Конькилердің тарихы ерте замандардан бастау алады. Бұл ақпарат жайлы археологиялық қазба жұмыстары мен әдеби шығармалар хабар береді. Коньки қалдықтары Нидерланды, Дания, Германия, Швейцария, Англия, Норвегия, Швеция, Ресей жерлерінен табылған екен.
Ерте замандарда ағаштардан ойып немесе аңдардың сүйектерінен қашалып жасалған конькилер мұз басып жатқан жерлермен жүруге өте ыңғайлы еді. Көшпенді жұрт мұз үстінде сырғанап жүріп аң аулаған деседі. Сонымен қатар қыста қытайлар бамбук ағашын аяғына киіп сырғанауды білген.
(Көрнекі фото: Ежелгі коньки).
ХVII ғасырда коньки Нидерланды елінде қолданысқа енген. Голландықтардың қазірге дейін коньки тебу спортында кереметтей жетістіктерге жетіп жүргенін елдегі мұз айдындарына айналған өзендердің көптігімен түсіндірсек те жетіп жатыр.
XIX ғасырда Америкада темірден жасалған коньки танымал бола бастайды.
XX ғасырдың екінші жартысында шорт-трек деген спорт түрі пайда болып, 1980 жылдан бастап жанданады. Коньки тебуден ең бірінші жарыс 1893 жылы Амстердамда (Нидерланд) өткен.
Жалпы, конькидің отаны – Голландия. Өйткені, ХІV ғасырларда Голландия жерінде пайда болған конькилер бүгінгі біз пайдаланып жүрген заманауи конькилерге өте ұқсас келеді. Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау спорты да дәл осы Голландия жерінен таралған екен. Голландықтардан кейін коньки спортын дамытқан ағылшындар болып табылады.
Спорттық жарыстарға арналған конькилер Норвегияда пайда болды. Бұл бағыттың негізін қалаушы – Хаген атты норвег азаматы. Ерекшелігі: сайыс конькилері жүзінің ұзындықтары аздап үлкейтілген. Айтпақшы, осы сайыс конькилерін әлі күнге дейін «норвегиялықтар» деп атайды.
Конькилердің түрлері
Мәнерлеп сырғанауға арналған конькилер. Ерекшелігі – бойы доңғалана келген, алдында арнайы тоқтауға және қиын жаттығуларға арналған тістері бар.
Хоккейге арналған конькилер. Ерекшелігі – жүзін ауыстыруға болады, яғни жүзі алынып салынады. Ол никельден немесе хромнан құйылады. Бұлардың ішінде де қақпашы мен қатардағы ойыншының конькиі деп тағы екіге бөлінеді.
Серуендеуге арналған конькилер. Ерекшелігі – олар кәсіби спорттық болмағандықтан жұмсақ әрі ыңғайлы болады.
Жарыс спортында қолданылатын конькилер. Ерекшелігі – аласа аяқ киім мен оған алынып-салынатын өте жұқа ұстара жүздері бар. Өзге конькилерге қарағанда біршама ұзын. Оларда аяқ киім өкшесі мен ұстараны қадам басып ажыратқан сайын біріктіріп отыратын серіппесі бар. Сондықтан да спортшы өкшесін жерге нық баса алады.
Шорт-трекке арналған конькилер. Ерекшелігі – аяқ киімге өкшесі бекітілген. Бұл спорттық құрал көбінде үлкен жылдамдықта келе жатып бұрылыс жасауға, қауіпті әрекеттер жасауға арнайы ыңғайланып жасалған. Оның үстіне ұстарасы сәл-пәл қисайып келген.