ХVI ғасырда өмір сүрген Сәйфи Челеби «Түркістан және Таяу Шығыс саяхатнамасы» атты еңбегінде Қытайдағы бір императордың мұсылмандықты қабылдағанын былай әңгімелейді:
«Қытай шығыс өңірлердің арғы ұшында орналасқан және тағына (астанасына) Ханбаллық делінеді. Патша сонда тұрады. Аумағы 30 бөлікке бөлінген, әр бөлікті бектер бегі басқарады. Мұнда мұсылмандар көп. Пұтқа табынатындар да біршама. Қазіргі патшасының аты Женди (Жүнәйди). Бұл патшадан ертеректе келген патшаның аты Шиму болатын. 960 жылы Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уәсаллам түсіне кіріп: “Мұсылман бол” және “Сенің атқораңда бір ат бағушы бар, соған бар, саған Ислам дінін үйретсін” дейді. Ол дереу түннің жарымында атқораға қарай бет алады. Атқораға таяғанында алдынан ат бағушының оған қарай келе жатқанын көреді. Сірә оған да пайғамбарымыз түсіне еніп «Саған қазір патша келеді оған Ислам дінін үйрет» деген екен. Ат бағушы оған Ислам дінін үйретеді. Таңертеңгісін уәзірлер және елдің зиялылары патшаның алдына келеді. Патша бұларға:
«Бүгін түнде хазреті пайғамбар менің түсіме кіріп «мұсылман бол!» деді. Мен ислам дінін қабылдадым, сендер де қаласаңдар мұсылман болыңдар, қаламасаңдар өз діндеріңде қалыңдар» дейді. Қытай халқынан біршама адамдар мұсылмандықты қабылдады, кейбіреулері өз діндерінде қалды. Осы себепті қазір Қытайда мұсылмандар көп. Тіпті бір бектікте (ауданда) 300-ге жуық жұма мешіті бар. Патша өз атын Мұхаммед деп ауыстырды. Ат бағушының аты Абдуссамад еді, Бұхараның тумасы болатын».
Бәлкім мұндағы «қытай» дегені дұнғандар шығар, бәлкім шынымен де қытайлар болар, мұны анықтау тарихшылардың еншісінде. Бұл кітаптың екі нұсқасының бірі Голландияда Лейден университетінің кітапханасында №917/1 бөлімінде, екіншісі Парижде ұлттық кітапхананың түркі кітаптарының №1136 бөлімінде.