады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрмамен ауыз ашатын еді. Хадис шәрифінде: «Оразаларыңды құрмамен ашыңдар, өйткені ол береке. Егер құрма табылмаса онда сумен ауыз ашыңдар, өйткені ол тазалаушы», - деген. (Ибн Мажә)

Құрма (финик) – араб түбегінде ғана өсетін жеміс емес. Тунис, Иран, Ирак, Палестина, Үндістан секілді басқа өлкелерде де өседі. Шумер, Аккад, Вавилон және Мысыр мәтіндерінде, Әмәуи, Аббаси дәуіріне тән сәулет өнерінің кескіндерінде, Мәмлүк, Сәлжүк мәдениетінің маталарында, Осман мемлекетінің кітап әшекейлеу шеберлігінде кездестіруге болады. Бір замандары Басра жағалаулары, әсіресе Бахрейн, Фәйләкә аралдары (Дильмун аймағы) жасылға бөленіп, құрма ағаштарына толы болатын. Мұнай табылғаннан кейін шөлге айналды.  

Құрманың ордасы Мәдина десе орынды болады. Бұл қасиетті мекеннің мәшһүр уәдилері (аңғарлары) бар. Батхан, Ақиқ, Ғануна уәдилері құрма бақшаларына толы. Тигр, Ефрат өзендерінің аңғарында болғандықтан бұл уәдилердің жер асты сулары тым жоғары орналасқан. Ал мұндай жағдай құрма ағаштарына жайлы келеді. Тамырлары суда, кеудесі мен бұтақтары күн астында...

Құрманың түрлері

Құрманың 150-ге жуық түрлері бар. Мәбрум, сафауи, худри, суккария, мәджул, суғаи, анбер, тадут, сафран, аску зәйд, сәйхания т.б. Кейбірі хош иісті, кейбірі сағыздай созылғыш, кейбірі жұмсақ, кей түрінің шекері аз болып, әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Әйтсе де бәрі талшықты. Диетологтардың жеуге кеңес беретін азық түрі.

«Аллаһу та’ала (періштелерге) топырақты електен өткізуді әмір етті. Таза және ұсақтарынан хазреті Адам жаратылды, електе қалғандарынан құрма жаратылды». (Хадис шәриф – Әнуарун-Нумания)

Бір мүшрік пайғамбарымызға жанып, күйген құрма бұтағын әкеліп, «мынаны отырғызыңдар, егер көгерсе, иман келтіремін» дейді. Пайғамбарымыз бұтақты қолына алып жерге қадайды. Бұл бұтақ көгеріп жеміс береді. Құрманың «ажуа» деп аталатын түрі осы ағаштың жемісі. Расулуллаһ алейһиссалам «бәрни» құрмасын да жақсы көргендігі айтылады. 

Анасының баласы

Құрмамен топырағымыз бір болғанындай басқа да ұқсастықтарымыз бар. Құрманың да еркегі, ұрғашысы болады. Балалары анасының кеудесінен шығады. Көшеті кесар отасы іспетті аналық ағаштың кеудесінен кесіп алынады. Мүмкіндігінше анасымен байланыс болатындай жақын қашықтыққа отырғызылады. Ұзаққа отырғызса көшет өспейді. Белгілі мөлшерде өскеннен кейін басқа жерге ауыстырылады. Сүйегін ексе өніп шығады, бірақ ағаш болмайды. Құрма алғашқы жемісін 5-6 жасында береді. Шамамен 60-80 жыл бойы өнім береді. Адамның басы кетсе өлетіні сияқты, құрма ағашының да төбесі (негізгі бұтасы) кесілсе өледі. Бұл бөлігі сарғыштау келеді, жіңішке бұталардың арасында болады. Басқа бұтақтарын бұтауға болады, бірақ мұны мүлдем кесуге болмайды. Ұрғашы ағаштар нәзік келеді және шаштарын (бұтақтарын) кеңінен жаяды. Еркек ағаштар тік бойлы, ұзындығы 10 метрден асады. Кейде тым ұзарып 35 метрге дейін барады. Құрма ағаштары сезімтал келеді, сағынады, ренжиді, қуанады. Теңіздегі маржандар – не өсімдік деуге, не тас деуге келмейтіні секілді, құрма ағашын да өсімдік пен жануар арасындағы махлұқ десе орынды болар.

Құрманың өнімділігі

Құрма ағаштары ақпан айында гүлдейді, еркек ағаштың гүліндегі тозаңдар, ұрғашы ағаштың гүлдеріне жеткізілмесе жеміс шықпайды. Білетініміздей бұл тозаңдану үрдісі аралар мен көбелектерге тиесілі. Маусым айынан бастап балғын құрмалар, ал шілде мен тамыз айларында кепкен құрмалар теріледі. Бір ағаш орташа есеппен 80-90 кг жеміс береді, ал кей түрлері 200 кг аса өнім береді. Басқа бүкіл жемістер ұзақ тұрса, бұзылады, шіриді. Ал құрма құрттауы мүмкін, бірақ ашымайды, шірімейді. Құрманың құрамында адам ағзасына қажетті минералдар, дәрумендер, протейн, май, шекер барлығы бар. Алма, алмұрт секілді жемістің өзін ғана жеп тіршілік ете алмаймыз. Алайда тек құрма жеп және су ішіп тіршілік етуге болады. Айша анамыз пайғамбарымыздан «Немен қоректенетін едіңіз?» деп сұрағанда: «Көбінесе сүтпен және құрмамен» деп айтқан. 

 

Аналар мен балаларға

Құрма бұлшық еттерді жұмсартады және жұмыс істетеді. Жүкті әйелдің жеңіл босануына септігін тигізеді. Шаншуларды азайтады, ана сүтін арттырады. Пайғамбарымыз босанған әйелдерге құрма жеуін кеңес беретін. «Құрма жеген ананың балалары жұмсақ мінезді болады» дейтін.  

Расулуллаһ алейһиссалам хазреті Сад бин Әбу Уаққасты емші Харис бин Келедеге жіберіп фәриқа (құрма езбесі, сүт және май қосып пісірілген тағам) беруін айтқан.

Пайғамбарымыздың Мәдинадағы мешітінің «мәсжиди нәбәуи» және үйінің тірек құрылысында құрма ағаштары қолданылған, төбесі құрма жапырақарымен жабылған. Сахабалардың үйінде құрма шыбықтарынан тоқылған ыдыстар, себеттер болатын, төсектері құрма жапырақтарымен толтырылатын, құрманың бұтағын аса таяқ ретінде қолданатын.

Құрма ағашының боздауы

Пайғамбарымыз жұма күндері мешіттегі “Ханнанә” деген құрма ағашына сүйеніп, хұтба оқитын. Кейіннен үш баспалдақты мінбер жасатады. Пайғамбарымыз бен сахабалары бір жұма күні Мәсжиди Нәбиге жиналады. Пайғамбарымыз хутба оқуға мінберге шыққан кезде бұрын сүйеніп тұратын құрма ағашы барлық адам еститіндей түрде буаз түйенің шығаратын дауысына ұқсас дыбыс шығарады. Барлық сахабалар бұл дыбысты естиді. Дауыс тоқтамай шыға береді. Сосын пайғамбарымыз мінберден түсіп, қолымен құрма ағашын сипайды. Сонда барып, дауыс тоқтайды. Құрғақ құрма ағашының пайғамбарымызды сонша жақсы көретінін көрген сахабалардың көзінен жас парлаған еді.

Осы оқиға туралы хазіреті Әнәс бин Малик «Мешіттің өзі оның дыбысына теңселіп кетті» дейді, Ибн Әби Уәда (радиаллаһу анһ) «Құрма ағашы шытынап, орнынан қозғалды. Пайғамбарымыз келіп, оған қолын қойғаннан кейін ғана басылды» дейді. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’алаға ант етемін, егер оны сипамағанда маған деген сағыныштан қияметке дейін солай жылап тұрар еді» деген.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!