Мұса алейһиссаламның заманында Бәни Исраил қауымынан бір жігіт өзінен басқа мұрагері болмаса да ашкөздік етіп бай болған әкесінің ағасын өлтіреді. Өлігін жасырын барып көрші ауылға тастап кетеді.
Ертеңіне байдың ауылдастары Мұса алейһиссаламға барып, байды көрші ауылдықтар өлтіргенін айтады. Олар "біз өлтірмедік" деп, мұны жоққа шығарғанында, Хақ та’ала бір сиыр сойып бір бөлшегімен мәйітті ұрса, өлі тіріліп кім өлтіргендігін айтатынын Мұса алейһиссаламға хабар берді.
Халық хазреті Мұсадан сойылатын сиырдың қандай сипатта болу керектігін сұрайды. Хазреті Мұсы сұралған әр сипатты оларға білдіреді. Құны үш алтын болғанымен, айтылған сипаттар тек бір ғана сиырда болғандықтан терісі толған алтын беріп бұл сиырды сатып алып сояды.
Сойылған сиырдың бір бөлшегімен өліні ұрғанда өлі тіріліп “Мені өлтірген бауырымның баласы” деп айтып қайтадан өледі. Адамдар қаныпезер жігітті ұстап өлтіреді. Осылай екі ауыл арасындағы жанжал тоқтайды.
Бұл оқиға Құран кәрімде Бақара сүресінің 67-73- аяттарында баяндалған. Соңғы аяттың жалғасында “Міне Аллаһ өлілерді осылай тірілтеді. Ойланып шындықты түсінулерің үшін сендерге көрсетеді” делінген.
Перғауындар дәуіріндегі Мысырда сиыр киелі деп саналған жануар еді. Қазіргі Үндістандағы сияқты олар да сиырға табынатын. Аллаһтан басқа нәрселерге табынуға болмайтынын көрсету және осындай қате сенімдерді жою мақсатымен Бәни Исраил қауымына осы муғжиза көрсетілген болатын.