Лақап ат адамды не мазақ ету, жамандау не болмаса мақтау, құрметтеу үшін қолданылады. Адамдарды өздері ұнатпайтын, ренжитін лақап аттарымен шақыру күнә болады. Сондай лақаппен кісінің артынан сөйлеу де ғайбат болады, харам болып табылады.
Құран кәрімде былай делінеді:
«Ей, мүминдер, араларыңнан бір топ басқа топты мазақ етпесін! Бәлкім мазақталғандар өздеріңнен жақсырақ болар. Бір-бірлеріңді айыптамаңдар, жаман лақаптармен шақырмаңдар! Иманға жеткеннен кейін күнәһарлық қандай жаман! (Аллаһ тыйым салған нәрселерге) тәубе етпегендер – залымдар.» (Хужурат 11)
Хадис шәрифте былай делінеді:
«Адамдарды мазақтаған адамға жәннаттан бір есік ашылады, «Ал, кіре ғой» делінеді. Ол сасқалақтап келгенінде есік бірден жабылып қалады. Кейін басқа бір есік ашылады. Ол қайтадан мұңды күйде есікке жүгіреді. Есік қайтадан жабылады. Бұл жағдай көп қайталанады, одан кейін кел деген кезде де бара алмайтындай болады.» (Әбу Дауд)
Демек, адамға естігенде өзі ренжитін лақабымен бетіне де, артынан да сөйлеу дұрыс емес. Мысалы қабақ, бұжыр бет сияқты лақаптармен шақыру немесе артынан сөйлеу күнә болады. Хадис шәрифте «Қандай да бір адамды ұнатпайтын лақабымен шақырған адамға періштелер лағнет айтады» делінген. (Ибн Сүнни)
Бір адам ел арасында бір кемшілігімен танылып, сол лақабымен оны шақырғанда ренжімейтін болса, бұл лақаппен оны шақыру немесе ол жайында айту күнә болмайды. Мысалы шолақ, қара деген сияқты.
Адамдарды ұнататын лақаптарымен шақыру күнә емес. Мысалы ержүрек Үсен, Асан батыр сияқты лақаптармен адамдарды шақыру күнә болмайды.
Сүйікті пайғамбарымызға Әмин, хазреті Әбу Бәкірге Сыддық, хазреті Омарға Фаруқ, хазреті Османға Зиннурәйн, хазреті Әлиге Әбу Тураб деп айтылуы осындай.
Арабтарда ең үлкен баласының есімімен күниә деп аталатын лақап ат қою әдет болған. Мысалы пайғамбарымызға Әбул Қасым (Қасымның әкесі), хазреті Әлиге Әбул Хасан деп айтылатын еді. Имам Әбу Юсуфтың есімі Яқуб еді. Алайда баласының есімімен Әбу Юсуф (Юсуфтың әкесі) деген атымен танымал болды.
Хадис шәрифте: «Балаларыңа әр түрлі лақап тақпай, олардың есімімен аталыңдар» делінеді. Демек адамдарды өздері ұнатқан лақап аттарымен шақырудың зияны жоқ. (Шира)