Расулуллаһ алейһиссалам сахабаларға: «Ауруларыңды садақамен емдеңдер. Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар. Өйткені бұлар барлық ауруды және бәлені қайтарады»,- дейді. Сол жерден өтіп бара жатқан бір насрани (христиан) осы хадис шәрифті естіп, малының қырықтан бір бөлігін зекет ретінде кедейлерге береді де: «Егер айтқандары рас болса, серіктестігімдегі мал-мүлкіме еш зиян келмес. Сол кезде мен де иман келтіріп мұсылман болармын. Егер айтқандары өтірік болса, онда мен Оны өлтіремін»,- деп пайымдайды. Сол арада Мысырға саудалау үшін тауарларын қосып жіберген керуеннен хат келеді. Хатта: «Қарақшылар жолымызды кесті. Мал-мүлкіміз бен түйелерімізді, қолымызда не болса, бәрін тонап кетті» деп жазылған болатын. Мұны оқып: «“Демек мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар” сөзі жалған болып шықты»,- деп ой түйеді. Артынша өзінің саудадағы серіктесінен хат келеді. Онда: «Мен керуеннен озып кеткен едім, түйеміздің аяғы жарақаттанып, бір мейманханада тұрақтап, тынығып қалуға тура келді. Ал керуен болса бізден әлдеқайда озып кетті. Алайда оларды қарақшылар тонап кетіпті. Мен сау-саламат елге оралып келе жатырмын. Алаңдайтын еш нәрсе жоқ»,- дейді. Мұны оқып: «Демек, ол хақ пайғамбар екен, айтқаны рас болды»,- деп пайғамбарымыздың алдына келіп, иман келтіріп, мұсылман болады.