Бір тентек бастаса, қырық адам соны қоштай кетеді. Моданың қысқаша анықтамасы осы шығар сірә. Кейде осы мода атаулыны біреу бастап беріп, артынша қарап, мазақ қылып күліп отыра ма екен, деген ой келеді...
Мода ма, әлде мата жетпей ме, киімдер күннен күнге тарылып, юбкалар мен шортылар күннен күнге қысқарып жатқандығын білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті, аязды күнде де бұтын жалаңаштап жүретіндер не ойлайды екен?! Ертең бала көтере алмай емхана іздеп жүрмесіне кім кепіл?!
Бұты жерге тиіп тұратын шалбарлар шықты. Кейін керісінше бұты тар, белдің жартысында ілініп, түсіп қалайын деп тұратын шалбарлар шықты. Мұндай шалбар кигендерге еңкеюге болмайды. Еңкейсе ұятқа қалады. Бәрін айт та, бірін айт, жыртық шалбар кию модасы бой көтергені бар емес пе?! Итке таланып, киімі жырым-жырым болған адамша көшеде жүрген қаншама адам бар. Бәлкім солай жылы жүретін шығар. Алдар көсенің шапанына ұқсап жел бір тесігінен кіріп, екінші тесігінен шығып кетеді, ғажап емес пе?!
Еркектер де шалбарын тырыстырып кигелі қай заман. Одан қалса қыздармен жарысып шаш өсіріп, қас теріп, боянатын еркектер де пайда болды. Қас демекші бұрындары әйелдерде қас теру модасы бар еді, ал қазір тату арқылы қалың қас салдыру модасы шыққан екен. Анау-мынау емес бармақтай келетін қалың қас салдырып, “энгри бөрдс” ойынындағы құстарға ұқсайтын әйелдерді көретін болдық. Табиғи өзінің қалың қастары барларға уәжіміз жоқ, бірақ мода екен деп лап беретіндерге “мұның не?” деп айтқың-ақ келеді. Бірақ айтсаң бәлеге қаласың...
Ерінді үйрекше түйіп селфиге (суретке) түсу мода болды. Жарайды түсе берсін, бірақ күніне мың рет селфиге түсу мода емес, емдеуді қажет ететін кесел екені де жарияланып үлгерді. Одан кейін қысқа кадрлы видеоға түсу модасы пайда болды. Жастар қала ма модадан? Күні-түні өзін фотоға, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіні толтыру мәреге айналды.
Осының бәрі бәлкім атың шықпаса жер өрте деген көзқарас па екен?! Әлде руханияты аш жандардың маған да бір көңіл аударыңдаршы деген жан айқайы ма екен?! Әдет-ғұрпын, дінін, ділін білсе, руханияты аш болмас, әдепке жат қылыққа бармас па еді?!
Дінімізде ұсқынсыздықты кетіру, қарапайым, көрнекті болу және шүкір ету, құдайдың берген ниғметтерін өз бойынан көрсету үшін мүмкіндік болса жақсы киімдер киюге кеңес беріледі. Адамдарға өзін көрсету, мақтану үшін, тәкаппарлану үшін болса, бұл дұрыс болмайды.
Мода қуалаймын деп ысырапқа салынатындар, қарызға бататындар да жеткілікті. Мұның қисынға да, дінге де жат қылық екені айтпаса да белгілі.
Жалпы киім түрлері, әдет-ғұрыптар заманға қарай өзгеруі мүмкін. Бұл қалыпты нәрсе. Бірақ киімде болсын, жүріс-тұрыста болсын әдеп қағидаларына, өз менталитетіңе, ұят, ар-намысқа, діннің шектеулеріне қарау керектігін ұмытпау керек. «Сын түзелмей мін түзелмес» демекші, ата-аналар, үлкендер жағы да осыны артымыздан ерген келер буынның санасына құйып, ақыл-кеңесін айта жүруді әдетке айналдыру керек.
Қысқасы киімде, жүріс-тұрыста әдептен аспауға мән беру керек. Өнімдерді модасына қарап емес, ыңғайлы, жарасымды болғанына қарап тұтынайық. Сонда ұятқа да, сөзге де қалмаспыз.