Қанағат – жұмыс істемей, кездейсоқ алдынан шыққанды қолдану, басқа ештеңе іздемеу, жалқауланып отыру деген сөз емес. Қанағат еңбекпен, маңдай терімен тапқанына разы болу, өзгенің табысына сұқтанбау деген сөз. Біреудің көбірек табысқа қол жеткізгенін көргенде оны қызғанбау, ол сияқты көп еңбектену деген сөз. Қанағат – жақсы мінездің қайнары болуымен қатар, адамға тапшылық кезінде де бақытты қамтамасыз ететін берік қорған.
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Қанағат етуші ең көп шүкір еткендерден саналады.» (Ибн Мажа)
«Қияметте "Шүкір етушілер келсін!" деген үндеу шығады. Олар бір байрақ астында жәннатқа кіреді. Олар тапшылық пен молшылықта, барлық жағдайда Аллаһу та'алаға шүкір етушілер.» (И.Ғазали)
«Жұмыс істеп табыс көргендерді Аллаһу та'ала жақсы көреді.» (Бәйһақи)
Қанағат – жүйке жүйесі ауруларының алдын алатын, сыйыспаушылықты, дұшпандықты кетіретін, қоғамның реттілігін қамтамасыз ететін фактор. Қанағат Ислам дінінің әлемге таралуын, білім мен ғылым нышанын құрғызған. «Еңбектенген адам табысын алады» және «Әркім не істесе, соны көреді» мағынасындағы аяти карималар мен «Аллаһу та'ала жұмыс істеп, табыс көргендерді жақсы көреді» және Мүнауидегі «Аллаһу та'ала жұмыс істемейтін жастарды әлбетте жақсы көрмейді» сияқты түрлі хадис шәрифтер жұмыс істеп, дамуды, көркеюді әмір етуде.
Өзіңнен төмендерге қара
Адам нәпсіне бағынған сайын ешнәрсеге қанағаттанбайды, ешнәрсеге разы да болмайды, нақтырақ айтқанда, разы бола алмайды. Өйткені адамның нәпсі тәңір болуға ұмтылады. Өзімен тең дәрежелі адамдардың болуын да көтере алмайды. Сол үшін де қолдағы бар нәрсеге қанағат ете алмайды, көзі әрқашан өзгенің мал-мүлкі мен мансабында болады. Дүние-мүлік, мансап, лауазым тұрғысынан өзінен жоғарыларды көргенде көре алмаушылықтан жүйкесі жұқарады. Оларды қызғанып, жамандап, ғайбат етеді. Қателік артынан қателік жасайды. Өзінің де, өзгенің де жанына тыныштық бермейді. Ал негізінде пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деп бұйырған: «Дінде (дін істерінде) өзіңнен төмен болған адамға қарама, өйткені менменсініп өзіңді опат қыласың. Дін жағынан өзіңнен жоғары болған адамға қара, өйткені ол сенен де қайырлы. Дүние-мүлкі көп болған адамға қарама, Аллаһу та’аланың берген несібесіне наразылық еткен боласың. Азығын қиналып, маңдай термен тауып жүрген адамға қара, сонда Аллаһу та’аланың саған берген ниғметіне шүкір етесің.»
Дініміздің ғұламалары шәкірттеріне әрдайым мынадай насихат айтқан: “Дүние-мүлкі сендердікінен аз, жағдайы төмен болғандарға қараңдар. Сонда қолдарыңдағыға және осы жағдайларыңа шүкір етесіңдер. Ал ахирет үшін мұның терісін істеңдер. Ахирет үшін бейнеттеніп бергеніне шүкір етумен қатар одан да көбін тілеңдер. Ахиреті бізден жоғары, үстем болғандарға қарап, солар сияқты болуға тырысыңдар. Олар (ахиреті үстем болғандар) – Әһли сүннет ғұламалары. Осылай еткенде әрі өздеріңді менменсінуден құтқарып, тәкаппарлыққа түспейсіңдер, әрі дұрыс жолдағылардың ізімен жүрген боласыңдар.”