Хазреті Омар бір адам туралы мәлімет сұрағанда, бір сахаба:
- Мен білемін оны, жақсы адам,- дейді. Сонда хазреті Омар:
- Жақсы екенін қайдан білесің, бірге сапарға шықтыңдар ма?- дегенде, әлгі сахаба:
- Жоқ,- дейді.
- Әлде, бірге сауда-саттық жасаған бедіңдер?- дегенде тағы да:
- Жоқ,- деп жауап береді.
- Онда жақсы адам екенін қайдан білдің?.. Ары барса, сен оның мешітке келіп-кетіп жүргенін көргенсің, көз таныс болғандықтан жақсы деп ойлап тұрсың, солай ма?- дейді. Әлгі сахаба:
- Иә,- деп жауап береді.
- Демек, сен оны танымайсың, маған оны танитын адам керек,- деген екен.
Алаяқтар мен өтірікшілер қазір бар болғанындай, бұрындары да болған. Дінімізде аңқау болу, танымайтын адамға бет-алды сенгіш болу дұрыс болмағандай, суи-зан ету (өзге туралы күмәндану, жаман ойлау) да жақсы емес. Мұсылман – адал болады, алдамайды және алданбайды. Ғалымдарымыз алдану ақыл нұқсандығының, яғни ақымақтықтың белгісі деген.
Әлеуметтік желілер мен ғалатор ресурстарында кейінгі кезде кім шығарғаны белгісіз, дереккөзі жоқ әр түрлі ақпараттар тарауда. Мәселен бұрынғы жылдары айт намазда түсірілген бейнероликті таратып астына «Коронавирустан кейін 20 миллион қытайлық Ислам дінін қабылдаптымыс», Малайзияның премьер министрінің мешітте намаз оқыған бейнероликтің астына «Қытай премьер министрі Исламды қабылдаптымыс» деген сияқты жалған ақпараттар тарағанына көп болған жоқ. «Құран кәрімнен кірпік тауып, қайнатып ішсе ем болады екен» деген шындыққа жанаспайтын өсектер де көп тарады. Мұндай таралымдар дінді мазақ қылу, келеке ету мақсатында шығарылған да болуы мүмкін. Сондықтан арамниеттілердің ойыншығына айналудан сақ болып, анық-қанығын білместен келген ақпаратты дереу бөлісіп, таратып жіберуге асықпаған абзал.
Одан қалса, «темекі шегу, арақ ішу коронавирустың алдын алады екен» деген сияқты алып-қашпа әңгімелер тарағаны бар. Бір қызығы дәрігерлер мен ДДСҰ өкілдерінің темекі мен арақтың денсаулыққа кері әсер ететіндігін, әсіресе иммунитетті коронавирусқа қарсы төзімсіз халге келтіретіндігін айтқан ақпараттар мұншалықты көп тарай қойған жоқ.
Сонымен қатар таралымдар ішінде шындыққа жанаспайтын, халықты арандатушылыққа шақыратын, үрей туғызатын ақпараттар да аз емес. Мұндай жалған ақпарат таратушылар тиісті жазасын алып та жатыр. Қандай да бір дүбірлі ақпаратпен бөлісер алдында ресми деректерден растығын тексеріп, ал негізсіз таралымдарға мән бермеген жөн.
Жалған ақпарат тарататындар әдейілеп алауыздық, бүлік тудыру немесе адамдарға өзін көрсету, парақшасына лайк жинау, көрілім санын арттыру секілді әртүрлі мақсаттарды көздеуі мүмкін. Сондықтан ақпараттың ақ-қарасын ажыратпай сене беруден аулақ болу және бөлісерде мұның мәні мен мақсатын, жауапкершілігін сезіне отырып жолдаған дұрыс. Хазреті Әли: «Адам – айтпаған сөзінің иесі, ал айтқан сөзінің құлы»,- деген екен. Яғни, айтқан сөзімізден жауапкер екенімізді ұмытпайық.