(Тоқаев қолын Конституцияға қойып, ант беруде).
Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде ант қабылдады, деп жазады akparat.com сайты.
Астанада өткен парламенттің бірлескен отырысында Тоқаев президенттік өкілетті мойнына алып, ант қабылдады.
Жаңа президент:
– «Қазақстан халқына адал қызмет етуге;
– Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға;
– Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге;
– Қазақстан Республикасы президентінің (ред - Нұрсұлтан Назарбаевтың) өзіне жүктеген міндетін адал атқаруға» ант берді.
(Тоқаев ант қабылдап, ҚР Мемлекеттік Туын сүюде).
Ант қабылдаған Тоқаев Назарбаевты «саяси ұстазым» деп атады. Жаңа президент алғашқы жарлығында «Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы мен «Алтын қыран» орденін беру» жайлы шешім қабылдады әрі салтанатты түрде табыстады.
Одан бөлек:
– «Қазақстанның астанасын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді;
– Астанада Назарбаевқа арнап монумент орнатуды;
– Облыс орталықтарындағы басты көшелерге экс-президенттің атын беруді» ұсынды.
Парламент отырысынан кейін «Тоқаевтың жұмысынан не күтесіз?» деген журналист сұрағына депутат Нұртай Сабильянов:
«Жаңа президент Елбасының саясатын ары қарай жалғастырады деп ойлаймын. Бірінші: экономикалық дамуды қамтамасыз ету; халықтың әл-ауқатын жақсарту; елімізді ары қарай 30 дамыған мемлекеттер қатарына қосу» деп жауап берді.
«Өзіңізді «Нұрсұлтан» қаласының тұрғыны ретінде сезіне аласыз ба?» деген сауалға депутат Бекболат Тілеухан:
«Мен қашаннан бері өзімді «Нұрсұлтан» қаласының тұрғыны ретінде сезініп жүрмін. Бұл тарихи, өте әділ шешім» деген пікірімен бөлісті.
19 наурыз күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев орталық телеарналар арқылы «өз өкілеттігін тоқтататындығы» жайлы мәлемдеме жасады.
Дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.