Дінде реформа жасау – дінді бұзу деген сөз. Реформаға, яғни адамдар тарапынан өзгеріске ұшырайтын дін – дін болудан қалады. Имам Раббани хазреттері былай дейді: «Кейбіреулер дінге өзгеріс енгізу арқылы дінді түзетеміз деп ойлайды. Діннің кемшілігін толықтырамыз деп ойлайды. Ал негізінде дін нұқсан емес, кемшілікті емес. Құран кәрімде (Маида сүресі, 3 аят) «Бүгін сендер үшін діндеріңді кәміл еттім. Сендерге болған ниғметімді толықтырдым және сендерге дін ретінде Исламды берумен разы болдым» делінген. Дінді нұқсан деп ойлау осы аяти кәримаға сенбеушілік болады».
Ислам діні – барлық дәуірлерге сай, кәміл дін. Ешқандай реформаға қажеттілік жоқ. Француз жазушысы Роже Гароди Ислам дінін еш өзгермеген дін болғандықтан қабылдағанын айтады. «Неліктен Ислам дінін таңдадыңыз?» деген сұраққа былай деп жауап береді: «Ислам дәуірлерді арқалап келе жатқан дін. Ал басқа діндер болса, дәуірлердің соңынан жетектеліп келеді. Исламның сыртындағы барлық діндер заманға сәйкестендірілді. Реформаға ұшырады. Қасиетті кітаптары заманға қарай өзгертіліп тұрды. Құран кәрім болса түскен күнінен бері заманға үкім етті...»
Исламды заман талабына сай емес деген желеу айтып реформа жасауды көздейтіндер – әдейілеп немесе білместіктен Исламның құлдырауына ат салысуда деген сөз. Реформа жасауды көздейтіндерден – фиқһ кітаптарын қабыл етпеу, тікелей Құран кәрімнен үкім шығаруды дәріптеу секілді мазһабсыздыққа тән ортақ тұстарын көруге болады. Ал негізінде Құран кәрімнен шариғи, яғни нақыл жолымен емес, өз пікірінше үкім шығаруға ұрыну діннен шығуға себеп болады. Бәриқа кітабында былай делінеді: Кімде-кім Құран кәрімге өз пікірінше, өз көзқарасымен мағына беретін болса, берген мағынасы дұрыс болса да, шариғи жолдан шығармағандықтан қате еткен болады. Ал берген мағынасы қате болса кәпір болады. Хадис шәрифте: «Құран кәрімді өз көзқарасы (ақылы) бойынша тәфсирлеген адам кәпір болады» делінген. (Дәйлами, Мектубат Раббани)
Реформисттердің шектен шыққандығы соншалық намазды үш уақытқа қысқарту, қажылықты 12 айға бөліп тастау, құрбандық шалудың орнына ақшалай кедейлерге садақа беру, салық төлеп жатқандықтан зекет берудің қажеті жоқ деген сияқты ойына келген озбырлықтарды ұсынып жатқан тентектер көп. Әркім өз қысқа ақылымен үкім шығарып, тон пішетін болса, бұдан да бетер араңдатушылықтар шығары сөсіз...
Қорыта айтқанда реформа деп ұрандатып жүргендердің фиқһ кітаптарын, тіпті хадис шәрифтерді мойындамай, Құран кәрімді бұрмалау арқылы дінді бұзуды қалайтындар және мазһабсыздар екендігін көруге болады. Яғни мазһабтарды және мазһабтардың үкімдері жазылған фиқһ кітаптарын жоюды қалайтындар реформа жасауды үгіттеуде. Жаратылыстану ғылымдарында, технологияда жетілу, даму шарт, міндетті құбылыс. Ол белгілі нәрсе. Бірақ дін олай емес. Дін өзгермейді. Дін нақыл жолымен таралады. Нақыл – естіген немесе оқыған нәрсені келесі адамға өзгеріссіз жеткізу деген сөз. Нақыл жолымен келетін ілімдер, яғни дін ілімдері өте үстем ғылым болып табылады. Дін ілімдерді әһли сүннет ғалымдары сахабалардан, ал олар сүйікті пайғамбарымыздан (алейһиссалам) нақыл еткен, яғни бізге сол күйінде жеткізген. Дін ілімдерін ешкім, ешқашан өзгерте алмайды. «Дінде реформа болмайды» - деген сөздің мағынасы осы.