Өте бай кісі өлімінің жақындағанын сезгенінде баласын жанына шақыртып: «Балам мені мазарға шұлығыммен бірге көміңдер!» деп өсиет айтады. Баласы сөздің мәнін түсінбегенімен жарайды деп қабыл етеді. Әкесі қолына тағы бір хат береді. «Мен өлгеннен кейін бірінші қиналған кезіңде хатты ашып оқы!» дейді.
Күндер өтіп ажалы келген әкесі жан тапсырады. Ал бұл кезде баласын бір ой мазалап жүреді. «Мен енді әкемді шұлығымен бірге қалай көмемін...» Қанша молдаға, имамға барса да алғаны бір жауап «жоқ, дінімізде ондай нәрсе болмайды!». Бала шарасыз отырғанда әкесінің «бірінші қиналған кезіңде ашып оқы» деп берген хаты есіне түседі. Дереу хатты тауып оқиды. Хатта былай жазылған болатын:
«Балам байқағаныңдай мен мұнша бай болсам да өзіммен бірге бір шұлықты да алып кете алмадым. Енді қалғанын өзің ойлан...»