Спорт – елдің атын шығарып, ұлттың беделін асқақтатын бірден-бір жол. Қаншама тармақтан тұратын осы жолға жыл сайын сан мыңдаған спортшылар келуде. Тиісінше, шау тартып, жастарға орнын босатқан немесе жарақатына байлайысты спортпен ерте қоштасып жатқандар да жеткілікті.
2018 жыл қазақ спорт аса маңызды жеңістермен қуанта қоймады. Қайта «әттеген-айлар» көп болды. Мұнымен қоса, Қазақстанның спортына өзіндік ізін қалдырған, талай додада ел мерейін үстем етіп, қуаныштарға себеп болған бірнеше аңыздар спортпен қош айтысты. Сол себепті, akparat.com сайтының тілшісі сіздерге 2018 жылы мансабын аяқтаған спортшылар тізімін ұсынады.
«Капитан Сэм»
«Ақтөбе» командасының аңыз ойыншысы Самат Смақов футболшы ретіндегі мансабын аяқтады. Футбол әліпбиін семейлік «Елімайдан» бастап, «Ақтөбеде» мансабындағы ең жарқын кездерін өткізді. Осы уақыт арасында ресейлік «Ростьселмаш» пен түріктің «Ризеспор» командаларында доп тепті. Онымен қоса, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 76 кездесуге қатысып, Руслан Балтиевті екінші сатыға сырғытты.
Самат Смақов «Қобыланды» стадионында қоштасу матчын өткізіп, «Ақтөбе» клубын сатып алды. Енді Қазақстанның 5 дүркін чемпиондары 7 жыл көлемінде Саматқа тиесілі болмақ.
«Лондонда қола алған оғлан»
2012 жылғы Лондон олимпиадасында жарақатына қарамастан қола жүлде еншілеген Ақжүрек Таңатаров та карьерасын аяқтады. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017 жыл), Азия чемпионы (2017) ендігі кезекте шәкірт тәрбиелеуді мақсат етіп отыр.
Ақжүрек өткен жылдың мамыр айында Тараздағы спорт мектептерінің біріне басшылық қызметке тағайындалды. Мойнына жүктелген ауыр жүкті сезінген балуан:
«Халық қаһарманы Бауыржан атамыз айтқандай: «Ердің туы - намыс, ерлік - ердің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті» демекші, намысты, жүректі азаматтарды тәрбиелеуде аянбаймын. Ер бақыты елдің қасында болса, ел
бақыты ерлер қолында болғандықтан, артылған сенімді ақтаймын»,- деп уәде берген болатын.
«Дзюдодан алғашқы әлем чемпионы»
2009 жылы әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанған Максим Раков та мансабына нүкте қойды. 100 келіге дейінгі балуандар арасында үнемі үздіктер қатарында болып, әлем чемпионатында 1 алтын (2009), 1 күміс (2011), Азия чемпионатында қос бірдей алтын (2009, 2017) ұтып, одан бөлек Азия ойындары, Гран-при турнирлерінде жүлдесіз қайтқан емес
Раков мансабында екі олимпиада ойындарына қатысты. Тіпті, Риодағы (2016) төрт жылдықтың басты додасында негізгі фавориттердің бірі болатын. Дегенмен екі олимпиялық ойындарда да жүлде бұйырмады.
«ҚПЛ-ның бас мергені»
Қазақстан премьер-лигасында 523 ойын өткізіп, 167 гол соққан Нұрбол Жұмасқалиев өткен жылы футболмен қош айтысты. Ол ҚПЛ-да ең көп кездесу өткізген әрі гол соғудан рекордтық көрсеткіш иесі.
Қостанайлық жанкүйерлердің жүрек түбінен орын алып, аңызға айналған аяқдопшы соңғы маусымында қола жүлдені жеңіп алып, ақтық турда гол авторы атанды. Соңғы ойынында сөз алған футболшы: «Жанкүйерлерге ықыласым шексіз, алдағы уақытта олар біздің стадионды қуанышқа толтыратынына сенемін. Бүгін мен футбол мансабымдағы соңғы ойынға шықтым. Келесі жылғы маусым алдында қоштасу матчын өткіземін» деген ниетімен бөліскен еді.
«Қазақ боксының «Күмісбегі»
Бокс тарихында теңдессіз жетістікке жеткен Әділбек Ниязмбетов енді шаршы алаңға шықпайды. Қазақ боксы тарихында қос бірдей олимпиаданың күміс жүлдегері атанған 4 спортшының біреуі. Ол Лондон (2012) және Рио (2016) ойындарының финалында сүрінді. Алайда әуесқой боксшы ретіндегі мансабы өзге жеңістерге толы. Әлем, Азия чемпионаттары, арагідік «Астана арландары» сапында Бүкіләлемдік бокс сериясында бақ сынады. Әліде біраз жетістерге жетер еді, дегенмен белінен алған жарақаты боксты тастауға себеп болды.
Дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.