Бәлһ патшасының немесе қызының ұлы. Әкесінің аты Әдхәм. Хазреті Омар әл-Фаруқтың нәсілінен болады. Шамда Чәштийа әулиелерінің ұлыларынан. 779 жылы қайтыс болған.
Ибраһим бин Әдхам хазреттері Дижла өзенінің жағасында шапанын жамап отырғанында сарайдағы бұрыңғы достары оны көріп: «Сарайда қалуың керек еді, мерейің биік сұлтан едің, дәруиш болып, неге қол жеткіздің?» дейді. Ибраһим бин Әдхам хазреттері оларға ұзақ қарап тұрды да, қолындағы инені өзенге тастап «Ей Аллаһтың махлұқтары, менің инемді әкеліңдер!» дейді. Бүкіл балықтар инені әкелу үшін жарыса кетеді. Ибраһим бин Әдхам хазреттері инесін алып «Міне, осыған қол жеткіздім» дейді. Яғни Аллаһу та’алаға мойынсұну арқылы оның разылығына қауыштым. Бүкіл жан тәніммен оған бет бұрғаным үшін балықтарды қызметші етті, мені керемет иесі етті дегісі келді.
Бір кісі насихат айтуын өтінгенде: «Байлаулыны шеш, ашық тұрғанды жап» деді. Ол кісі «Сөзіңіздің мәнін түсінбедім» дегенінде «Байлаулы қолыңды (қалтаңды) шеш, жомарт бол. Ашық болған аузыңды, яғни тіліңді тый!» деп ескерткен екен.
Ибраһим Әдхам хазреттерінің айтқан ұлағатты сөздері:
● Адамдар дүниелік істермен әуре кезде, сендер ахирет істерімен шұғылданыңдар!»
● Рия, тәкаппарлық, ужб және хасед секілді жаман әдеттерден тыйыла алмағандар ғибадаттарын текке шығарады.
● Адамдар сырт көрінісін сәндеуге талпынып жатқанда, сендер ішкі дүниелеріңді көркемдеуге тырысыңдар!
● Адамдар үйлерін толықтыруға талпынып жатқанда, сендер қабірлеріңді толықтыруға тырысыңдар. Кей адамдарға таң қаламын, тастап кететіні сөзсіз болған осы дүниеге қатты мән береді. Ал барып мәңгілік қалатыны сөзсіз болған ахиретті есепке алмайды.
Адамдардың көбі өзгелердің айыбын іздеп жүреді. Сендер өз айыптарыңмен әуре болыңдар!
● Арғы дүниеде таразыда ең ауыр басатын амал, мұнда жасалуы денеге ең қиын болғаны.
● Ілімді онымен амал ету үшін үйреніңдер! Көп адам осы жерде жаңылысты. Ілімдері таудай үлкейгенімен амалдары тарыдай кішірейді.
● Азығын халал жолмен қамтамасыз ету үшін еңбек ету, түндері ғибадат етіп, күндіздері ораза тұтудан абзал. Өйткені барлық нәрсенің басы халал азық.
● Қарызы бар адам қарызын төлемейінше майлы және сіркелі тағам жемеуі тиіс. (Яғни қарызды дереу қайтарудың маңыздылығын, қарызды қайтарғанға дейін қымбат тағамдар мен сәнді салтанатты өмірден алыстауды білдіруде).
Қызметшінің берген сабағы:
Ибраһим бин Әдхәм хазреттері ханзадалығы кезінде бір күні бөлмесіне кіргенінде, төсегінде қызметшісінің жатқанын көріп ашуланып, жаза ретінде оны ұрғызады. Қызметшісі таяқ жеген сайын күле береді. Себебін сұрағанда қызметшісі: “Бөлмеңізді тазалап жүріп төсегіңізге бір рет жатқаным үшін осыншама таяқ жеп жатырмын. Ал сіз қаншама жылдан бері осы төсекте жатасыз. Ахиретте халіңіз не болады екен, деп күліп жатырмын” дейді. Бұл сөзден әсерленіп Ибраһим бин Әдхам хазреттері лауазымын тәрк етіп, әулилерден болды.
Басқалардан сұра: Ибраһим бин Әдхам хазреттері бір кісімен дос болады. Бұл достықтары біраз уақыт жалғасады. Бір күні жағдайларға байланысты жолдары бөлінуге тура келген кезде досы: “Қанша уақыт дос болдық. Бір айыбымды көрген болсаң айт, екінші рет оны қайталамайын” дейді. Ибраһим бин Әдхам: “Бауырым, сенен ешқандай айып көрген жоқпын. Мен саған әр дайым құрмет, достық көзімен қарадым. Сондықтан сенен тек жақсылық көрдім. Сенен көргендерім әрқашан жақсы нәрселер еді. Егер айып іздесең басқалардан сұра” дейді.
Білгенімен амал ету: Бір күні Ибраһим Әдхам хазреттері жолда кетіп бара жатып ерекшеленіп тұрған тас көреді. Тастың үстіндегі “артқы жағын оқы!” деген жазу көзіне түседі. Артын айналдырып қарағанында: «Егер үйренген біліміңмен амал етпейтін болсаң, не үшін басқа ілімді үйренуге тырысасың?» деген жазуды көреді. Бұл жазу оған қатты әсер етеді. «Йа Раббым! Сені таныған адамның өзі, лайықты түрде тани алмаған. Ал сені білмейтін адамның халі қандай болмақ?» деп жылайды.
Сен кімнің құлысың?: Бір күні өзіне өзі: “Сен кімнің құлысың?” деп сұрайды. Сонан соң жерге құлап есінен танып, қалтырай бастайды. Кейін есін жиып, орнынан түрегеліп, бір аяти кәрима оқиды. Қасындағылар «Не үшін жауап бере алмадың?» деген кезде былай дейді: «Қорқтым. Егер оның құлымын десем, менен құл ақыларын сұрайды, құлы емеспін деп те айта алмаймын.»
Бағбан
Ибраһим бин Әдхам хазреттері ханзада кезінде, тәжін, тағын, мал-мүлкін тастап өзін ғылымға атаған ұлы әулие, ғұлама болып табылады. Хазреті Омар әл-Фаруқтың нәсілінен болады. 779 жылы қайтыс болған. Ғибратты оқиғалары, насихаттары көп таралған.
Бір замандары ұзақ уақыт бір бақашада бағбан болып жұмыс істейді. Бір күні бақшаның иесі келіп «бір тәтті анар әкелші» дейді. Ибраһим бин Әдхам хазреттері біреуін әкелгенінде қышқыл болып шығады. Бақ иесі «Мынау қышқыл екен, басқасын әкел» дейді. Әкелгені тағы қышқыл шығып, осылай тағы бір-екі рет қайталанған соң бақ иесі ашуланып: «Субханаллаһ! Осыншама уақыт бағбан болып істеп жүрсіз, ал анардың қайсысы тәтті, қайсысы қышқыл екенін әлі ажырата алмайды екенсіз?» дейді. Ибраһим бин Әдхам хазреттері «Мырзам, менің міндетім бағбандық ету, бақтың күтімі, бақтағы анарларды жеп көрмегендіктен дәмін қайдан білейін?» дейді. Бақ иесі бағбан бола тұра анар жемеген адамға сеніңкіремей: «Сені танымасам, мына сөзіңе қарап сені Ибраһим бин Әдхам хазреттері деп ойлап қалар едім» деген екен.
Өзінікі деп ойлаған еді
Ибраһим бин Әдһәм хазреттерінің айтып бергені:
Бір күні түнде Бәйтүл Мақдисте түнемекші болдым. Мешіттің қызметшілері іште қалуға рұқсат бермегендіктен қамыстардың арасына жасырындым. Түннің бір уағында мешіттің есігі ашылды. Бір қарт кісі бастаған қырық адам мешітке кірді.
Қарт кісі михрабқа өтіп, бәрі жамағатпен екі рәкат намаз оқыды. Намаз біткеннен соң араларынан біреу әлгі кәрі кісіге:
- Осы түні мешітте бізден болмаған бір адам бар,- деді. Кәрі адам жымиып:
- Иә, Ибраһим бин Әдһәм бар. Қырық күннен бері жасаған ғибадаттарынан ләззат ала алмай жүр,- деді. Бұл сөзді естігеннен кейін, ортаға шығып:
- Сіздің айтқаныңыз рас, соның себебін маған айтыңызшы, мен сол қиыншылықтан құтылайын,- дедім. Кәрі адам былай жауап берді:
- Пәлен күні Басра қаласында құрма сатып алған едің. Сатып алған кезіңде сатушының бір құрмасы жерге түсіп кеткен еді. Сен ол құрманы өзіңнің құрмаларыңнан деп ойлап, құрманы жерден алып, өзіңнің құрмаларыңның арасына салып қойған едің. Ғибадаттарыңнан ләззат ала алмауыңның себебі осы,- деді. Мұны естігеннен кейін дереу құрма сатушыны тауып алып, мән-жайды оған түсіндіріп, одан кешірім сұрадым. Ол мені кешірді. Содан кейін жасаған ғибадаттарымнан қайтадан ләззат ала бастадым.
Халал азық
Ибраһим бин Әдхәм хазреттері халал азыққа қатты мән беретін еді. “Азығын халал жолмен табу үшін еңбектену, түні бойы ғибадат етіп күнімен ораза тұтудан да абзал. Өйткені барлық нәрсенің басы халал азықтан келеді” деп айтатын. Өзі күнімен жұмыс істеп тапқан табысымен жейтін нәрселер алып достарына ұсынатын. Бір күні үйіне кеш келді. Достары:
Ол кешікті. Біз жейтін не бар болса соларды жеп жата берейік, оны күтпейік - деп шешім қабылдайды.
Сөйтіп астарын жеп, құптан намаздарын оқып ұйқыға кетеді. Ибраһим бин Әдхәм хазреттері келгенінде оларың ұйықтап жатқандарын көріп ешнәрсе жемей аш жатқандарын ойлап қатты ренжиді. “Алып келген ұнымды ашытып жейтін нәрселер пісірейін, оянған кездерінде жеп ертеңгі оразаларына ниет етсін!” деп жейтін нәрселер дайындады. Достары оянғандарында оның өздері үшін әуреге түскенін көріп бір-бірлеріне қарап “қараңдар, ол біз үшін қандай ауыртпалықтарға төзіп, біз туралы жақсы ойға барды. Бірақ біз оны кешкі асқа да күтпедік” деп одан кешірім сұрады.
Тәуәккүл
Хузейфе Мераши, Ибраһим бин Әдхәм хазреттеріне қызмет ететін. Cебебін сұрағанда былай деп айтып берді:
Бірге Меккеге келе жатып қатты ашыққан едік. Куфа қаласына келгенімізде аштықтан жүре алмайтындай халге жеттік. Ұстазым қаламмен қағаз сұрады. Мен тауып әкеліп бердім. Сонда қағазға былай деп жазды:
“Бисмилләһиррахманиррахим. Барлық нәрседе, барлық кезде тек өзіңе сенетін Раббым! Барлық нәрсені беретін сенсің. Саған әркез шүкір етемін, Сені бір мезетке де ұмытпаймын. Аш, сусыз және жалаңаш күйге түстім. Алғашқы айтқан үш нәрсем менің міндетім. Әрине орындаймын. Соңғы үшеуіне сен сөз бердің. Сенен күтемін.”
Қағазды маған берді де былай деді:
- Сыртқа шық және Аллаһу та’аладан басқа ешкімнен ешнәрсе күтпе және бірінші көрген адамыңа мына қағазды бер!
Сыртқа шықтым. Бірінші болып түйе үстінде келе жатқан бір кісіге жолықтым. Қағазды оған бердім. Оқыды да жылай бастады. Маған бұрылып:
- Мұны кім жазды?- деді.
- Мешітте бір кісі жазды.
Маған бір қалта алтын берді. Ішінде 60 динар бар еді. Мұның кім екендігін кейін айналасындағы адамдардан сұрап білдім. Христиан екен.
Қайтып келіп болғандарды Ибраһим бин Әдхәм хазреттеріне айтып бердім. Маған қарап:
Қалтаны ашпа! Иесі қазір келеді- деді.
Біраздан соң сол адам Ибраһим бин Әдхәм хазреттерінің алдына келіп жазуды көрсетіп:
- Мына жазуды сен жаздың ба?-деді.
- Иә, мен жаздым.
- Осы мәселені көп ойландым, мұндай бір жазуды жазған адамның Аллаһқа болған тәуәккүлі, сенімі тек хақ дінде ғана болады. Қалтаны берген кісінің артынан жүріп алдыңа келдім. Маған Исламды түсіндіріп бересің бе?
Біраз нәрсе айтылғаннан әлгі кісі кейін шаһадат кәлимасын айтып мұсылман болды.