Қазақ даласындағы жер-су атаулары қазақтың төл мәдениетінен, тарихынан сыр шертетін, тәрбиелік бағыт беретін көптеген деректерге толы. Бұл деректерді көненің көзін көрген ақсақалдардан естіп те жүрміз. Оңтүстік Қазақстандағы Созақ ауданына қарасты Абай ауылдық округын «Келіншек тау» деп аталатын жер бар. Аталмыш тау жайлы Шәмші де жырлаған көрінеді. Сол Келіншек тау жайлы аңыз да бар екен...
Ертеде бір патша қызын тұрмысқа ұзатып, жасауын жасайды. Жасауы барлық нәрсенің ең құндыларынан, ең асылдарынан дайындалып, иттің табағы ғана күмістен, басқа барлық нәрселер алтыннан болған екен. Жол жарағы дайындалып, жасауы түйелерге артылып, қызын шығарып салып жатқан патша:
«Қызым, менен разы шығарсың, сен үшін барымды аямай, сән-салтанатымның ең бағалысын беріп жатырмын» дегенінде қызы:
«Төбетімнің итаяғы күмістен екен» деп наразы сыңай танытқан көрінеді. Қызының тойымсыздығына ызасы келген патша «Тас болғыр, тас бол» деп қарғаған көрінеді. Содан келіншек және бүкіл жасауы тасқа айналған деседі.
Шынында да тау ортада бойшаң келген сәукеле киген келіншек, айналасында түйелер мен өркештері, жасауы тізбектелген осы көріністі береді. Оған табиғаттың әртүрлі түске бояуы ерекше әсемдік береді.
Бұл аңыздың тәрбиелік мәні ашкөзді болмауды, барға қанағат қылуды,тойымсыз болмауды меңзейді. «Бай болсаң тасыма, кедей болсаң жасыма» деп өткен бабаларымыздың әрбір сөз, әрбір атауларынан осындай өнегелік дүниелерді көптеп көруге болады.