Бір күні Әмір Темірден нөкерлерінің бірі: “Жетістігіңіздің сыры неде, осыншама жеңіс жолыңыздағы шабыт көзін атай аласыз ба?” деп сұрайды. Әмір Темір: “Жеңісітерімнің шабыт көзі - құмырсқа” дейді. Алған жауабынан түкке түсінбеген кісі “Түсінсем бұйырмасын, патшам” дегенінде, Әмір Темір: ”Өзіме құмырсқаны үлгі етіп алдым” деді де мына басынан өткерген оқиғаны айтып береді:
“Жас кезімде бір соғысқа кірген болатынбыз. Негізінде барлық жағынан басымдылық бізде еді, бірақ бірінші айқаста-ақ жеңіліске ұшырадық. Әскер бытыраңқы күйде, ал өзім аяғымнан жарақаттанған болатынмын. Күйзеліс ішінде бір дуалдың түбіне келіп отырдым. Ары қарай не істеу керектігін ойланып отырғанымда көзіме бір құмырсқа түсті. Өзімен бірдей келетін бидай дәнін тістеген құмырсқа дуал бойымен өрмелеп бара жатты. Мақсаты дуалды асып өту шығар, бірақ жарты жолда құлап қалатын. Қайта өрмелеп шығып қайтадан құлайтын. Қарап отырып санағанымда, осы жағдай жетпіс реттен көп қайталанды. Бірақ, жетпіс рет құлағанына қарамастан мақсатынан бастартпады. Еш мойымай, табандылықпен ісіне қайта кірісетін. Кішкентай ғана құмырсқада не деген ержүректік, не деген қайсарлық бар десеңші. Осы қайсарлығының арқасында ақыры дегеніне жетті. Өз-өзіме “осы құмырсқадай бола алмадың ба?” дедім де, сол күннен бастап көздеген мақсатымнан бастартпайтын болдым. Әрбір ісімді ғалымдармен кеңесіп істедім. Олардың батасын алдым. Жаратқанға мінәжат еттім. Бір Аллаһқа сиынып, табанды еңбектену арқылы жетістікке жеттім. Аллаһу та’аланың рұқсатымен ел биледім, ғылым жайдым, қалаларды көркейттім, халыққа қызмет еттім!"