(Көрнекі фотосурет: Ежелгі базар көрінісі).
Бір күні бір саудагер маталарын кемеге тиеп, Индонезияға жолға шығады. Сол жерге орналасып, сауда жасай бастайды. Маталары өте сапалы, нағыз халықтың сұранысына ие болса да, өзі өте қанағатшыл әрі табысы аз болса да, адал жолмен табуды көздейтін саудагер болады. Бір күні базарға кешігіп келсе, көмекшісі пайдаға кенелгенін айтады. Сонда ол:
- Қай матаны саттың? – дейді.
- Мына матаны саттым.
- Бағасын қаншадан бердің?
- 10 ақшадан.
- Қалайша 5 ақшалық тауарды қымбатқа сатасың? Енді маған ол адамның ақысы өтті ғой. Оны көрсең танисың ба? - дейді. Көмекшісі жүгіріп іздеп кетеді.
Біраздан кейін тауып әкеледі. Тұтынушыны көре сала саудагер «Ақыңды жегеніміз үшін кешір!» деп артық ақшасын қайтарып береді. Мұндай жағдайды бірінші рет көрген тұтынушы түсінбей қалады.
- Ақыңды жегеніміз үшін кешір дегені несі? – таңырқайды.
Бұл оқиға қысқа уақыттың ішінде тез тарап, сол елдің патшасының құлағына жетеді. Содан патша саудагерді сарайына шақырып алып:
- Біздің елде мұндай жағдайды бұрын соңды естімеппін. Адамдармен мұндай мәміледе болуыңның себебі не? - деп сұрайды. Сонда саудагер:
- Мен бір мұсылманмын. Дінім ислам адамдардың ақысын жемеуді, осындай мәміледе болуды әмір етеді. Тұтынушының маған ақысы өтіп, табысыма харам араласқан соң дереу түзетуге тырыстым, бар болғаны осы,- дейді. Сонда патша:
- Ислам деген не? мұсылмандық деген не? - деп сұрақ қоя бастайды.
Әрбір сұрақтарына нық жауап бергенде мұндай діннің бар екенін алғаш рет естіген патша ислам дінін қабылдап, мұсылман болады. Аз уақыттан кейін халқы да мұсылман болады. Миллиондаған халқы бар қазіргі Индонезияның ислам дінін қабылдауының себебі – осы саудагердің адалдығы болады.
Мұндағы әсерлі болған іс – исламға сенгені бойынша амал етіп, мұсылмандық қасиеттерімен бөлісуі болатын. Яғни сөзбен емес, іспен көрсеткені өтімді болды.