Адам баласы қандай да бір болған нәрсенің өзі үшін жақсы екен, әлде жаман екенін біле алмайды. Жақсы деп ойлаған нәрсесі өзі үшін жаман нәтижемен аяқталуы мүмкін. Сол сияқты жаман деп ойлаған нәрсесі өзі үшін жақсы, қайырлы болуы әбден мүмкін. Құран кәрімде Бақара сүресінің 216 аятында: «Ұнатпаған нәрселерің сендер үшін игілік, ал ұнатқан нәрселерің жамандық болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі» делінген.
Иманның алты шартының бірі – тағдырға, жақсылық та, жамандық та Аллаһтан екендігіне сену болып табылады. Мұсылман әрбір жақсылық та, жамандық та Аллаһтан деп біледі. Басымызға түскен әрбір іс Аллаһтан келгендіктен мұсылман ретінде бұған разылық көрсетуіміз керек. Өйткені мүминнің басына келетін әрбір іс оның қайырына делінген. Сондықтан «Болған істе қайыр бар», «Қайырлысы осы шығар», «Қайырлысы» деген сияқты сөздерді көп естиміз. Басымызға түскен әр жағдайда қаншалықты қиын, қаншалықты ауыр болмасын, бұған разы болу, яғни бұл сынақты сүрінбестен өту керек.
Пешенемізге жазылған нәрсе орындалады. Қиындық келгенде сабыр етпей жыланып, не жаздым деп шашын жұлғандар күнә жияды. Сабыр еткен адам көп ниғметтерге, көп сауаптарға қауышады. Хадис шәрифте: «Аллаһтың жақсы көрген адамдар бәлеге душар болады. Сабыр еткендері марапатқа, ал шағымданып, жыланғандар жазаға қауышады» делінген. (И. Ахмед)
Ең үлкен байлық – қанағат болып табылады. мал-мүліктің көп болуы кей адамның игілігіне себеп, ал кей адамның кері кетуіне, жамандығына себеп болуы мүмкін. Хазреті Омар: «Ертең кедей, мұқтаж болып қалсам еш ренжімеймін. Бай болуды да ойламаймын. Өйткені қай бірінің мен үшін қайырлы болатынын білмеймін» деген екен. Дұға еткенде не нәрсе сұрасақ та қайырлысын бере гөр деп тілеу керек.
Бәлеге айналған байлық
Мұса алейһиссалам Тури Сина тауына бара жатқанында бір кедей «Йа, Аллаһтың пайғамбары, мен мына кедейлік халіме шыдай алмаспын. Дұға етші, Хақ та’ала маған көп мал-мүлік, байлық берсін» дейді. Мұса алейһиссалам «Қайырлысын бер деп сұра!» дегенде «Жоқ, мен бай болсам болды, сен дұға етші, мен бай болғым келеді» деп жалына береді. Мұса алейһиссалам дұға еткенінде Хақ та’ала Мұса алейһиссаламның құрметіне дұғасын қабыл етеді. Біршама уақыт өткен соң тәртіп сақшыларының әлгі кісіні өлім жазасына алып бара жатқандығын көреді. Не болғанын сұрағанда «Бұл кісі кедей еді, аз уақытта байлыққа кенелді. Бірақ байлықты көтере алмады. Бұзылып, азғындап кетті. Байлығына сеніп есіріп кеткені соншалық, біреуді өлтіріп қойды. Енді өлім жазасына әкетіп барамыз» дейді.
Шүкірін орындай алмайтын мал-мүлік
Дәл осыған ұқсас оқиға пайғамбарымыздың заманында да өткен. Расулуллаһ алейһиссалам барлық нәрсенің қайырлысын сұрау керектігін көп айтатын еді. Бір күні Салебе бин Хатиб пайғамбарымыздың құзырына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Мал-мүлкімнің көп болуы үшін маған дұға етіңізші» дейді. Расулуллаһ: «Ей, Салебе, шүкірін орындай алатын аз мал, шүкірін орындай алмайтын көп малдан да қайырлы» деп жауап береді. Яғни «сен үшін осы жағдайың жақсы» демек болды. Бірақ Салебе «Йа, расулаллаһ, дұға етіңізші, Аллаһу та’ала маған көп мал-мүлік берсін. Сізді хақ пайғамбар қылып жіберген Аллаһу та’алаға мал-мүлкіммен құлшылық қылайын» дейді. Пайғамбарымыз тағы да, ол үшін осы жағдайы қайырлы екендігін айтады. Бірақ Салебе «Йа, Расулаллаһ! Сонда да дұға етіңізші, Аллаһу та’ала маған көп мал берсін!» деп жалынып қоймайды. Пайғамбарымыз «Йа, Аллаһым! Салебені көп мал беріп ризықтандыр!» деп дұға етеді. Салебе бірнеше қой сатып алады. Аллаһу та’ала ихсанын, мейірін жаудырғаны соншалық, әрбір қойы егізден төлдеп, жылдам көбейе береді. Тіпті Мәдинаға симайтын халге келеді. Қойларын алып қаланың сыртына шығады. Мешітке күндіз келіп, кешкі намаздарға келмейтін болады. Біраз уақыттан соң малдары тағы көбейе түсіп, одан да ұзаққа барып қоныстанады. Бұдан былай тек жұма намазына ғана келетін болды. Қойлары одан да көбейгенде мешітке, жамағатқа тіптен келмейтін болды. Пайғамбарымыз ұзақ уақыттан бері Салебені көрмегендіктен сахабаларынан оның хал-жағдайын сұрағанда сахабалар «Малы көбейгендіктен келе алмай жатқандығын» айтады. Сонда расулуллаһ «Салебе бин Хатибке обал болыпты» дейді. Біраз уақыттан кейін Аллаһу та’ала байларға зекет беруді парыз қылады. Расулуллаһ байлардан зекет жинау үшін екі адамды міндеттейді. Салебеге және Бәни Сүләйм тайпасындағы бір бай кісіге барып зекеттерін алуды бұйырады. Салебеге барғанда расулуллаһтың жазған хатын көре тұра «Мыналарың хараж (ауыр салық) ғой. Сендер әзірше басқалардан жинай беріңдер, сосын келерсіңдер» дейді. Барған сахабалар пайғамбарымыздың әмірін көре тұра Салебенің зекет бергісі келмегенін түсіне алмай, оның бұл ісіне көңілдері қалады. Қайтар жолда қайта соғуға бел байлап әрі қарай кетеді. Сүләйм тайпасына келіп, ол жердегі кісі зекет әмрін естігенде бұл хабарды қуанышпен қарсы алады. Түйелерінің ең жақсыларын береді. Келген екі сахаба негізінде саған парыз болған зекет мөлшері бұдан аз деген еді. «Бола берсін, малдарымның ең жақсыларын артығымен беру арқылы Аллаһу та’аланың разылығына қауышайын» дейді. Кейін бұл екі сахаба Салебеге қайта келеді. Салебе жақтырмаған кейіппен «Хатты тағы көрсетіңдерші» дейді. Хатты тағы бір қарап шығып: «Бұл хараж, сендер бара беріңдер мен ойланайын» дейді. Екі сахаба Мәдинаға жетіп, пайғамбарымыздың құзырына келгендерінде бұл екеуі сөзге бастамай тұрып пайғамбарымыз «Салебе бин Хатибқа обал болды» дейді. Ал Сүләйм тайпасындағы зекетін берген бай кісіге береке тілеп көп дұға етті. Аллаһу та’ала Тәубе сүресінің 75, 76 аяттарында «Олардан кейбіреулері Аллаһқа уәде берген еді. Егер бізге мейірім етіп, ихсандарын жаудырса, міндетті түрде зекетін береміз, салихтерден боламыз деген еді. Аллаһу та’ала ихсандарын жаудырған кезде сараңдық етіп, беттерін кері бұрды» делінді. Салебенің тайпасы мұны естігенде «Құрыдың, Аллаһу та’ала саған қатысты аят жіберді» деп мұны Салебеге жеткізеді. Салебе пайғамбарымыздың алдына келіп, малдарымның зекетін әкелдім, қабыл етіңіз» дейді. Сонда Расулуллаһ «Аллаһу та’ала сенің зекетіңді алуға тыйым салды» дейді. Кейін «Сен мұны өзіңе өзің тілеп алдың. Мен сені ескерткен едім, сөзімді тыңдамадың» деді де зекетін алмады. Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін Салебе зекетін хазреті Әбу Бәкірге алып келеді. Хазреті Әбу Бәкір «Мен расулуллаһтың қабыл етпеген нәрсесін қалайша қабыл етемін» деп ол да зекетін алмады. Одан кейін хазреті Омарға алып келеді. Ол да қабыл алмайды. Пайғамбарымыздың қайырлысын сұра, өкіректеме деген сөзіне құлақ аспағандығы өзін осындай мүшкіл жағдайға түсірді.
Бұл оқиғалар байлық жаман екендігін көрсетпейді әрине. Бұл кей адамдардың байлық сынағын көтере алмайтындығын көрсетуде. Дүние мүлкін игі істерге, жақсылықтарға, Аллаһтың разы болған жолда қолдану үлкен ниғмет болып табылады.
Жәннатты сатып алды
Бір күні өте кедей бір кісі Мұса алейһиссаламға: «Йа Мұса, жылдар бойы ғибадат етудемін, бірақ кедейліктен өлуге айналдым. Аллаһу та'алаға дұға ет, маған көп мал-мүлік берсін. Жағдайымды түзеп алайын» дейді. Мұса алейһиссалам Тур тауына барып Аллаһу та'алаға дұға етеді. Аллаһу та'ала: «Ол құлымнан сұра! Байлықты дүниеде берейін бе, ахиретте ме?» дейді. Мұса алейһиссалам кедейге келіп сұрайды. Кедей: «Мен байлықты дүниеде қалаймын» деп жауап береді. Мұса алейһиссалам: «Үш күндік дүниені не қыласың? Бір күні барлығын тастап кетесің ғой. Сен байлықты ахиретте сұра, ол жақ мәңгілік» деп кеңес береді. Кедей: «Таңдау маған берілді, мен дүниеде қалаймын» дейді. Мұса алейһиссалам кедейге: «Өзің білесің» деп, Тур тауына барып Аллаһқа: «Йа Раббым, Өзің білетініңдей ол құлың байлықты дүниеде қалады» дейді. Аллаһу та'ала: «Қалауы осы болса, байлықты дүниеде бердім» дейді.
Кедей аз уақыттың ішінде өте бай болады, ақшасы сансыз көп болады. Ақшаларын үнемі жақсы нәрселерге жұмсайды. Ақшасын таратқан сайын арта береді. Қаншалықты көп берсе, соншалықты көп ақшасы болады. Қай жерде кедей адам болса, соған барып көмектеседі. Қай жерде қарызға батқан адам болса, барып оның қарыздарын төлейді. Жетімдерге қамқорлық жасайды. Оларды қуантады. Үйі болмағандарға үй әпереді, үйленгендерге көмектеседі. Өзіне ешнәрсе жаратпайды. Бар мүлкін өзгелерге таратады.
Уақыты келіп, бір күні ол адам қайтыс болады. Мұса алейһиссалам түсінде оны жаннатта зәулім сарайлардың ішінде көреді. Қызығып, мұның хикметін сұрайды: «Йа Раббым, бұл құлың байлықты дүниеде қалады, сен бердің. Ахиретте зәулім үйлерге қалай ие болды?» Аллаһу та'ала былай дейді: «Иә, ол байлықты дүниеде қалады, мен бердім. Бұл сарайларды ол сол байлығымен сатып алды. Менің берген барлық ақшамды ол осы жерге жұмсады. Ол дүниеде зәулім сарайлар сатып алған жоқ, дүниеде мал-мүлік иесі болмады. Оған берген барлық мүмкіншіліктерді менің разылығым үшін, менің құлдарыма, менің сүйгендеріме таратты, (осылайша) жаннат пен зәулім сарайларға қол жеткізді».
Маңызды қасиет
Хадис шәрифте: «Аллаһу таала былай деген: Мен менің жазған тағдырыма разы болған адамнан разымын. Разы болмаған адамнан разы емеспін, оған ашуымды түсіремін» делінген. Көріп тұрғанымыздай жасалатын іс Аллаһу та’аланың маңдайға жазғанынан разы болу. Оның жіберген қиыншылықтарына сабыр ету шарт болып табылады. Пайғамбарымыз хадис шәрифте былай дейді: «Аллаһу таала былай бұйырды: Дене мүшесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бір қиыншылық келгенде сабри жәмилмен қарсы алса (яғни жақсы сабыр етсе) қияметте одан есеп сұрауға ұяламын». Жақсы сабыр ету – келген бәлеге cабыр етіп, разы болып, оны адамдарға айтып шағымданбау. Жақсы сабыр еткен адам дүниеде де, ахиретте де бақытқа қауышады. Ал адамдарға дертін айтып жыланып, шағымдана беретіндер сауаптардан махрұм қалады. Хадис шәрифте «Дертін адамдарға айтатын адам сабыр еткен болмайды» делінді.
Шағымданбау ниетімен айту жаиз (рұқсат) болса да жақсы емес. Қиыншылықты кетіре алатын, мәселені шеше алатын адамға дертін айту жаиз (рұқсат). Мысалы дәрігерге ауруын айту жаиз. Бірақ әркімге ауруын айтып жылана беру дұрыс емес.
Көп ғибадат ететін, ғұлама бір кісі түсінде «Сенің жаннаттағы көршің пәлен жердегі қойшы» дегенді естиді. Ғұлама әлгі қойшыны тауып, үш күн үйінде қонақ болады. Данышпан түндері ұйқысын бөліп ғибадат етіп жатқанда қойшы ұйықтап жатады. Асып бара жатқан ғибадаты жоқ. Бес уақыт намазынан артықша жасап жатқан құлшылығын көрмейді. Қойшыдан:
- Сенің ғибадатың осы ғана ма?- деп сұрайды. Қойшы:
- Иә, осы ғана,-дейді. Ғұлама:
- Жақсылап ойлан, бәлкім бұдан өзге бір жақсы қасиетің бар шығар,-дейді.
- Менің бар ғибадатым осы ғана. Тек кішігірім бір қасиетім бар. Келеңсіздікке, қиын жағдайға душар болғанда, жазмышқа разы боламын, ешкімге шағымданып, мұңымды шақпаймын,- деген екен. Сонда ғұлама:
- Сен мұны кішігірім қасиет деп тұрмысың? Небір жігіттің сұлтандарында жоқ қасиет қой бұл,- деген екен.
Қиындықтың себептері
Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Кімде мына үш нәрсе бар болса, дүние мен ахиреттің қайырына қауышты деген сөз: Тағдырға разылық, бәлеге сабыр, рахаттықта дұға.» (Дәйләми)
Қиыншылық болмаса адамдар азғыра бастайды, құтыра бастайды. Қиыншылық келсе ең болмағанда «Йа Аллаһ құтқара гөр» деп дұға етіп, жалбарына бастайды. Хазреті Сәйфәддини Фаруқи: «Егер Аллаһу та’ала құлдарына ешқандай дерт, қиыншылық бермегенде немесе өте аз бергенде адамдар оған ғибадат етуден және Оны зікір етуден ғапыл болар еді... Жақсылап ойланылатын болса, дерт пен қиыншылықтар негізінде ниғмет екендігі, Аллаһу та’алаға жақындататын себеп екендіктері аңғарылады» деген.
Аллаһу та’ала мейірім еткен құлдарына дерт, қиыншылық жіберу арқылы ғафлеттен ояндырады. Өйткені адамның денсаулығы үнемі жақсы болуы Аллаһу та’аланы ұмытуға, Оған қарсы шығуға, харам істеуге себеп болуда. Сондықтан хадис шәрифте: «Мұсылмандарда мына үш нәрсенің бірі болады: Қиллет яғни кедейшілік, иллет яғни ауру, зиллет яғни абыройсыздық» делінген.
Мұса алейһиссаламның заманында өмір сүрген Перғауын адамдардың өзіне табынуын қалауына 400 жыл өмір сүруі және осы мерзім ішінде бірде-бір рет басының ауырмауы, ыстығының (температурасы) көтерілмеуі себепші болған. Бір рет басы ауырғанда мұндай озбырлық ойына да келмес еді. Сондықтан дін ұлылары: «Мұсылманға қырық күн ішінде міндетті түрде бір реніш, ауру, қорқыныш немесе мал-мүлкіне зиян келеді.» деген.
Дерт, бәле, қиыншылықтар – күнәларға кәффарат болып табылады. Яғни күнәлардың кешіріміне себепші болады. Құран кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Аллаһ көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды.» (Шұра 30)
Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша, ақыретке қалдырмай, күнәміздің жазасын осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ақыреттегіден жеңіл.
Біз үшін қайырлысы осы шығар
Мәсрук бин Әжда хазреттері мына ғибратты оқиғаны нақл етеді:
Шөлде өмір сүретін бір бәдәуидің (көшпенді) бір иті, бір әтеші және бір қашыры болған екен. Әтеш таң намазына оятып, иті үйді күзетіп, ал қашырмен су тасиды екен. Бұл бәдәуи тәуәккүл иесі және барлық нәрсені қайырға жоратын адам екен. Бір күні әтешін түлкі тартып кетеді. Отбасы бұған ренжігенмен өзі «Бәлкім біз үшін қайырлысы осы шығар» дейді. Біраз уақыттан соң қашырларын қасқыр жеп кетеді. Бала-шағасы ренжігенмен өзі тағы да «Бәлкім біз үшін қайырлысы осы шығар» дейді. Одан кейін иттері өледі. Әлгі кісі тағы «Біз үшін қайырлысы осы шығар» деп жориды. Бір күні таңертеңгісін айналадағы үйлерді түнде қарақшылар тонап, адамдарды құлдыққа алып кеткендігін көреді. Өйткені түнде малдарының даусынан әрбірінің үйлерін оңай тапқан көрінеді. Алайда бұлардың жануарлары болмағандықтан пәлекеттен аман қалады. Демек бұлар үшін қайырлы болғаны жануарларының өлімі болған екен. Аллаһу та’аланың жасырын мейірімі мен ихсандарын білген, Оған тәуәккүл еткен адам Оның ісінен әрдайым разы болады. Аллаһу та’аланың беруі де, алуы да қайырлы. Берген кезінде қайырлысы осы дей алғанымыздай, алғанында да қайырлысы осы дей алуымыз керек.
Әр нәрседе қайыр бар
Жоғарыда айтылғандай келеңсіздікке тап болғанда «қайырлысы осы шығар» деп Хақ та’аланың тағдырына разылық танытып, сабыр еткенде күнәлар кешіріліп, сауап жиналады. Сондай-ақ мұның денсаулық тұрғысынан да пайдасы бар. Қиындыққа, қайғылы жағдайға тап болғанда көп адамдар күйзеліске, стреске түсіп жатады. Күйзеліс болса денсаулыққа, жүйке жүйесіне орасан зор соққы беретіні белгілі. Аурулардың басым бөлігі күйзеліспен стрестен туындайды. Ал қиындықты «қайырлысы осы» деп қабылдап, өзін Хақ та’алаға тапсыратын болса, күйзеліс азаяды. Міне Аллаһу та’аланың әрбір ісінде хикметтер, пайдалар, ихсандар бар. Хадис шәрифте: «Аллаһу тааланың жаратқан, жіберген нәрселерінде қайыр бар» делінген. Ниғметке, жақсылыққа тап болғанда шүкір ету керек, келеңсіздікке, қиындыққа тап болғанда сабыр ету керек. Әр нәрседе қайыр бар деп қабылдау керек. Келеңсіздіктен күйзеліске түспей шығу керек. Сондай-ақ дұға еткенде не сұрасақ та қайырлысын бере гөр деп тілеу керек. Мына қалауым міндетті түрде болсын деп тілеу қауіпті.