Қалқан

Қалқан - жауынгердің соғыста қолданатын ең негізгі қорғаныс құралы. Оны найза, қылыш пен сойылдың соққысынан, садақ оғынан қорғану үшін қолға ұстайды.

Қазіргі кезде әр мемлекетте әскерилер мөлдір шыныдан немесе оқ өтпейтін басқа да заттан жасалған қалқанды қорғаныс құралы ретінде қолданып жүр. Қалқан тек қолға ұстап жүретін құрал емес. Ол мылтық, зеңбірек, пулемет сияқты ату қаруларының да мойынына орнатылады, ондағы мақсат мергенді жау оғынан қорғау болған.  

Ертеде төртбұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр пішінді, жүрекше, астауша сияқты қалқандар болған. Шығыста көннен, қоладан, ағаш пен темірден жасалған дөңгелек қалқандар кеңінен тарады.

Қалқанның қашан пайда болғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ тарихи аңыздарда қалқан көп кездеседі. Ғалымдар қалқанның көне үлгілерін біздің заманымыздан бұрын I ғасырларда сақ жауынгерлері қолданған деген тұжырым жасап отыр. Ат үстіндегі қазақ жауынгерлеріне тән қалқан шағындау әрі алып жүруге ыңғайлы болған.

Қалқанның салмағы 5-6 келі аспаған. Қазақы қалқан ұлттық болмысқа сай шеңбер тәріздес. Темірден жасайтын түрлері де кездеседі. Темір қалқанның ішкі жағын мал не аң терісімен қаптайды. Жауынгер қалқанды кейде қолына ұстап шайқасқа кіреді. Кейбір батырлар білегіне іліп алып соғысатын болған. Қалқанды жақсы меңгерген жауынгер қашан да жарақаттан аман қалады. 

Сырт жағы дөңестеу болып келетін шеңбер қалқан аса сәнді болып көрінеді. Қалқанның шеттері әсем оюлармен өрнектеліп, ортасындағы күмбезше кіндігінен шашақ төгілген. Тек сән үшін пайдаланылған қалқан көбіне атты жауынгердің сайманы ретінде жасалып, әр жауынгердің өзіне ыңғайлап соғылады. Көбіне мұндай қалқан ағаштан ойылатын болған. Сырт жағы өгіз терісімен қапталып, сүрлі асыл тастармен әшекейленді. Аңшылық жағдайда мұндай ағаш қалқанды астау ретінде де пайдаланған.  

Талдан өріліп жасалған қалқан да болады. Талдың шыбықтары тері астарға өріліп, шеттері терімен көмкеріледі. Осындай тал қалқандардың қалдықтары батыстағы сақтар мен Алтай сақтарына қатысты археологиялық материалдарда кездеседі. Олардың пішіні көбіне төртбұрышты болған. 

Тал шыбықтарынан өрілген қалқан – жоңғарлар мен моңғолдарға да тән қорғаныс құралы. Бірақ монғолдардың қалқаны әдетте дөңгелек болып келеді. Мұнда тал шыбықтары дөңгелене өріледі де, жүннен жасалған түрлі-түсті жіппен оралады. Сырт жағына үлкенді-кішілі темір күмбезшелер орнатылады. Бұл үлгідегі қалқандар көне сақ, скиф қалқандарының дамыған үлгісі деуге болады. 

Дереккөз: бәрібар сайты.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!