Хуавей, Қытай, АҚШ

Жақын күндері Қытайдың Хуавей компаниясы Қытайдағы орталығында баспасөз конференциясын өткізді. Бұған себеп Хуавей өнімдері Қытай тарапынан тыңшылық мақсатында қолданылуы мүмкін деген уәжбен  АҚШ және Еуропа елдерінде тыйым салына бастауы болған еді. Баспасөз конференциясының қорытындысы бойынша «Заңды, орынды уайымдары барлармен диалог жасауға ашықпыз» деген жолдау айтқан Хуавейліктер алдағы 5 жыл ішінде киберқауіпсіздік бағытына 2 миллиард доллар қаражат құятынын мәлімдеді.   

 

Бәрі неден басталды?

1 желтоқсанда Хуавейдің иесінің қызы, компанияның қаржы директоры Менг Ванчжоу (Wanzhou Meng) АҚШ-тың сұрауы бойынша Канадада тұтқындалған еді. Қытай мемлекетінің бұған қарсы Канаданың Қытай елшілігіне нота берді. Артынша Канадалық екі азаматты тыңшылық әрекет жүргізуде деген айыппен тұтқындады. Менгтің тұтқындалуы біршама уақыттан соң үй қамақ жағдайына ауыстырылды. Жағдай енді тыныштала бастады-ау дей бергенде артынша Хуавейдің Польшадағы бір қызметкері тыңшылықпен айыпталып ұсталды.  

Әскери кәсіпкердің өнімі

1997 жылы әскери офицер Жэнь Чжэнфэй (Ren Zhengfei) негізін қалаған және ішкі нарықта жүргеніне10 жыл болған Хуавей компаниясы сыртқы нарыққа шыға бастаған болатын. Америка құрлығына алғаш келгеніндегі табысы 1 миллиардтан аз болған Хуавейдің биылғы табысы 100 миллард долларды асып түскен көрінеді. Әскери адам болғандықтан ба, өнімінің жылдам қарқынмен дамуы батыстықтардың үрейі мен алаңдаушылығын туғызуда.

 5G  

Негізгі мәселе 5G төңірегінде болып жатқанға ұқсайды. Аяқ дыбыстары әлсін әлсін естіліп келе жатқан 5G арқылы өздгінен жүретін көліктер, ұзақтан басқарылатын операциялар секілді біршама жаңашыл технологиялардың енетіндігі болжануда. Ақпарат ағынын бақылау бұрынғыдан да жоғары мәнге ие болары анық. Сондай-ақ патент ақысы, авторлық құқықтардан келетін миллиардтарды да ұмытпау керек.

Осындай өзгеріс қарсаңында Трамп мырзаның қол қойған қауіпсіздік заңнамасы аясында Қытайлық Хуавей мен ZTE маркалары мемлекеттік құрылымдарда және мемлекеттік құрылымдармен жұмыс істейтін фирмалар тарапынан сатып алынбайтын қолданылмайтын болады. Бұл бастама нарықтық аймақта жалпылама әсер етері анық. Кейбір еуропалық елдер мен телекомпаниялар да АҚШ-тың артынша осындай шешімге келді. Қазіргі таңда Еуропа, Таяу-Шығыс пен Африка елдері Хуавейдің Қытайдан кейінгі екінші нарығы саналады. Хуавейлік 5G-дің нарықтық немесе тесттік қолданымы үшін 25 телекомпаниямен келісім шарт жасап, 10 мыңнан астам 5G стансасын жіберіп үлгерген.

Германиялық Дойч телеком өткен аптадағы мәлімдемесінде «желі құрылымдарына қатысты Қытайлық өдірушілерден қауіпсіздік тақырыбында жаһандық келіспеушіліктерді өте қатаң қабылдайтындығын» жеткізді. Осыған ұқсас Англияның қауіпсіздік секретары Gavin Williamson «Англияда 5G желісін қамтамасыз ететін Хуавейге қатысты жіті алаңдаушылығы бар» екендігін мәлім етті. Бұлардың артынша франциялық Оранж телекомпаниясы 5G мобилді нетворк құрылымында Хуавеймен жұмыс жасамайтындығын баяндады.

 Жабық елдегі жіті бақылау

Қытайдың жабық қоғамдық саясат ұстанатыны және ел ішіндегі ақпаратты бақылауда ұстауға тырысуы, фэйсбук, инстаграм және уатсап секілді әлемдік әйгілі қосымшаларға тыйым салынған болуы, жергілікті қосымшаларды пайдалануға мәжбүрлеу, сондай-ақ интернет ресурстарында да шектеулер жетіп артылатыны белгілі. Сонымен қатар 2020 жылға қарай бүкіл ел бойынша жаппай қолданылуы күтілетін «әлеуметтік ұпай» қосымшасы арқылы адамдар әрі виртуалдық әлемде, әрі шынайы әлемдегі іс-әрекеттеріне ұпай қойылады-мыс. Ұпайы төмен болғандарға шара қолданылып, осы арқылы қылмыс деңгейі реттелмек.

Батыстықтардың Қытайлық өндірушіден жаһандық ақпарат ағынын реттеу жүйесіндегі рөлінен алаңдаушылықтары осы секілді ұстанымдарынан болса керек...

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!