«Оқып шыққаннан кейін «оны өзім де жаза аламын» деген ойға салатын кітаптар ең жақсылары болып табылады» Блезь Паскаль.
Кітап – бөлек бір әлем. Сол әлемге топ етіп, ондағы әлемге саяхат жасаған адамның ақылы мен санасы қатар өсетіндігі анық. Кітаптың ғылыми-танымдық, философиялық, әдеби секілді түрлері бар. Аталған тармақтардың ішінде адамға ең жақыны – әдеби кітаптар екендігі анық. Сол себепті, жас оқырмандарымыздың кітапқа деген махаббатын ояту үшін әрі кітапты таңдауда, оқуда қателіктер жібермесін деген оймен бірнеше ақыл-кеңестер тізімін жасадық.
Алғашқы кітапқа мән беру керек
Алғашқы қолға алған кітапқа ерекше мән беру керек. Осы ретте ата-аналарға құлаққағыс: Балаға ең алдымен жасына, ойлау қабілетіне сай кітапты ұсыныңыз. Алғашында бірнеше туындыны оқып бергеніңіз жөн. Кейінірек балалар әдебиетіндегі қысқа шығармаларды оқытыңыз. Мәселен, Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы», Ганс Христиан Андерсонның «Жабайы аққулары», қазақ жазушыларынан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» секілді кітаптар.
Кітапты балалар әдебиетінен бастаған жөн
Кез келген адам таным көкшиегіне шығып, білуге деген құштарлығы арқылы көптеген пайдалы ақпараттарға бас сұққысы келеді. Оқырмандар да солай. Балалар әдебиетін шолып өтіп, ертең роман-эпопеяларды парақтай бастайды. Бірер күннен соң қолында бизнес кітаптары жүреді. Әрине, ниеті дұрыс. Дегенмен оқу барысында жүйелікке көп көңіл бөлген абзал. Бастауыш оқушылары жоғарыда айтылған кітаптарды оқымай тұрып «Абай жолы» немесе «Көшпенділерді» оқығанымен, толықтай түсініп, өзіне керекті дүниені ала алмайды. Сол секілді, жасөспірім шағында (мектептің жоғарғы сыныптары, 1-2 курс студенттері) «Махаббат, қызық, мол жылдарды» оқымаған адам, жасы ұлғайған шағында қанша талпынса да романның қызығына бата алмайды. Демек, асқан жүйелікпен, жасына қарай авторларды таңдаған жөн.
Өзіңізді кітаптың кейіпкеріне айналдырыңыз
Қазақ әдебиетінде оқуға тұрарлық мыңдаған әдеби туынды бар. Оларды оқитын оқырман да жеткілікті. Кейде жүздеген кітапты тауысып, әлем әдебиетіне көз тігіп жатқан жандарға таңқала қараймыз. «Осыншама кітапты қалай ұмытып қалмайды екен?» деген сауал да туындайды. Ал, сол кісілердің өзге тұлғалардан басты айырмашылығы неде, білесіздер ме? Олардың қиялдары өте ұшқыр. Әр кітаптың желісін өзінің өміріне балап, сондағы кейіпкерлердің бірін өзі секілді қабылдайды. Басқа прототиптерді жаныңдағы жақындарынан іздейді.
Кітап оқуда ерекше жетістікке жеткендер:
- М. Горький минутына 4000 сөз оқыған;
- Француз жазушысы Оноре де Бальзак жарты сағатта 200 беттік романды оқып бітіретін болған;
- Жазушы, кітаптанушы Н.А. Рубакин ұзын саны 250 мың кітап оқыған;
- Наполеон минутына 2000 сөз оқыған;
- Сталин күнделікті 400 бет кітап оқыған. Оның ойынша бұл ең минималды көрсеткіш;
- Томас Эдисон бір мезетте кітапты 2-3 қатардан оқыған.
Дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.