Әзіл және мазақ

Қабағынан қар жауып, қаталданып, бұртиып тұратындарды ешкім жақтырмайтыны айтпаса да белгілі. Ал күлімдеген, жылы жүзді сатушының тауарын қажет болмаса да сатып алатын кездер болады. Адамның табиғаты осындай, күлімдеп, жадырап жүретіндерді жақсы көреді.

Күйбең тіршіліктің ішінде, әртүрлі оқиғалар қарсаңында жаны қысылған адамға кейде көңіл сергітуге қажеттілік туындауы мүмкін. Сондықтан аңда-саңда анекдот айту, қалжыңдасу жақсы нәрсе. (Бірақ діни негіздерді мазақ етіп шығарылған анекдоттарды айтуға болмайды)

Пайғамбарымыз да қалжыңдасатын. «Мен де қалжыңдаймын, бірақ дұрыс сөйлеймін» дегендігі хадис кітаптарында білдірілген. Бір күні кәрі әйелге «Жәннатқа кәрілер кірмейді» дегенде байғұс кейуана мұңайып қалады. Сонда пайғамбарымыз әлгі әйелге «Сіз ол кезде жас боласыз» дейді.

Пайғамбарымыз отбасы ішінде де ең жұмсақ, ең жақсы мәміледе болатын. Айша анамызбен ойнап, жарысатын, кейде Айша анамыз жеңетін, кейде пайғамбарымыз. Хадис шәрифте пайғамбарымыз былай деген: «Әйелімен жақсы мәміледе болып, қалжыңдасқан адамды Аллаһу та’ала жақсы көреді, ризықтарын арттырады.» (И. Лал)

 

Орынсыз қалжың - дұшпандықтың басы

Әзіл-қалжыңды шектен аспай, орынды қолданған жөн. Әзіл айтамын деп өтірік айту, адамдарды күлдіремін деп біреуді мазақ ету, жамандау немесе қорқыту күнә болады. «Дұшпандықтың бастауы орынсыз қалжың және мазақтан келеді» деген даналық сөз бар. Пайғамбарымыз: «Ант етемін, ешкіммен сөз таластырмаған, өзініңкі дұрыс бола тұра ешкімді ренжітпеген, қалжыңдау немесе жанындағыларды күлдіру үшін өтірік айтпаған, жақсы мінезді болған мұсылман жаннатқа кіреді» деген.

Әбул Фәтһи Бести былай деген: «Бір жұмыс істеп жатқанда ол жұмыстан жалығасың, сол кезде ісіңді аз уақытқа тоқтатып, өзіңді демалдыр. Біраз әзілдесіп, көңіліңді көтер. Бірақ адамдармен әзілдескенде, әзілің тамаққа салынған тұздай болсын. Яғни тамаққа салынған тұз мөлшерден көп болғанда тамақтың дәмін қалай бұзатын болса, әзіл де сондай жағдайда болады. Әзіл, шамадан көп болса, шектен асса зиянды болады. Ал аз болса да, көңіл көтеріңкі болмайды. Әзіл шаршағандықты, әлсіздікті кетіретіндей дәрежеде болу керек.»

Саид бин Ас ұлына былай деген: «Ей балам, аз әзілдес! Өйткені әзілдің қажетінен артығы адамның қадірін кетіреді және жамандардың дұшпандығын арттырады. Ал мүлдем әзілдеспеу, достарымен және жақсы көрген адамдарымен болған қарым-қатынасының әлсіреуіне, арадағы байланыстың, бір-біріне сенімділіктің бәсеңдеуіне себеп болады.

Сондықтан достарымен болған сұхбатты, қарым-қатынасты жалғастыруға себеп болатын түрдегі әзілді тастама, бірақ әрқашан шектен шығудан сақтан! Көп күлу де, көп әзілдесу сияқты зиянды.»

 

Ренжітетін қалжың

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Кешірім сұрататын істерді істеуден сақтану керек.» (И. Нәжжар)

«Достарыңның затын шындап та, қалжыңдап та алмаңдар!» (Тирмизи)

«Достарыңды ренжітетіндей қалжың жасамаңдар!» (Тирмизи)

Бір адам, досы ұйықтап жатқан кезде, оның оқ қабынан бір жебе алған кезінде, досы шошып оянды. Бұны көрген пайғамбарымыз: «Мұсылманды (кез келген түрде) қорқыту халал емес» деді. (Табарани)

Тағы да бір адам досының аяқ киімін байқатпай алып жасырып қояды. Досы келгенінде сол жердегілерден аяқ киімін сұрайды. Олар ештеңе көрмегені үшін, білмейтіндіктерін айтады. Аяқ киімді жасырған адам, «Аяқ киімің мына жерде тұр ғой» дейді. Бұны көрген Расулуллаһ оған: «Қалайша сен мұсылманды қорқытасың?» деді. Ол адам қалжыңдағанын айтқанында, екінші рет: «Қалайша сен мұсылманды қорқытасың?» деді. (Табарани)

Тағы бірде қалжыңдап досын қорқытқан бір адамға сүйікті пайғамбарымыз: «Мұсылманды қорқыту – үлкен зұлымдық» деді. (Бәззар, Хаким)

Адамды өзі ұнатпайтын, естігенде ренжитін лақаб аттармен атау күнә болады. Мұндай лақаб аттармен артынан сөйлеу де ғайбатқа жатады, күнә болады. Пайғамбарымыз: «Кісіні өзі ұнатпайтын лақаб атпен атаған адамға періштелер лағынет айтады» деген. (Ибн Сүнни)  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!