Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу

Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындау және тыйым салған нәрселерінен арыну қаншалықты маңызды болса, адамдардың ақыларын жемеу және олармен жақсы қарым-қатынаста болу да соншалықты маңызды. Пайғамбарымыздың алейһиссалам бір хадис шәрифінде: «Ислам діні - Аллаһу та’аланың әмірлерін үстем тұту және оның жаратқан махлұқтарына мейірімді болу» делінген. Бұл хадис шәриф Аллаһу та’аланың және құлдарының ақыларын уақытылы өтеудің маңыздылғын білдіреді. Бұл екі ақыдан біреуіне ғана мән беру жеткіліксіз. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу үәжіп, Аллаһу та’аланың әмірі. Адамдармен көркем мінезді, әділетті мәміледе болып, жақсылық жасау керек, тек өзін ойламау керек.

Пайғамбарымыздан жақсы мінездің қандай болатыны сұралғанда: «Саған бермеген адамға беруің, саған келмеген адамға баруың, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің» деп жауап берген. Ислам ғұламаларынан болған Мұхаммед бин Ханафийа: «Адамдармен жақсы мәміледе болмаған адам ақылды емес» деген. Сүйікті пайғамбарымыз: «Қандай да бір мұсылманға құрмет көрсеткен адам Аллаһу та'лаға құрмет көрсеткен болады» деген.

Адамдар Ислам ғұламаларынан Юсуф бин Әсбаттан: «Кішіпейілді, қарапайым болудан мақсат не?» деп сұрағанда «Үйден шыққан кезде, кездестірген әр адамды өзіңнен жақсы деп білуің. Дін бауырыңмен жылы жүзді, жылы сөзді, сабырлы, ашық қолды мәміледе болуың, кешірімді болуың» деп жауап береді.

Ұлы әулиелерден болған Хасан Басри хазреттері былай дейді: «Кездескен адамның жасы сенен үлкен болса, “Бұл кісі менен үлкен болғаны үшін дінге көп қызмет еткен” деп ойла. Егер жасы сенен кіші болса, “Бұл әлі жас, мен одан көп күнә істегенмін, демек ол менен жақсы” деп ойлауың керек.»

Сүйікті пайғамбарымыз айтқан: «Мұсылман қарттарды құрметтеу, Аллаһу та’аланы құрметтеу», «Үлкендерге құрмет көрсетпеген, кішілерге мейірімді болмаған адам бізден емес»

Көркем мінез

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін көркем мінезді болу керек. Ислам – әдептілік және жақсы мінез діні. Пайғамбарымыз «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім» деген. Хадис шәрифтерде тағы былай делінеді:

«Жақсы мінезді болыңдар, көркем мінез жәннатқа кіргізеді. Жаман мінезден сақтаныңдар, ол тозаққа түсіреді.» (Ибн Лал)

«Мұсылман – мұсылмандарға қолымен де, тілімен де зиян бермейтін адам.» (Бұхари)

Бір кісі пайғамбарымызға келіп:

- Йа, Расулаллаһ! Маған насихат айтыңызшы,- деп өтінеді. Пайғамбарымыз:

- Қайда болсаң да Аллаһтан қорқ!- деп жауап береді.

- Тағы айтыңызшы йа, Расулаллаһ!

- Әр жамандық жасағаныңда артынша жақсылық жаса! Жақсылықтар күнәларды жояды!

- Тағы айтасыз ба?

- Адамдармен жақсы қарым-қатынаста бол! (Тирмизи)

 

Расулуллаһ алейһиссалам тағы «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманның кемелдігін де мінезбен және адамдарға пайдалы болумен теңеген. Мұсылман көркем мінезді және мейірімді болуы керек. Мұсылман адамдарға жақсылық жасайтын, қандай да бір мәселемен келгендерді тыңдайтын, қолынан келгенше оларға көмек беретін және ешкімді ренжітпейтін адам деген сөз.

 

Адамдармен жақсы мәміледе болудың бір жолы

Дін ғұламалары адамдармен жақсы мәміледе болудың жолдарын кітаптарында көрсетіп кеткен. Солардың бірі төмендегі хадис шәрифке жүгіну екенін атап өткен. Пайғамбарымыз хадис шәрифте былай дейді:

«Өзі үшін жақсы көретін нәрсені дін бауыры үшін жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды.» (Бұхари)

Яғни өзіміз үшін нені ұнатсақ, айналаға соны паш ету керек. Өзіміз үшін адамдардың қандай мәміледе болуын қаласақ, өзіміз де сондай мәміле жасауымыз қажет. Өзімізге ұнамайтын мәмілені өзгелерге де жасамау керек.

 

Қонаққа жақсы мәміле

Мұсылман адам досына, үйіне келген қонағына үйіндегі бар нәрсенің ең жақсысын береді, беруі тиіс. Бұл онсыз да дініміз арқылы біздің әдет-ғұрпымызға сіңген қасиет. Ал қонаққа жақсы мәміле жасамау болса, Аллаһу та’аланың ашуына себеп болады.

Күндердің бірінде басқа қалаға іс сапармен келген саудагер моншаға барады. Моншаның отын жағып, ішін жуып жүрген қызметшінің өзінің бұрынғы ұстазына ұқсайтынын байқайды. Ұстазы ауылдың зиялы, беделді адамы болатын. Сол ма, ол емес пе деп таңданып қарап тұрғанында ұстазы жанына келіп: «Балам қателесіп тұрған жоқсың, мен сенің ұстазыңмын. Неге мұндай күйге түскеніме таңданып тұрған шығарсың, айтып берейін, сен де оны басқаларға айта жүр ғибрат болсын» деп басынан өткендерді айтады: «Бір күні үйге қонақ келген болатын. Қонаққа балық тағамын ұсындым. Алайда оның алдына балықтың қылтығы көп бөлігін беріп, өзіме қылтығы аз бөлігін ажыраттым. Осы ісім Аллаһу та’аланың ашуына себеп болды. Осы күннен кейін жағдайым терісінен кетті. Нем бар болса, бәрінен айрылдым, ешнәрсем қалмады. Тіпті жан-тәнімен жақсы көретін шәкірттерім де мені жек көріп кетті. Бала-шағам мені тастап кетті. Еш жерден жұмыс таба алмадым. Дала кезіп жүріп, көріп тұрғаныңдай осы жұмыс маңдайыма бұйырды. Адамдарға мені айта жүр, ғибрат болсын және ешкім бұлай істемесін!» дейді.  

Бұл жерде айта кететін жәйт, қонақты үйдегі күнделікті тұтынып жүрген үйдегі бар тағамдардың жақсысымен күту абзал. Ысырыпшылық етіп, қарызданып шашылуға, қонақты ыңғайсыз жағдайға қалдыратындай әурешілікке салыну дұрыс болмайды.

 

Ешкімге жүк болмау

Ибрахим Хаққы хазреттері былай деген:

Аллаһу та'ала адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуымызды бұйырып, хадис құдсиде: «Жамандық жасағанға жақсылық жасаған, келмегенге өзі барған, алшақтағанға жақындаған, тағам ұсынбағанға тамақ берген адам – ең үстем болған адам. Кешірімді болыңдар, айыптарды жабыңдар, мейірімділік жасаңдар, сонда мейірімге қауышасыңдар! Адамдардың алдында жақсы мінезді болған пендені жақсы көремін және адамдарға да оны жақсы көргіземін» – деді.

Әһли хикмет ғұламалар былай дейді:

Жомарттық – адамның әшекейі. Кешірім – ең үлкен сый. Ізгі адам азға шүкір етеді, қадірсіз адам көпті де ұнатпайды. Ізгі адам сөзінде тұрады, сөзінде тұрмағандарды кешіреді. Адамдар келтірген қорлықтарға, қиыншылықтарға шыдайды, бірақ ешкім оған ренжімейді. Өзіңе айтылғанда разы болмайтын сөзді басқаларға айтпа! Өзгелердің сенімен қалай сөйлесуін қаласаң, сен де олармен солай сөйлес! Кешірім сұраған адамның кешірімін қабылда! Сені ренжіткендерді кешір, оған да жақсы мәміле таныт! Берген сөзіңде тұр, жасаған жақсылығыңды жасыр, міндетсінбе! Өзгеге шұңқыр қазған адам бұған өзі түседі. Халыққа сый-сияпат көрсеткен адам Хақтан сый-сияпат көреді. Саған сөз тасыған адам сенен де сөз жеткізеді. (М.Нама)

ӘһлиХикмет ғұламалар: «Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолы оларға жүк болмау, қиыншылық бермеу, ештеңе сұрамау, олардан келген қиыншылықтарға төзу» деген.

Пайғамбарымыз, сахабалар, әулиелер осындай еді. Ешкімге ауыртпалық түсірмейтін және адамдардан келетін қиыншылыққа сабыр ететін. Хадис шәрифте: «Салихтер, жақсылар өзгеге қиыншылық бермейді, өзгені әуреге салмайды» делінген. (Дара Құтни)

Хазреті Әбу Бәкір түйеде кетіп бара жатып қамшысы жерге түскенде, өзі жерге түсіп қамшысын алады. Ол жердегілер (төменде жерде тұрғандар) «Бізге айтпадыңыз ба, алып берер едік қой» дегенде «Пайғамбарымыз халықтан ешнәрсе сұрама деген» деп жауап береді.

Яғни қанша жерден халифа болса да, қамшыны әперіп жіберу жердегі адамдар үшін болмашы іс бола тұра, ешкімге жүк болмау үшін өзі түсіп алатын. Ал түйеден түсіп, қайта міну оңай емес еді.  

 

Жақсылық жасау

Дін ұлылары ешкімге жүк болмаумен қатар адамдардан келетін қиыншылықтарға төзетін, тіпті жамандыққа жақсылықпен жауап беретін. Бір күні Сахабалар хазреті Әлидің мәртебесін білу үшін пайғамбарымыздан:

- Йа, Расулаллаһ! Хазреті Әлиге деген мұншалықты сүйіспеншілігіңіздің себебін айтасыз ба?- деп сұрайды. Пайғамбарымыз:

- Олай болса, Әлиді шақырыңдар!- дейді. Біреуі Хазреті Әлиді шақыруға кетеді. Қалғандарынан пайғамбарымыз былай деп сұрайды:

- Бір адамға жақсылық жасасаңдар, ал ол адам сендерге жамандық жасаса, не істейсіңдер?

- Жақсылықпен жауап береміз.

- Қайталап жамандық жасаса, тағы жақсылық етесіңдер ме?

- Иә, Жақсылық етеміз.

- Сендерге үшінші рет жамандық етсе не істейсіңдер?- дейді пайғамбарымыз. Үшінші рет сұрағанында ешкім жауап бермеді. Үнсіз бастарын төмен қаратты. Хазреті Әли келгенде пайғамбарымыз одан да дәл осы сұрақтарды сұрады:

- Әли! Бір адамға жақсылық етсең, ол саған жамандық жасаса не істейсің?

- Жақсылық жасаймын,- деп жауап береді. Пайғамбарымыз жеті рет сұрағанында да осы жауапты алады.

-    Бәрібір жақсылық жасаймын йа, Расулуллаһ! Әуре болмаңыз, қанша сұрасаңыз да берер жауабым осы,- дейді. Сахабалар бұл жауапты естігеннен кейін қайран қалып пайғамбарымызға былай дейді:

- Йа, Расулуллаһ! Хазреті Әлиге неліктен мұншама сүйіспеншілік артуыңыздың себебін енді түсіндік. Біз де оны қатты жақсы көреміз.

 

Екі шарт

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста бола алудың екі шарты бар:

1) Жақсы адам болу,

2) Адамдарды жақсы тану.

Бұл екі шартқа ие болған адам бәрімен жақсы араласады. Жақсы адам болу үшін дініміздің әмірлерін орындап, күнәлардан аулақ болу керек. Күнә деп тек материалдық тұрғыдағы амалдарды түсінетіндер көп. Мысалы жамандық жасау, ұрлық, зорлық зомбылық секілді. Сондай-ақ күнә болып табылаптын мінездер де бар. Мысалы тәкаппарлық, ужб, ғайбат айту, сөз тасу, сияқты мінездер де күнә болып табылады. Адам өзгелермен жақсы қарым қатынаста болу үішн, кәміл мұсылман бола алу үшін осы жаман мінездерден де арынуы қажет.

Кейбір адамдар «Сен менің жүріге қара, менің жүрегім таза» деп айтып жатады. Ал негізі жүрек тазалығы дегеніміз жүректің осындай жаман мінездерден, барлық күнәлардан тазаруы деген сөз. Яғни ол жүректе Аллаһу та’аланың разы болған амалдардан басқа нәрсе болмауы деген сөз. Ислам ғалымдары жүрек тазалығын сипаттағанда «мың жыл бойы күнә істеу үшін өзін мәжбүрлесе де ойына күнә істеу мүлдем келмеуі керек, яғни ойы амалға аспауы керек» деген.

Ал адамдарды жақсы тану үшін мыналарды білу керек:

Адамдар үш топқа бөлінеді: Бірінші топтағылар – азық сияқты, әрдайым қажет болады. Екінші топтағылар – дәрі сияқты, кейде ғана қажет болады. Үшінші топтағылар – ауру сияқты, ешкім оларды қаламайды, бірақ амалсыздан оларға ісі түсіп тұрады. Оларға дос сияқты көрініп, жақсы қарым-қатынас жасау керек.

Өзіне немесе басқаларға зияны тиер деген қауіппен жақсылықты бұйыру және харамға тыйым салу мүмкін болмаса, мұндай жағдайларда фитнаға (бүлікке) жол бермеу үшін үндемей қоя салуға "мүдара" делінеді. Мүдара – дінді немесе дүниені зияннан құтқару үшін дүниелік пайданы беру деген сөз. Көңілмен жақтырмай, харамға тыйым салуды қалаған болса да мүдара жасау жаиз болады. Тіпті садақа сауабы пайда болады. Бірақ ақылды адам жақсы қарым-қатынас жасайды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Жақсы қарым-қатынас жасау – ақылдың басы.» (Бәйһақи)

«Жақсы қарым-қатынас жасау – ақылдың жартысы.» (Дәйләми)

Мүдара жасағанда жылы сөзбен айту және күлімдеп сөйлеу керек. Бәрімен мүдара жасап сұхбаттасу керек. Яғни үнемі жылы сөз айту және күлімдеп жүру керек. Жақсы-жаман бәрімен кездескенде осындай болу керек. Бірақ жамандарға және адасушыларға мүдахана жасамау керек, олардың адасқан жолынан разы екен деген ой бермеу керек. (Хиндийа)

(Мүдара – Ислам дінінің сыртына шықпай көңілін аулау деген сөз. Мүдахана – біреудің көңілін аулағанда Ислам дінінің сыртына шығып, күнәға кіру деген сөз.)

«Жақсы қарым-қатынас жасау – ақылдың басы» хадис шәриф тек ақылды адамның ғана басқалармен жақсы қарым-қатынас жасай алатындығын білдіруде. (Бәйһақи)

 

Досқа, дұшпанға, жақсы-жаман әркімге жылы сөз және күлімдеген жүз таныту керек, фитна шығармау керек, дұшпандарды арттырмау керек. Адамдарға жасалатын ең пайдалы сый-сияпат, ең құнды сыйлық – жылы сөз бен күлімдеген жүз. Сиырға табынатындарды көргенде сиырға шөп беріп, дұшпандықтарына бөгет болу керек! Хафыз Ширазидің «Достарға дұрыстықты айту керек, дұшпандарды күлімдеген жүзбен және жылы сөз айтып  амалдау керек» сөзін пайдалану керек, кешірім сұрағандарды кешіру керек! Бәрінің алдында жақсы мінезді болу керек, жұмсақ сөйлеп, дөрекі сөйлемеу керек! Ешкіммен сөз тартыспау керек! Сөз тартысу – достықты азайтады, дұшпандықты арттырады.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Өзінікі дұрыс болса да сөз тартысуды тоқтатқан адамға жәннатта бір зәулім сарай беріледі.» (Табарани)

 

Өлмей тұрып өліңдер

«Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолы оларға жүк болмау, қиыншылық бермеу, ештеңе сұрамау, олардан келген қиыншылықтарға төзу» деп айтылған. Алайда мұны ауызбен айту оңай болғанымен бірақ іс жүзінде оңай тірлік емес. Мұның оңай жолы «Өлмей тұрып өліңдер» деген хадис шәрифке мойынсұну. Өлген адам өзгелерге қиыншылық бере ма, өзгеге жүк бола ма?.. әрине жоқ. Яғни Дүниеде сеніп, иман келтірген нәрселердің бәрі өлгеннен кейін көрінеді. Адам өліп ақиқаттарды көргенінде қандай жағдайда болатын болса, тірі кезінде қандай амалдар жасаған болып өтуін қалайтын болса, қазірден бастап соларды жасауы, өлімге дайындалуы, өлмей тұрып өлуі дегенді білдіреді. 

Отбасы ішіндегі келеңсіздіктер, әйелімен күндегі ұрыс-керіс, бітпей кеткен жанжалдан мезі болған бір жас жігіт медресеге келіп әулие, ғұлама болған ұстазына мұңын шертеді:

- Ұстаз, хадис шәрифте «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны», «Күйеуі разы болғанға дейін әйелдің намаздары және ешбір жақсылығы қабыл болмайды» делінген. Ал мен әйеліммен мүлдем тіл табыса алмай келемін. Менде де мінез бар, онда да мінез бар, мәмілеге келер түріміз жоқ. Күнәларымыз таудай боп жиналып қалған шығар. Оны да, өзімді де күнәға батыра бермей ажырассам қалай болады? - дейді. Ұстазы:

- Ажырасып қайтесің балам, болса да бір ай ішінде өлесің, одан да ахиретіңе қамданбаймысың,- деп жауап береді. Шәкірт, әулиелік кереметі мен даналығы мәлім, кәміл сенетін ұстазынан мұндай жауапты күтпеген болатын. Төбесінен мұздай су төгілгендей қалшиып, қайғыдан өксігі тамағына тақалған шәкірттің «жарайды» деп айтуға ғана шамасы келеді. Бір ай ішінде өлетінін білетін адам не істесін? Сол сәттен бастап күрт өзгереді. Күні-түні намаз оқып, тәубе-истиғфар жасап тек ғибадаттармен шұғылданады. Әйелінің мінезімен де, үйдегі басқа келеңсіздіктермен де шаруасы жоқ. Керісінше әйеліне әртүрлі сыйапаттар жасап, көңілін табуға тырысады. Әйелі де оның өлетінін естіген соң жаны ашып, оған барынша жылы мәміле жасайды. Сол күннен бастап үйде мүлдем кикілжің шықпайды. Екі жақ та бар ынтасымен бір-біріне ізет етіп, құрмет көрсеткен сайын ортада шынайы сыйластық, шынайы махаббат пайда болады. Ажал әні келеді, міне келеді деп күтіп жүргенде бір ай өтіп кетеді. Әлі де күте жүргенінде тағы бір ай өтеді. Содан медресеге келеді:

- Ұстаз, бір ай ішінде өлітініме ишара айтып едіңіз. Дайындаып күтіп жүрмін, алайда екі айға жобалап қалды, көргеніңіздей алдыңызда тұрмын,- дейді. Ұстазы:

- Үйдегі жанжал не болды, соны айтшы?

- Сол күннен бері жанжал болған жоқ.

- Бәрекелді! Жанжал болмайды әрине! Өйткені, жанжал екі тірі адамның арасында болады. Бірі өлсе жанжал тоқтайды. «Өлмей тұрып өліңдер» деген хадис шәрифтің мәні осы. Сен өлмей тұрып өлімге дайындалу арқылы берекеге қауыштың. Көргеніңдей екі жақтың бірі өлсе үйде тыныштық орнайды. Ал екеуі де өлсе шынайы махаббат орнайды,- дейді. Сосын сөзін былай жалғастырады:

- Мен саған әйтеуір бір ай ішінде өлесің деп айттым, бірақ қай айдың ішінде өлетіңіді айтқаным жоқ қой, қай айдың ішінде өлетініңді мен білмеймін, оны бір құдай біледі,-деген екен.   

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!