Адам баласы жаратысынан өмір сүруді жақсы көреді, өмірінің ұзақ болуын қалайды. Дұғаларымызда да осыны тілейміз. Біреуден жақсылық көргенде «Өмір-жасың ұзақ болсын» деп дұға етіп рахметімізді айтамыз.
Негізінде ұзақ өмір сүру салих амалмен болса ғана ниғмет.
Бәни Хай тайпасынан екі кісі келіп, мұсылман болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам оларды бір үйге орналастырады. Сөйтіп олар екеуі бірге, бір үйде ғибадаттарын орындап өмір сүреді. Олардың бірі соғыстың бірінде шәһид болады, екіншісі жалғыз қалып, бір жылдан кейін ол да науқастанып қайтыс болады. Сахабалардың бірі оларды түсінде көреді, сөйтсе бір жылдан кейін қайтыс болғанының дәрежесі әлдеқайда жоғары. Бұған таңқалады. Өйткені ол шәһид болғанының дәрежесі жоғарырақ екенін ойлаған еді. Жағдайды сүйікті пайғамбарымызға айтып:
- Йа, Расулаллаһ! Мен шәһид болғанының дәрежесін жоғарырақ деп ойлаған едім, бұл қалай болғаны? – деп сұрайды.
Бұл сұраққа пайғамбарымыз:
- Әлбетте бір жыл кейін қайтыс болғанының дәрежесі жоғарырақ. Өйткені ол біріншісінен бір ай артық ораза ұстады. (Нәпілдерден басқа) алты мың рәкат одан артық парыз намаз оқыды, осынша дұға етті, осынша ғибадат жасады, – деп жауап берді.
Өлім болмағанда жер бетіне бәріміз сыймайтын едік. Раббымыз Адам атамыз бен Хауа анамызды дүниеге жіберді. Олардың бала-шағасы болатынын білгенде періштелер: «Олар көбейіп жер бетіне сыймайды ғой!» десті. Сонда Аллаһу та'ала: «Олар өледі, ұзақ қалмайды» деп жауап берді.
Періштелер тағы да: «Онда өмірдің мәні қалмайды ғой. Соңы өлім болған өмірден не қызық көруге болады?» деп сұрап еді, Аллаһу та'ала оларға:
«Мен оларға ғапілдік, ұмытушылық беремін, олар өлімді ұмытып, өмірлерін сүре береді» деп жауаптады.
Бір күні жүзі сұлу бір патша айнаға қарап, уәзіріне:
- Өлім болмағанда өмір қандай тамаша болар еді, солай емес пе?» - дейді.
Уәзірінің жауабы терең мағыналы:
- Патшам, өлім бар болғаны жақсы, егер өлім болмаса, сіз де патша болмас едіңіз, мен де сіздің уәзіріңіз болмас едім!
Өмір өте ұзақ болса да, соңы өліммен аятқталғандықтан, қысқа саналады. Санаулы күндер тез өтеді. Өміріміз мың жыл болса да, бір күндей өтіп кетеді. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Қанша өмір сүрсең де, бір күні өлесің. Кімді жақсы көрсең де, бір күні одан айрыласың. Не істесең де (жақсы болсын, жаман болсын), қайтарымын көресің.»
Өлгеннен кейін күнәлары да өлетін, өлгеннен кейін күнә істемейтін адам бақытты. Бала-шағамызды болашақ өмірге дайындағанда олардың тек қана үш-бес күндік дүние өмірін ойламайық, ол қалай болса да, өтіп кетеді. Дүниенің бақыты да, қайғысы да мәңгі қалмайды, бәрі өткінші, фәни және қысқа. Ол қиялдан басқа ештеңе емес. «Адамдар ұйқыда, өлгенде оянады» хадис шәрифі қандай жақсы айтылған...