Сөз тасу!

Сөз тасу – басқа адамдардың естімеуі керек болған сөздерді өзгелерге жеткізу деген сөз. Мысалы, бір жерде (Ахмет керең) деп айтылса, Ахмет керең болса да, болмаса да ол сөзді Ахметке барып айту, сөз тасу болып табылады. Сөз тасу – өте жаман мінез.  Хадис шәрифте: «Сөз тасыған адам жәннатқа кіре алмайды» делінген. Қабір азабының үштен бірі сөз тасу себебінен болады. Хазреті Мұса алейhиссаламның заманында құрғақшылық болады. Қанша рет Аллаhу та’аладан жаңбыр тілеп дұға етсе де, дұғалары қабыл болмайды. Аллаhу та’ладан Мұса алейhиссаламға: «Араларыңда бір сөз тасушы бар. Ондай адам бар кезде дұғаларыңды қабыл етпеймін» деген хабар келеді. Мұса алейhиссалам: «Йа Раббым, ол адамды бізге білдір, арамыздан шығарайық»,- дейді. Аллаhу та’ла: «Ей Мұса! Мен сендерді араларыңда сөз тасудан тыя тұрып, қалайша өзім сөз тасимын?»- дейді. Одан кейін барлығы тәубе етеді және олардың дұғалары қабыл болады.

Басқалардан бізге сөз жеткізген адам, бізден де басқаларға сөз жеткізеді. Сондықтан сөз таситын адамнан сенімді болмау керек. Сөз тасу туралы хадис шәрифтерде былай делінеді: 

«Адамдардың арасында сөз таситын кісі адал адам емес».

«Ең жаман адам – араларыңда сөз таситын, араларыңды бұзатын және адамдарды бір-бірімен шағыстыратын адам». 

Сөз тасу - тек қана адамның айтқан сөзін басқаға жеткізу емес. Сонымен қатар, адамның естігенде ренжитін ісін айту да сөз тасуға жатады. Тек айтылуы діни тұрғыдан пайдалы болса немесе бір күнә істелуінің алды алынатын болса оны айтудың зияны жоқ.

Бір адам Омар бин Абдулазиз хазреттеріне біреудің сөзін жеткізеді. Сонда хазреті Омар бин Абдулазиз оған: «Абай бол, егер өтірік айтсаң, Құран кәрімде “Бұзық адамдардың сөзіне сенбеңдер” деген аятындағы бұзық адамдар қатарынан боласың, егер дұрыс айтсаң тағы да Құран кәрімде “Сөз тасыған адамдардың сөзін тыңдамаңдар!” делінгеніндей өсекшілер қатарынан боласың. Тәубе еткің келсе, кешіруім мүмкін» дейді. Сөз жеткізген адам тәубе етіп, бұдан соң сөз тасымайтын болады.

 

Қызметшінің кемшілігі

Хаммад бин Салеме хазреттері бір уағызында сөз тасудың зияны туралы әңгімелеп отырып, мына оқиғаны айтып береді:

Бір кісі үйіне қызметші жалдамақ болады. Ауылдан бір әйел табыла кетеді. Қандайда бір кемшілігі бар ма екен деп сұрастырғанында «ісі тиянақты, пысық әйел, бірақ адамдар арасында сөз таситын жаман әдеті бар» дегенді естиді. «Кемшілігі сөз тасу ғана болса, түк емес екен»,- деп оны жұмысқа қабылдайды. Арадан біраз уақыт өтіп сенімге кіргеннен кейін бір күні әлгі қызметші байдың әйеліне: «Күйеуің сені жақсы көрмейді. Сені тастап басқа қатынға кетпекші. Қаласаң сиқыр жасатайын, сонда күйеуің сені өмір бақи сүйіп өтеді. Ол үшін күйеуіңнің бірнеше тал сақалын әкеліп бер»,- дейді. Кейін күйеуіне барып: «Сен әйеліңе осыншалықты жағдайын жасап, аялап жүрсің, ал сенің әйеліңнің көзі сыртта. Сені өлтіріп, басқамен тұрмыс құрмақшы, сөйтіп сенің жиған тергеніңді екеуі жейтін болады»,- дейді. Күйеуі оған сенбей доғаруын айтып, ұрсып береді. Қызметші: «Маған сенбесең түнде ұйықтап жатқан сыңай танытып жат, өзің көресің»,- дейді. Отағасы қанша сенбегенімен күдігін сейілту мақсатында қаруын сайлап, ұйықтағансып жатып қалады. Қызметші дереу әйеліне барып: «Күйеуің ұйықтап жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып бірнеше тал сақалын қырқып әкел» дейді. Әйелі қолына ұстараны алып күйеуіне қарай келеді. Өтірік ұйықтап жатқан күйеуі қолына ұстара алып келе жатқан әйелін көргенде орнынан атып тұрып әйелін өлтіреді. Қызметші болса дереу әйелдің туыстарына жүгіріп, жағдайды басқаша баяндап береді. Осылайша екі отбасы, тіпті екі тайпа бір-біріне қол жұмсап, түбі үлкен жанжалға ұласады.

 

Алты нәрсе

Кензул Хафи кітабында Хазреті Халид бин Синан былай дейді:

Өсекті қабылдау, яғни өсекке сену – өсектің өзінен де жаман. Өйткені өсекті тыңдау оны растау, құптау деген сөз. Айтылған өсек рас болса да, адамның жасырын нәрсесін әшкерелеу, құрметін түсіру, намысымен ойнау деген нәрсе бар. Ал өтірік болса, өтірік пен жала жабу күнәсі бар. Саған қандай да бір адам келіп: «Пәленше сен туралы бүйдеді, мынадай жаман сөздер айтты»,- десе мұндай жағдайда мына алты нәрсені істеуің уәжіб болады:

1) Құптамауың керек. Яғни сөз тасыған адамның сөздерінің дұрыстығына сенбеуің керек. Өйткені нәммамның (өсекшінің) куәлігі Исламда қабыл етілмейді. Аллаһу та’ала Хужурат сүресінің 6-шы аятында : «Ей, иман келтіргендер. Егер сендерге бір пасық хабар жеткізсе, оның рас-өтірігін анықтаңдар. Әтпесе білмей бір қауымға кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» делінген.

2) Өсек жеткізген адамның бетін қайтаруың керек. Өйткені өсек тарату жаман іс. Аллаһу та’ала Али Имран сүресінің 110-шы аятында: «Ей, Мұхаммед алейһиссаламның үмбеті. Сендер адамзат үшін ең жақсы үмбетсіңдер! Жақсылықты үгіттеп, жамандықтан тиясыңдар!» делінген.

3) Өсек сөз тасып жеткізген адамды жақтырмау қажет. Өйткені ол қарсы шығушы және күнәһар. Ал күнәһарды жақтырмау уәжіп.

4) Сөз тасушының айтқанына еріп, қасыңда болмаған дін бауырың туралы суи зан етуші (жаман ойлаушы) болма. Өйткені мұсылманға суи зан ету харам. Міндетті түрде харамнан сақтану қажет.    

5) Өсекшінің сөзінің рас-өтірігін сұрастырмау қажет. Өйткені Аллаһ та’ала тәжәссусты, яғни адамның жасырын нәрселерін іздестіруге тыйым салған. Хужурат сүресінің 12-ші аятында: «Ей, мүминдер! «Ей иман келтіргендер, суизан етуден (біреу туралы жаман ойлаудан) өздеріңді сақтаңдар! Ойлаудың кейбірі күнә болады. Бір-біріңнің кемшілігіңді іздестірмеңдер» делінген.

6) Өсекшінің жасағанын сен жасама!

 

Ғайбат пен өсек

Ахмет бин Асым хазреттері «Ғайбат пен сөз тасу бір-біріне өте жақын. Екеуінің де түбі бір, екеуі де азғындық, шектен шығу болып табылады. Өйткені азғын болмаған адам мұндай төмен нәрселермен шұғылданбайды»,- деген.

Хасан Басри хазреттері насихат сұраған адамға: «Жақсылап ұғып ал. Саған біреу туралы өсектеп келген адам, ертең сен туралы да басқа біреуге өсектеп барады»,- дейді.

Қорыта айтқанда өсекшілік, яғни адамдар арасында сөз тасу жаман мінезден болып табылады. Өсек – адамдардың арасына от салады, араздастырады, отбасыларды ойран қылады, қоғамдарды қиратады. Сол себепті сөз тасып әкелген адамды тыңдамай, бетін қайтару, айтуына рұқсат бермеу керек және өсекке еріп шешім қабылдамау керек.

Сади Ширази хазреттерінің айтқанындай: «Дұшпаныңнан сөз тасып әкелген адам негізінде сол дұшпаныңнан да асқан дұшпан. Ей, сөз тасушы, дұшпанымның өзі осы жаман сөздерді бетіме айта алмай артымнан айтқан екен. Ал сен одан өткен дұшпан болмасаң, оның артымнан айтқан сөздерін келіп бетіме айтар ма едің? Сөз таситын адам ескі дұшпандықты жаңалайды, ескі өшпенділікті қайта жандандырады және ең момын, ең жуас адамның да ашуын қоздырып, фитнаға себеп болады. Ұрыс-керіс екі адамның арасындағы от секілді, ал сөз тасушы сол отқа отын салып алауын одан сайын өрбітетін өрт салушы, араңдатушы болып табылады».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!