Убада бин Самит хазреттері риуаят етеді: «Пайғамбарымыз бір күні сахабаларымен бірге жолға шыққан болатын. Расулуллаһ алейһиссалам түйе үстінде еді. Сахабалардан ешбірі пайғамбарымыздан озбай, алдына өтпей келе жатты. Бірде Муаз бин Жәбәл радиаллаһу анһ:
- Йа, Расулаллаһ, Аллаһу та’ала біздің жанымызды сізден бұрын алсын. Құдай сақтасын, егер сіз бұрын қайтыс болсаңыз, сізден кейін біз қай ғибадатқа көбірек мән берейік? Ораза тұтайық па, әлде садақа берейік пе? - деді. Пайғамбарымыз:
- Ораза мен зекет өте жақсы, бірақ адамдар үшін бұдан да үстемі бар,- деді. Кейін Муаз бин Жәбәл радиаллаһу анһ өзі білетін бүкіл жақсылықтарды санап шықты. Барлығына да пайғамбарымыз: «Адамдарға бұдан да қайырлысы бар», - деп жауап берді. Муаз радиаллаһу анһ:
- Йа, Расулаллаһ, адамдар үшін бұлардан да қайырлы болатын ол не?- деп сұрады. Расулуллаһ алейһиссалам аузын ишара етіп:
- Үндемеу, ал сөйлегенде жақсы сөз айту,- деді. Хазреті Муаз:
- Тілімізден шыққан сөздерден есепке тартыламыз ба? - дегенінде пайғамбарымыз:
- Адамдарды тозаққа ет бетімен түсіретін тілден басқа жамандық жоқ. Кім Аллаһқа және ахирет күніне сенсе, не қайыр сөйлесін, не үндемесін. Қайырлы сөйлеп пайдаланыңдар, жаман нәрсе сөйлемеңдер сонда саламатта боласыңдар,- деп жауап берді.