Ислам діні – тазалықты, таза болуды әмір етеді. Хадис шәрифте: «Тазалық иманнан» делінген. Исламда таза болудың маңызы орасан зор. Сахабалардан кейінгі табиин деп аталған мұсылмандардың кейбіреулері сахабаларға: “Аллаһу та’ала Құран кәрімде сіздерді жақсы көретінін білдіріп, мақтаған. Мұның себебі неде?”- деп сұрағанда олар: “Біз тазалыққа қатты мән беретін едік”- деп жауап берген екен. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
"Мұсылмандық тазалық діні. Таза болуға тырысыңдар! Жаннатқа тек таза болғандар кіреді". (Дәйләми)
"Мұсылман кір болмайды". (Бұхари)
"Барлық нәрсені жақсылап тазартыңдар! Өйткені тазалық иманға, иман да Жаннатқа жетелейді". (Табарани)
"Ыдыс-табақтарды жуу, үйді таза ұстау байлыққа себеп болады". (Хатиб)
"Намаздың кілті - тазалықта". (Тирмизи)
"Ауыздарыңды тазалаңдар, өйткені ауыздарың Құранның жолы". (Әбу Нуайм)
"Тамақтан бұрын және кейін қол жуу байлыққа жол ашады және кедейлікті кетіреді". (Әбушшәйһ)
"Тырнақтарыңды алып көміңдер! Ауыздарыңдағы ас қалдықтарын тазалаңдар және мисуак қолданыңдар! Иісті ауызбен тістерің сарғайған күйде алдыма келмеңдер!" (Табарани)
Жәннаттың жоғары мәртебесі
Соңғы кездері вирустық жағдайға байланысты мұрынға су алып тазартудың, қолды жиі жуудың маңызы көп айтылуда. Асыл дініміз мұны 15 ғасыр бұрын айтып кеткен. Дәрет алу, ғұсыл алу бұлардың барлығы тазалықтың бір түрі. Әрі рухани тазалық, әрі тәндік тазалық. Намаздың өзінде намаз оқитын жердің, дененің және киімнің таза болуы шарт. Аллаһу та'ала Құран кәрімнің бірнеше жерінде «Таза болғандарды жақсы көремін» деген.
Ибраһим Хаввас хазреттері өлім аузында жатқанында бірден іші өтіп, тоқтамайды. Киімі жиі кірлейді. Таза күйінде жан тапсыруды қалап, әр дәреті бұзылғанда ғұсыл алған екен. Қайтыс болғаннан кейін оны түсінде көргендер: «Аллаһу таала сізге қандай мәміле көрсетті?» - деп сұрайды. Сонда хазрет: «Жасаған ғибадаттарым мен тәуәккүл етуім маған берліген ниғметтер үшін жеткілікті болмады. Тек дүниеден өтерде ғұсыл алып тазалануым Аллаһу та’аланың құзынырда қабыл болып, осы тазалығым себепті жәннаттың ең жоғары мәртебелеріне шығарылдым. Ғайыптан бір дауыс “Ей, Ибраһим, Саған жасалған бұл сый-құрмет, таза болып келгендігің үшін. Мұнда таза болғандар үшін ерекше үстем мәртебелер бар” деп үндеді»,- дейді.
Салауатты өмірдің сыры
Шынайы мұсылман таза болады, тазалыққа мән береді. Ислам діні алдымен денсаулыққа қатысты білімдерді үйренуге және тазалыққа мән беруді әмір еткен. Өйткені бүкіл ғибадаттар мен жақсы амалдар денсаулықтың мықты болуы арқылы орындалады.
Пайғамбарымызға Византия империясының патшасы Гераклиус бірнеше сыйлықтар жібереді. Сыйлықтармен қатар бір емшіні де қоса жібереді. Әлгі емші: «Гераклиус мені сізге сырқат адамдарыңыз бар болса, соларды емдесін деп жіберді»,- дейді. Пайғамбарымыз бір үй беріп, азық-түлігін қамтамасыз еткізеді. Арада күндер, айлар өтеді, бірақ әлгі емшіге ешкім бармайды. Кейін ешмі пайғамбарымызға келіп: «Мені сіздерге қызмет етсін деп жіберген еді, қанша айлар бойы іштім жедім, қонақ қылдыңыздар, алайда ешкім емделуге келмеді. Рұқсат берсеңіз мен еліме қайтсам»,- дейді. Пайғамбарымыз: «Ол жағын өзің білесің, не істеймін десең өз еркің, егер тағы біраз қаламын десең қонаққа қызмет ету, қонақжайлылық көрсету мұсылманның міндеті. Бірақ мынаны біл, мұнда жылдап отырсаң да саған ешкім келмейді. Өйткені сахабаларым сырқаттанбайды. Ислам діні ауру болмаудың жолын көрсеткен. Сахабаларым тазалыққа жіті мән береді. Қарны ашпай тұрып ештеңе жемейді. Дастарханнан тоймаймастан тұрып кетеді»,- деген екен. Пайғамбарымыз денсаулықтың мықты болуының нұсқаулығын айтып кеткен. Яғни салауатты өмірдің сыры осы үш нәрседе: Тазалыққа мән беру, қарын ашпай тұрып ештеңе жемеу және тоймай тұрып дастарханнан тұру (яғни тамақты тойып жемеу).