Қазақстанды 30 жыл көлемінде басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды akparat.com сайты.
Бұл туралы экс-президент орталық телеарналар арқылы мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде:
«Мемлекетіміздің аса маңызды, тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл - оңай шешім емес» деді.
(Суретте: экс-президент Назарбаев және уақытша президент Тоқаев).
Келесі президенттік сайлауға дейін уақытша президентік міндетті Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады.
«Бұл - менің президент ретінде қол қойған соңғы жарлығым» деген Назарбаев уақытша президент жайлы «Тоқаев - ел басқаруға лайық адам» деген ойымен бөлісті.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 48-бабына сай уақытша президент міндетін сенат төрағасы атқарады. Ол мерзімінен бұрын орнын босатқан экс-президенттің басқару өкілеті аяқталған мерзімге дейін президент болады.
Қазақстан Заңына сәйкес сайлауда жеңіп шыққан кандидат 5 жыл президент қызметін атқарады. Қазақстанды 30 жыл көлемінде басқарған Назарбаев соңғы рет 2015 жылы президент болып сайланған. Тиісінше, келесі президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс.
Президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін» айтты.
Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері 5 рет президент сайлауы өтті (1991, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары). Аталмыш сайлаудың барлығында Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Авторы: Ильяс Сәрсенбай.