Отбасы ішіндегі келеңсіздіктер, әйелімен күндегі ұрыс-керіс, бітпей кеткен жанжалдан мезі болған бір жас жігіт медресеге келіп әулие, ғұлама болған ұстазына мұңын шертеді:
- Ұстаз, хадис шәрифте «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны», «Күйеуі разы болғанға дейін әйелдің намаздары және ешбір жақсылығы қабыл болмайды» делінген. Ал мен әйеліммен мүлдем тіл табыса алмай келемін. Менде де мінез бар, онда да мінез бар, мәмілеге келер түріміз жоқ. Күнәларымыз таудай боп жиналып қалған шығар. Оны да, өзімді де күнәға батыра бермей ажырассам қалай болады? - дейді. Ұстазы:
- Ажырасып қайтесің балам, болса да бір ай ішінде өлесің, одан да ахиретіңе қамданбаймысың,- деп жауап береді. Шәкірт, әулиелік кереметі мен даналығы мәлім, кәміл сенетін ұстазынан мұндай жауапты күтпеген болатын. Төбесінен мұздай су төгілгендей қалшиып, қайғыдан өксігі тамағына тақалған шәкірттің «жарайды» деп айтуға ғана шамасы келеді. Бір ай ішінде өлетінін білетін адам не істесін? Сол сәттен бастап күрт өзгереді. Күні-түні намаз оқып, тәубе-истиғфар жасап тек ғибадаттармен шұғылданады. Әйелінің мінезімен де, үйдегі басқа келеңсіздіктермен де шаруасы жоқ. Керісінше әйеліне әртүрлі сыйапаттар жасап, көңілін табуға тырысады. Әйелі де оның өлетінін естіген соң жаны ашып, оған барынша жылы мәміле жасайды. Сол күннен бастап үйде мүлдем кикілжің шықпайды. Екі жақ та бар ынтасымен бір-біріне ізет етіп, құрмет көрсеткен сайын ортада шынайы сыйластық, шынайы махаббат пайда болады. Ажал әні келеді, міне келеді деп күтіп жүргенде бір ай өтіп кетеді. Әлі де күте жүргенінде тағы бір ай өтеді. Содан медресеге келеді:
- Ұстаз, бір ай ішінде өлітініме ишара айтып едіңіз. Дайындаып күтіп жүрмін, алайда екі айға жобалап қалды, көргеніңіздей алдыңызда тұрмын,- дейді. Ұстазы:
- Үйдегі жанжал не болды, соны айтшы?
- Сол күннен бері жанжал болған жоқ.
- Бәрекелді! Жанжал болмайды әрине! Өйткені, жанжал екі тірі адамның арасында болады. Бірі өлсе жанжал тоқтайды. «Өлмей тұрып өліңдер» деген хадис шәрифтің мәні осы. Сен өлмей тұрып өлімге дайындалу арқылы берекеге қауыштың. Көргеніңдей екі жақтың бірі өлсе үйде тыныштық орнайды. Ал екеуі де өлсе шынайы махаббат орнайды,- дейді. Сосын сөзін былай жалғастырады:
- Мен саған әйтеуір бір ай ішінде өлесің деп айттым, бірақ қай айдың ішінде өлетіңіді айтқаным жоқ қой, қай айдың ішінде өлетініңді мен білмеймін, оны бір құдай біледі,-деген екен.