Ақмешіт үңгірі

Ақмешіт әулие үңгірі – Орталық Азиядағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Түркістан облысы (Шымкент қаласынан 80 шақырымдағы) Бәйдібек ауданында орналасқан. Қаратаудың етегіндегі, әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгір. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 м. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген аңыз айтылады.

 

 Тағы бір аңызда былай деседі:

Жаугершілік заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, соғысқа аттанған екен. Жолда сарбаздар нөсерлеп құйған жауыннан таң намазын оқи алмай қиналады. Сонда осы үңгірге кез болып, бәрі осы жерді паналап таң намазын оңай оқып алады. Сарбаздардың бірі: «Мына үңгірді “Есіркеп” немесе “Қойкелді” деп атайық» деп ұсыныс білдіреді. Бұған қол бастаған батыр бабамыз: «Жоқ, бұл жер киелі, берекелі мекен, он мың әскерден тұратын бізді де қойнауына сидырып, бәрімізге бірге намаз оқуға мүмкіндік берді. Іші де аппақ түсті ерекше мекен екен. Бұл жерді “Ақмешіт” деп атайық» деген екен.

 

Ақсақалдардың айтуынша үңгір бұрындары бұдан да үлкен болған. 1966 жылғы Ташкентте болған жер сілкінісінің әсерінен үңгірдің бір бөлігі опырылып, шөгіп кеткен деседі. Үңгір ішіндегі температура қысы-жазы бірқалыпты 15-20 градус жылылықты көрсетеді екен.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!