Туған күніңмен, ҚазҰУ!

Сауат ашу жылдарында ел жастары үшін бірден-бір керегі- сапалы мамандар даярлайтын жоғарғы оқу орындары еді. Елдің әлеуметтік деңгейінің төмендігіне қарамастан, ел астанасы - Верныйда 1934 жылдың   15-қаңтарында Қазақ Мемлекеттік Университеті құрылды. Ең алғаш студент даярлауға биология, физика-техника және химия факультеттері кірісіп-ақ кетті.

Соғыстан кейінгі жылдары университетте белгілі қазақ ғалымдары мен жазушыларының сабақ беруі- ғылым мен білім саласындағы әлеуетті жақсартты. Ғылым мектептерінің тізгінін ұстаған М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, А.Бектұров сынды біртуар азаматтардың еңбегі әлі күнге дейін университет қабырғасында жаңғырып тұр. «Ұстаздан шәкірт озар» деген аталы сөздің төркініне терең бойлаған ардақты оқытушылар сапалы білім беріп, біліктілікті қалыптастыруға айрықша күш салды. Осындай мақсатты жоспарлаудың нәтижесі болар, еліміз бен шет мемлекеттердегі жетістік шыңын бағындырған азаматтардың басым көпшілігі қара шаңырақтан түлеп ұшқан студенттер.

85 жылдық тарихында «үздік» деген ұғымды қалыптастырып, сол тұғырдан түспей келе жатқан ҚазҰУ бүгінде көпке көсіліп айтар мақтаныштарға толы.

Университетке бас сұққан болсаңыз, ең әуелі әсем көрінісі мен алып аумағына таңдай қақпауыңыз кемде кем. «Студенттер қалашығы» аталғандай-ақ, алып Алматы шаһарының ішіндегі шағын қалада өмір сүріп жатқандаймыз. Өзіндік ішкі аурасы, жеке тәртіп, жарғысы, қызмет көрсету орталықтары мен студенттік кешендері бар «біздің мемлекетіміздің» ең үздік жетістіктері өткен ғасырдың 70-80 жылдарына сәйкес келеді. Осы кезеңде университетті белгілі қоғам қайраткері, академик Ө.Жолдасбеков (1970-1986) басқарды. Бүгінгі жайқалған қалашықтың алғашқы жұмыстары осы кісінің басқаруымен жүзеге асып, студенттерге барынша қолайлы жағдай қалыптастырды.

Университетте кітап қоры жөнінен республика бойынша екінші орындағы кітапхана, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, интернет-кафе, спорттық кешен, ғылыми орталық, Дмитрий Баландин атындағы 25 метрлік жүзу бассейні жұмыс жасайды. Жоғарыда атап өткен «Әл-Фараби кітапханасының» қоры 2 миллионнан астам кітаптан тұрады. Сонымен қатар, кітапханада Шығыстың ұлы ойшылы, әлемнің екінші ұстазының өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын мұражайы, ұлы ғұламаның ғылыми-ағартушылық мұрасын зерттеумен айналысатын әл-Фараби Орталығы орналасқан.

Қазақ Ұлттық Университетінің інжу-маржаны- Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы. Аталған мәдени орталықта бірқатар арнайы курстар жұмыс істейді. Одан бөлек, түрлі іс-шаралар мен мемлекеттік маңызы бар жолдау, жиындарда, мерекелік құттықтауларда тек университет студенттері емес, жалпы қала көлемінде көрермендер жиналады.

Сөзіме тұздық болсын, университетіміз мемлекет ішінде ғана емес, әлемдік аренада үздіктердің қатарынан көрінуді жолға қойды. Оған дәлел, 2003 жылы 16 қыркүйекте Еуропадағы белгілі Болонья университетінің қабырғасында университет Дүниежүзілік университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойған еді. Бүгінде халықаралық рейтингте кезекті сатыға көтеріліп, World University Rankings QS беделді рейтингтік зерттеу агенттігінің мәліметі бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 220-орыннан бой көрсетті.

Талай түлектің жүрегіне арман боп еніп, білімге деген ұмтылысын арттырған ҚазҰУ-ым, туған күніңмен! Қара шаңырағымыз, дара шаңырағымыз дами берсін!

 

Авторы: Мадина ОҚАС.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!