Орындықта намаз

Дінімізде түрегеп тұра алмайтын адам намазын жерге отырып оқиды. Тізерлеп отырып немесе аяқтарын молдас құрып немесе аяғын қыблаға қарай созып отырады. Бірақ аяқты төмен салбыратып орындықта отырып намаз оқуға болмайды, жаиз емес (рұқсат емес).

Соңғы кездері араб елдері және Түркия секілді елдерде мешітте орынықта отырып намаз оқу жаппай белең алып жатқан үрдіске айналуда. Тіпті орындыққа толы кейбір мешіттерден шіркеуді еске салатын көріністі байқауға болады. Бастапқыда қарапайым бір адамдық орындықпен басталып, кейіннен ұзын орындықтар, содан соң кей жерлерде арқасын сүйеп отыратын диван іспетті орындықтар қойылған “VIP” бөлімдер пайда бола бастады.

 

Ливанға барып келген бір кісі барған жеріндегі мешіттің тең жартысы дерлік орындыққа толы екенін, мешітке өз аяғымен жүріп келген адамдар орындыққа жайғаса кететіндерін байқап жаға ұстағанын айтады. Соңғы жылдары 1400 жыл бойы ислам тарихында болмаған жағдайдың куәсына айналудамыз. Сонда 14 ғасыр бойы мешітке орындық кіргізуге аталарымыздың ақылы жетпеген бе? Әлде бұл – арампиғылды діндұшпандарының исламды іштен бұзу стратегиялары жаһандық дәуірде жылдам жүріп жатқандығы ма?...

Осы сұраққа жауап іздеп мешітке орындық енгізуге байланысты деректерге көз жүгірткен болатынбыз. Төмендегі мәтіндерден арампиғылдылардың мешітке орындық енгізу жоспары XX ғасырдың басынан бастау алатынын көруге болады.   

Түркияда дінге қарсы саясат жүргізілген дәуірде, дінде реформаны үгіттеуші, дінтану саласының профессорсымақтарының 1928 жылы 20 тамызда жариялаған баяндамасынан қысқаша үзінді: «Өзге әлеуметтік құрылымдар секілді дінді де заманның ағымына қарай сәйкестендіру керек. Дін ескі негіздерге байланысты болмауы тиіс. Түрік демократиясында дін де қажетті мөлшерде жетілуі тиіс. Мешіттерге орындықтар орналастыру керек, ішке аяқкиіммен кіру керек, ғибадат тілі түрікше болуы тиіс, хұтбалар түрікше оқылуы керек. Мешітке сазды аспаптарды енгізу керек...» Осы аталғандар орындалатын болса, мешіттің шіркеуден қандай айырмашылығы қалады?... Осындай азулы пікірлерін енгізу үшін әртүрлі жолды қолданған көрінеді. Мәселен әлеуметтік желілерде тарап жүрген садақаның пайдасы туралы мақаланың арасынан, «мешітке орындық әкел, адамдар оған отырып намаз оқыған сайын сауап аласың» деген мәтінді қосып жібергенін байқауға болады. Түркияның діни басқармасы "Oрындықта отырып намаз оқуға болмайды" деп фәтуа шығарғанымен, бұрыннан тараған қате ақпараттар арқылы халық санасында қалыпты нәрседей сақталып қалғандықтан мешітте орындық мәселесінен осы күні құтыла алмай жүрген жайы бар.

Біздің елде мұндай жаппай көрініс әзірге жоқ, бірақ имам ағаларымыз түсіндірме жүргізіп алдын алмаса бұл індет бізге де келуі ғажап емес.       

 

Дін кітаптарында былай делінеді:

Тік тұра алмайтын немесе тұрса зиян көретін, басы айналатын адам парыздарды да отырып оқиды. Руку үшін иіледі. Сәжде үшін басын жерге қояды. Дуалға, таяққа, адамға сүйеніп аздап тұра алатын адамның тұрып тәкбір алып, аздаған уақыт тұрып оқуы парыз болып табылады. Сәжде үшін жерге иіле алмайтын науқас 25 см-ден биік болмайтындай қатты бір нәрсенің үстіне сәжде етеді. Маңдайында жарасы бар адам тек мұрнын тигізіп, мұрнында жарасы бар адам тек маңдайын тигізіп сәжде жасайды. Маңдайында да мұрнында да үзірі болып, басын жерге немесе қатты нәрсенің үстіне қоя алмайтын адам, түрегеп тұра алатын болса да намазын жерге отырып има-ишарамен оқиды. Яғни руку үшін кішкене иіледі, сәжде үшін рукудан төменірек иіледі. Сәжде үшін өзі немесе қасындағы біреу жерден бірнәрсені көтеріп, басын соған қоюы тахриман мәкрух болады.

Расулуллаһ алейһиссалам бір аурудың көңілін сұрап барады. Ол аурудың қолымен жастықты көтеріп, соған сәжде етіп жатқанын көрген кезде жастығын алып қойды. Ауру ағашты алып соның үстіне сәжде ете бастағанда, ағашты да алып қойды. Кейін: «Күшің жетсе жерге сәжде ет! Жерге иіле алмасаң, бір нәрсені көтеріп оған сәжде етпе! Има-ишарамен оқып, сәждеде рукудан төменірек иіл!» деп бұйырды. (Фатхул қадир, Мәрақил фәлах, Мәжмаул әнхур)

Денесіндегі бір үзір себебімен дұрыс отыра алмайтын адам, өзіне ыңғайланып отырады. Отыра алу үшін аяқтарын қыблаға қарата соза алады. Бір жанын жастыққа немесе басқа бір нәрсеге сүйеп отырса болады. Немесе құлап қалмауы үшін біреу ұстап тұрады. Биік нәрсенің үстінде (аяғын салбыратып) отырып ишарамен оқу жаиз емес (рұқсат емес).

(Орындықта (аяқты төмен салбыратып) отырып оқылған намаз қабыл болмайды. Өйткені орындықта отыру үшін ешқандай зарурат (қажеттілік) жоқ. Орындықта отыра алған адам жерде де отыра алады және жерде отыра алатын адамның жерде отырып оқуы керек. Намаздан кейін жерден тұра алмайтын, орындықтан оңай тұра алатын науқасты жерден қасындағы біреу тұрғызып жібереді. Немесе қыблаға қаратылған керуетте, аяқтарын салбыратпай отырып оқиды. Намаздан кейін аяғын бір жағына қарай түсіріп, орындықтан тұрғандай тұрып кетеді.)

Бір нәрсеге сүйеніп немесе біреудің ұстап тұруымен де жерде отыра алмайтын ауру, арқасымен (шалқасынан) жатып оқиды. Аяқтарын қыблаға қаратып созады. Басына жастық қояды. Жүзі қыблаға қарайды немесе қыблаға сол жағымен немесе оң жағымен жатады. Руку мен сәжделерді басымен има (ишара) етіп жасайды. Бұлай да има ете алмайтын ақыл-есі дұрыс науқас бір күннен көп намазын оқи алмаса, ешқайсысының қазасын өтемейді. Сәмәуи себеппен, яғни өз қолында болмай, өз еркінен тыс, мысалы, ауру-сырқатпен немесе есеңгіреп немесе сәжде және рәкат сандарын ұмытып қалатындай мең-зең болып, бес уақыттан көп намазын оқи алмаған адамның да жағдайы осылай болады, қазасын оқымайды. Алкоголдік ішімдік ішіп немесе дәрі қабылдап есеңгіреп оқи алмаған адамның намаздарының саны бірнеше күндік болса да, барлығын қаза етуі керек.

Аурудың төсекте немесе орындықта аяқтарын салбыратып отырып имамен (ишарамен) намаз оқуы жаиз емес. Ауру жерде немесе қыбла бағытына қаратып қойылған диванда қыблаға қарап отырып оқиды. Жерге отырғанда қайтып тұра алмайтын болса, орындық, кресло немесе төсек орнында отырып, аяқтарын кішірек үстелдің үстіне қойып, имамен оқиды. Сал болып, орындығынан түсіп міне алмайтын адам да мүмкіндік болса аяқтарын кішкене үстелдің үстіне қояды немесе қойдырады. Бұған да мүмкіндік болмаса, зарурат болғандықтан өз орындығында отырып оқуы жаиз болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!