Адам тіршілігі барысында болымды, жақсы нәрселерге тап болатыны сияқты, жаман нәрселерге де тап болады. Қуанышты кезеңдер болатынындай, ренжитін кездер де болады. Кейде адамдар болымды нәрселерге қарағанда болымсыз нәрселерге тұтылып, килігіп қалады. Басынан өткен болымсыз жайтқа көңіл байлап, үнемі соны ойлап, күйзеліске түсіп жатады. Ал бұл діни тұрғыдан да, дүниелік тұрғыдан да жақсы емес. Дүниелік тұрғыдан айтқанда тұрақты түрдегі күйзеліс, стресс – адамның денсаулығына едәуір нұқсан келтіретін себептердің бірі саналады. Қатерлі ісік, қант диабеті, жүйке жүйесінің қозуы, секілді көптеген дерттердің себепшісі.
Ал дініміз адамның басына іс түскенде сабырлы болуын, өз халіне қанағатшыл болуын, алға ұмтылуын дәріптейді. Ата-бабамыздан қалған жақсы бір мақал бар: «Жақсының басына іс түссе, бойлай береді. Жаманның басына іс түссе, ойлай береді» дейді. Яғни жақсы адамның басына іс түскенде сол келеңсіздікті шешуге әрекет етеді, күреседі, ал жаман адам түңіліп, соны ойлай береді деген мағынаға келеді. Асыл дініміз өткен іске «қайырлысы» деп, яғни «мен үшін қайырлысы осы шығар» деп пайымдап, сабыр етуді, өткенді ойлап түңілмей алға ілгерілеуді, Аллаһу та’алаға тәуәккүл етуді бұйырады. (Тәуәккүл ету: себептерді орындағаннан кейін нәтижесін Аллаһу та’алаға тапсыру деген сөз).
Имам Ғазали хазреттері «Ихия» атты кітабында Мәсруқ бин Әл-Әжда хазреттен былай нақл келтіреді:
«Шөлде өмір сүретін бір бәдәуидің (көшпендінің) бір қашыры, бір әтеші және бір иті болған екен. Әтеш таң намазына оятады екен, иті үй күзетеді, ал қашырымен суын, керек-жарағын тасып күнелтеді екен. Бұл бәдәуи тәуәккүл иесі екен, яғни барлық нәрсені жақсыға жоритын, барлық нәрседен қайырын күтетін адам екен. Бір күні әтешін түлкі тартып кетеді. «Бәлкім, біз үшін қайыры осы шығар» деп ұйғарады. Ертеңіне қашырын қасқыр жеп кетеді. Бала-шағасы ренжігенмен отағасы тағы да «біз үшін қайырлысы осы шығар» дейді. Тағы бір күннен кейін иті өледі. Бұл жолы да «қайырлысы осы шығар» деп түйіндейді. Бір күні таңертеігісін айналадағы көршілерін қарақшылар тұтқынға (құлдыққа сатуға) алып кеткендігін көреді. Өйткені қарақшылар түнде қараңғыда мал-жануарларының даусынан үйлерді тапқан екен. Ал бұлардың жануары болмағандықтан үйін көрмеген екен. Демек бұлар үшін жануарларының өлімі қайырлы болған екен».
Аллаһу та’аланың мейірімі мен ихсандарын білетін, оған тәуәккүл ететін адам, Оның жазғанына разы болады. Аллаху та’аланың беруі секілді алуында да қайыр бар. Бергенінде «қайырлы болды» деп қуанатындар, алғанында да «қайырлысы» деп айта алуы тиіс.
Хазреті Омар: «Ертең кедей, мұқтаж боп қалатын болсам, еш ренжімеймін. Өйткені қай бірінің мен үшін қайырлы болатынын білмеймін» деген екен.
Қандай жағдай болмасын, үмітсіздікке, күйзеліске түспей, еңсені түсірмей алға ілгерілеуге тырысу қажет. Және жағдайдың болымды, жақсы тарапын көруге, жақсы сөйлеуге тырысқан жөн. Аталарымыздың: «Жақсы сөз - жарым ырыс», «Көңіл жақсы болғаны - өмір жақсы болғаны» деген даналық сөздері бар. Яғни көңіл-күйі, ойы жақсы адамның өмірі жақсы болады дегенге ишара бар. Жаман нәрселерді ойлап күйзеле беру ешқандай пайда әкелмейді. Керісінше зиян келтіреді. Ал жақсы айтып, жақсыға жорудың және жақсы нәрселерді ойлаудың пайдасы орасан зор.
Иса алейһиссалам хауарилерімен бір жерден өтіп бара жатқанда, жолда иттің өлексесі жатады. Сасып жатқандықтан хауарилердің бәрі мұрнын жауып, жиіркеніп өтеді. Иса алейһиссалам болса: «тістері неткен аппақ екен»,- деп айтып өтеді. Яғни оқиғаның жақсы тарапын көреді.
Адамдардың жағдайларға көзқарастың маңыздылығын Хазреті Мәулана: «Жағдайларға қалай қарайтын болсаң, солай қабылдайсың» деген екен. Ал жақсы ойлау тұрасында болса: «Ойлауың сөйлеуіңе, сөйлеуің әрекетіңе, ал әрекетің тағдырыңа өтеді. Жақсы ойла, жақсы өмір сүр» деген екен. Ал жаман ойлау, жаман жағын қарау туралы Хазреті Мәулана былай дейді: «Оқиғаны жаманға жору, уайымдау – адамды дерті жоқ кезінде де ауру етеді. Сондықтан оқиғаларға жақсы қырынан қара» деген екен.
Проблемаларды сылтау етіп, үмітсіздікке, бақытсыздыққа түспеу керек. Өмірдің келеңсіздіктері бітпесі анық. Бірі бітсе келесі шығады. Маңыздысы келеңсіздіктен қажетті сабақ алып, алдағы уақытта оны қайталамау, қауіп-қатерді ескере отырып, алға қадамды нық басу, қиындыққа төтеп беру және өмірге болымды көзқарас қалыптастыру, болымды сәттерді ұстауға тырысу...
Өміріндегі оқиғаларға болымды тұрғыдан қарай алатын адамдар айналасындағыларға сол ортаны жақсы қырынан көрсетіп, жақсы әсер етеді. Жағдайлар қаншалықты қиын болса да, жақсы қырынан жорып, болымсыздықтарды болымды халге келтіру асқан ерлік болып табылады.
Демек игі ойлайық, жақсы айтып, жақсыға жоруға тырысайық! Аллаһу та’ала жақсы күндерімізді арттырсын!