Еларасында топ бастаған көсем,ердің құнын екіауыз сөзбен бітіретін шешен әрі ақын Байсерке абыз туралы аңыз әңгімелер көп таралған. Ол өзі тоқпақтай ғана шымыр денелі, түрі өңсіз кісі болса керек. Байсерке қызыл тілге қырып салма шешен болғанымен алдында айдап жүретін дәулеті жоқ, шекесі шытынаған тақыр кедей әрі өз кіндігінен перзент көрмеген, басқа жарлы адам болған деседі. Аға-іні дегеннен де құралақан екен. Қысқасы, шешендігі мен қара қылды қақ жаратын әділдігі арқасында қалың қыпшақ елінің сеніміне кіріп, ел үстінен күн көрген адам деседі.
Бірде Байсерке абыз жігіттерімен жолаушылап келе жатып қымыз ішіп сусындауға бір ауылға бұрылады. Ауылдың шет жағын ала көкорайға бір-біріне жалғастырыла тігілген үлкен ақ үйдің сыртында керілген ұзын желіде қырық шамалы құлынның байлаулы жатқанын көріп, сол үйдің алдына келеді. Далаға шыққан үй иесі жолаушылардың сәлемін салқындау қабылдап, мән-жайды түсінгеннен кейін:
- Әйелім көрші ауылға қыдырып кетіп еді, Сіздерге сусын сапырып беретін кісі жоқ, - дейді мізбақпастан.
Жолаушылар байдың кесіп алса қан шықпас сараң екенін сезіп, аттың басын бұрып ауылдан ұзай береді. Бұл жайдың бәрін көріп-біліп тұрған сол ауылдың бір кедейлеу жігіті жайдақ атқа міне шауып, жолаушыларды қуып жетеді де:
- «Қуыс үйден құр шықпа» деген емес пе, ауылдың үстіне келіңіздер, ас-суға ауыз тиіңіздер», - деп жолаушыларды бұрып, өз үйіне әкеледі.
(Көрнекі фотосурет).
Сусындары қанып, дастарқан жиналарда Байсерке қолын жайып, былай бата берген екен:
Бес биенің қымызы,
Бес дуан елге жетсін.
Қырық биенің қымызы -
Қыдырған әйелмен кетсін!