Исламның бес шартының төртіншісі – қасиетті рамазан айында толық бір ай ораза ұстау. Хазреті Салман Фарисидің риуаяты бойынша пайғамбарымыз шабан айының соңғы күнгі хұтбасында былай дейді:
- Ей, мұсылмандар! Ұлы әрі мүбәрак айдың көлеңкесі төбелеріңе жақындап келді. Бұл – ішінде мың айдан да қайырлы қадір түні бар ай. Аллаһу та'ала бұл айда күнде ораза тұтуды бұйырды. Бұл айдың түндерінде тарауих намазын оқу сүннет болып табылады.
Бұл айда Аллаһ үшін аз ғана жақсылық жасау басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Бұл айда жасалған бір парыз басқа айларда жасалатын жетпіс парыздай болады.
Бұл ай – сабыр айы. Сабыр еткен адамның барар жері – жәннат. Бұл ай – жәрдемдесу, бір-біріне жақсы мәміледе болу айы. Бұл айда мүміндердің ризығы артады. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Хақ та’ала оны тозақ отынан азат етеді. Ораза тұтқан адамның сауабындай оған да сауап беріледі».
Расулуллаһтың бұл хұтбасын тыңдаған сахабалар:
- Йа, Расулаллаһ! Кейбіреуіміздің бір адамға ауызашар беретіндей мүмкіндіктеріміз болмаса, осындай үлкен сауаптан махрұм қаламыз ба?- дегенде:
- Бір құрмамен ифтар (ауызашар) бергенге де, бір ғана сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге де, бұл сауап жазылады. Бұл айдың алғашқы күндері рақымдылық, ортасы кешірім және соңы тозақ отынан құтылу. Бұл айда қол астындағылардың (жұмысшы, қызметші, әскер, шәкірт) жұмысын жеңілдеткен, олардың ғибадат жасауларына жағдай жасаған басшыларды Аллаһу та’ала кешіріп, тозақ отынан сақтайды».
Пайғамбарымыз сөзін былай жалғастырды:
- Бұл айда төрт істі көбейтіңдер! Оның екеуін Аллаһу та’ала жақсы көреді. Олар кәлимаи шаһадат пен истиғфар айту. Ал қалған екеуі онсыз да сендерге міндетті. Аллаһу та’аладан жәннатқа кіргізуді және жаһаннам отынан сақтауды сұрау. Осы айда ораза ұстаған кісіге су берген адам қиямет күні шөлдемейді.»
Рамазан айында ораза ұстау үлкен ниғмет болып табылады. Бұл ниғметтен махрұм қалмау керек. Ораза ұстауды үлкен олжа деп білу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Рамазанда бір күн ораза тұтпаған адам, оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына қауыша алмайды.» (Тирмизи)
«Аллаһ разылығы үшін бір күн ораза тұтқан адамды Аллаһу та’ала, бір күндік ораза себебімен жаһаннам отынан 70 жылға алыстатады.» (Бұхари, Мүслим)
«Рамазанның басы рахмет (мейірім), ортасы мағфирет, ал соңы жаһаннамнан құтылу.» (Ибн Әбиддунйа)
«Ораза тұтқан мұсылманның үндемеуі тәсбих, ұйқысы ғибадат, дұғасы қабыл және амалының сауабы көп болады.» (Дәйләми)
«Әсіресе, ораза кезінде жиіркенішті, жаман сөз айтпаңдар. Егер біреу сендермен ұрысса, «мен оразамын» деп жауап беріңдер.» (Бұхари)
«Шынайы ораза тек жеп-ішуді ғана емес, бос және ұятсыз сөздерді де тәрк етіп тұтылған ораза.» (Хаким)
Оразаның парыздары
Оразаның үш парызы бар:
1- Ниет ету.
2- Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау.
3- Имсак уақытынан күн батқанға (ақшамға) дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу. (Имсак: Ауыз бекітетін уақыт)
Оразаға ниет
Рамазандағы оразаға ниеттің алғашқы уақыты күн батқаннан (ақшамнан) кейін басталады. Соңғы уақыты ертеңіне түскі намазға бір сағат қалғанға дейін.
Рамазандағы оразаға ниет еткенде ақшамнан имсак уақытына дейін «Аллаһ разылығы үшін ертең ораза тұтуға ниет еттім», имсактан кейін «Аллаһ разылығы үшін бүгін ораза тұтуға ниет еттім» деп айтылады. Жаңылысып қате айтылса да ораза тұтатын күні мәлім болғаны үшін зияны жоқ. Рамазанда бір айлық оразасы үшін жалпылама бір рет ниет етуге болмайды, әр күні үшін бөлек бөлек ниет ету парыз болып табылады.
Түнде жатарда тамақтанып немесе тамақтанбай ниет етсе, кейін түнде оянғанда, сәреге тұрғанда тамақтанудың зияны жоқ. Тіпті кешкі ас кезінде ертенгі оразаға ниет етіп қою жақсы болады. Ниеттен кейін имсак уақытына дейін ішіп-жеудің зияны жоқ.
Ауызашарда
Күн батқаны анық болғаннан кейін алдымен әузу-бисмиллә айтып: «Аллаһуммә йа уаси'әл-мағфираһ иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» дұғасы оқылады. «Кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет» деген мағынаны береді. Артынша «Йа Раббым, Сен үшін ораза тұттым және Сенің берген ниғметтерің мен оразамды ашқалы тұрмын. Мені, ата-анамды және барлық мұсылмандарды кешіре-гөр» деп айтып, мүмкін болса құрмамен немесе сүт яки сумен ауыз ашылады.
Бір-екі жұтымдық нәрсе жеген соң «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл ажр иншааллаһу таала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды. Бұл ауызашар дұғасының мағынасы: Аштық бітті. Тамырларымыздың сумен қауышу уақыты жетті. Иншааллаһ сауап жазылды.