Ақшаға ойын, бәс тігу, лоторея - құмар

Құмар ойындары – қоғамды бұзатын, отбасыларды ойран қылатын, дінімізде тыйым салынған ең жаман пәлекеттердің бірі. Адамға еңбексіз олжаға кенелу, маңдай терсіз, жеңіл жолмен ақша табу қиялын тудыру арқылы оларды тоналуға итермелейтін індет. Бір-екі рет ойнап, құмарға әдеттенген адам оның арбауына (азартына) түсіп, соған тәуелді болады. Өзін ұстай алмайтын, еркіне ие бола алмайтын күйге енеді. Құмар ойнамаған кезінде көңілі түсіп, есеңгіреп, ал ойнаған кезінде қолындағы барынан да, жоғынан да айрылады. Отбасында, қоғамда абыройы қалмайды. Салдарында қарызға, кредитке белшеден бату, өтірік айту, ұрлық, жанжал, ажырасу, жан қиылуы секілді пәлекеттер туындайды. Сондықтан “бір рет ойнап көргенде не бар”,- деп немқұрайлық етпей, құмар атаулыға мүлдем жоламаған жөн.  

Ақшаға ойналатын барлық ойындар, спорт жарыстарына бәс тігу (ставка), лоторея ойындары – бұлардың барлығы құмар, яғни күнә болып табылады. Құмар ойнап ұтылғаның да күнә, ұтқаның да күнә болады. Ұтсаң, харам жолмен келген табыс берекесіз болады. Қалай келсе, солай кетеді, құр кетпей бір жерді опырып, ойып кетеді. «Құмардан ұтсам, мәселен лотореядан ұтсам қайырымдылық жасаймын»,- деп ақталмақ болатындар бар. Арам ақшамен сауап емес, керісінше еселеп күнә жиылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:  

«Бір заман келеді, адамдар тек мал-мүліктің, ақшаның келуін ғана ойлайды, халалдан ба, харамнан ба ойламайды». (Бұхари)

«Ең жақсы ризық – халалға, харамға мән беріліп табылғаны». (Нәсаи)

 

Құмардың жарнамасы

Теледидар, интернет ресурстарында, голливудтың киноларында құмар ойындары көптеп жарнамалануда. Мысалы «пәленше деген кісі лотореядан немесе казинодан миллион ұтып алыптымыс»,- деген сияқты жарнаманы естіп, көріп жүрміз. Мұндай жарнаманы қайта қайта көрген адамдарда «мен де ұтып қалармын»,- деген үміт пайда болуы мүмкін. Ал негізінде жарнамада ұтқанды ғана көрсетуде. Құмарға қатысқандардың барлығын, яғни мыңдаған ұтылғандарды да көрсеткенде, онда ұтқан адамның экранға шығуына кезек келмес еді.  

Казино, ойын автоматтарын ойнайтын, бәс (ставка) тігетін құмарпаздарды тыңдай қалсаңыз, бірен-саран ұтқан кездерін ауыз көпіртіп айтып отырады. Мұны тыңдаған адамның да құмарға қызығушылығы оянуы мүмкін. Ал негізінде олардың ұтқан кезіне қарағанда ұтылған сәттері жүздеген есе көп. Ұтылған кездерін ешқайсысы айтпайды. Өйткені ұтылып, масқара болғанын ешкім айтқысы келмейді.  

Мемлекет тарапынан құмарханалар қаладан шеттетілгенмен, қазіргі таңда интернет ресурстарында онлайн құмарханалар мен олардың жарнамалары қаптап жатыр. Ойнаушылардың саны күннен күнге көбеюде. Сондықтан билік тарапынан бұған да шектеу қоюдың жолы қарастырылып, құмар ойындарының зияны мен зардабы кеңінен насихатталуы өзекті мәселелердің біріне айналуда.

 

Дініміздегі үкімдер

Құмар ойындары дінімізде – күнә, харам. Құмармен келген ақшаны, мүлікті қолдану да харам. Құран кәрімнің Маида сүресінің 90-91 аяттарында: «Ей, иман келтіргендер! Ішкілік, құмар, пұттар, құмар оқтары – лас тірлік, шайтанның ісі. Бұлардан сақтаныңдар да, бақытқа жетіңдер. Шайтан ішкілік пен құмар арқылы араларыңа дұшпандық, жек көрушілік сезімдерін тудырғысы келеді, осылайша Аллаһқа ғибадат етуден, әсіресе намаздан құр қалдырады. Олай болса, енді бұларды тоқтатпайсыңдар ма?!» делінген.  

«Ойынмен уақыт өткізу, нарды, 14 тас сияқты ойындарды ойнау тәхриман мәкрух. Егер ақшаға ойналса харам болады». (Рәддул мухтар)

«Бірнеше адам өзара ақша, мүлік жинап, лоторея ойнап, ұтпағандардың ұтқандарға мүлік, ақша беруді келісуі құмар болып табылады». (Әййухәл уәләд илмихалы)

Бір нәрсенің құмар болып саналуы үшін екі немесе одан да көп адамның зиян көру немесе пайда көру ықтималдығы болу керек. Мысалы, «сен жеңсең, мен саған беремін, мен жеңсем, сен маған бересің» деу құмар болады. Қатысушылардан ақша, мүлік талап етпей, жеребе тастап, «жеребеде кім шықса, соған мынаны беремін» деу құмар болмайды.

Оқ ату және ат шаптыру жолымен жарысу жаиз. Жарысқан екі адамның бірінің «менен озсаң, саған мынаны беремін. Ал мен озсам, сенен ештеңе сұрамаймын» деу құмар болмайды. Жарысқа қатыспаған адамның «Екеуіңнен кім жеңсе, соған мынаны беремін, ал ұтылған адам ешкімге ешнәрсе бермейді» деу құмар болмайды. «Жеңілген адам жеңген адамға мынаны береді» десе құмар болады, харам болады. (Рәддул Мухтар)

Қорыта айтқанда жеңіл олжаға желікпей еңбекқор болайық, адал болайық. Жақындарымыздың, өсіріп отырған бала-шағамыздың да интернеттегі алаяқтарға еріп алданбауы үшін, ақ-қараны ажырата білуге үйретіп, білгенімізді айта жүрейік.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!