Бала Төленің төрелігі

Төле би жастайынан шешен, табан асты сөз тапқыш болған екен. Ертеректе Төленің әкесі Әлібек биге екі даугер жүгініске келіп, біреуі:

- Қырдан қуып, індетіп қазып алған түлкіме мынау таласып, бермейді, - дейді.

Екіншісі:
- Сыртының жүні жетілсін деп бағып жүрген түлкім еді, оның үстіне жер де, ін де менікі, демек түлкі менікі, - дейді.

Әлібек би даугерлердің сөздерін естіген соң он үш жасар баласын сілтеп:

- Мұның билігін Төле берсін, - дейді.

Даугерлер Төлеге келсе, ол далада бір шыбықты ат қылып, бір шыбықты қамшы қылып далада «айт, шулап» ойнап жүр екен. Алдына келіп дауларын баяндаған соң, бала:

- Түлкі арлан болса сенікі, - дейді «қырдан қуып келіп індеттім» дегенге.

- Ұрғашы болса – сенікі, - дейді «жер менікі» дегенге.

Баланың төрелігін түсінбеген даугерлер әкесіне келіп айтқанда:

- Төлежан төресін дұрыс берген екен. Түлкінің ұланы түз сақтайды, ұрғашысы ін сақтайды. Сол себепті түлкі еркек болса, сенің қырдан қуып келіп, індеткенің рас, түлкі саған тиеді. Ал ұрғашы болса, жер иесіне тиеді, - дейді Төленің әкесі Әлібек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз!