Қолыма қалам аларын алып, неден бастарымды білмей отырғанымды қарашы... Айтарымды қалай жеткізейін?! Іштегі бар өкінішімді сіздерге қалай жөнелтейін?
Саршұнақ аяз құлақты қызартып, мұрынды пысылдатып, салқынын кеудеге тигізіп, оны тұмау дегізіп, көздің жасын еріксіз парлап жатқан кез қазір. Қардың алғашқы «елшілері» елді аралай бастап еді, қалың күртелерін киіп, аязбен соғысуға әркімдер құмартып жүр. Тайып жатып мұзға мың мәрте мін айтып, мінездерін көрсетіп ел де шаршамайды. Жаны болса мейлі екен, өзінің сол бір салғырттығына жансыз жатқан дүниенні айыптау қазіргі кездің әдебіне айналып та кеткендей.
Жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысыда мұнаралары «мен мұндалап» тұрған, күмбезі күндей жарқыраған «Байкен» мешіті тұр. Мешітті сырттан бағалайтын адамдар қатарынан деп ойламаңыз. Алда-жалда барамын деп адасып жатқандар болса – жол көрсеткен түрім ғой.
Кешкі сағат жеті жарымдар шамасы. Кітапханадан көңілсіз келіп, сабақтан әбден қалжыраған мені кітапханадан шығарда осы мешітке азаншы «қонаққа» шақырған. Қонақтықты сүйетін басым: автобусқа отырып келемін дегенше, автобус аялдамаға жетем дегенше, мен жеткен аялдамадан түсемін дегенше осы уақыт болып қойыпты. Көріп отырғаныңыздай мен – жәйбасармын. Оны жасырып та жатпаймын. Үйге кіріп дәретті алып, мешітке бардым. Жылы мешіттің іші жаураған тәнмен қоса жаныңды да жылытатын, сондай ғажап жер ғой. Отырып, «қонаққа» келген мақсатымды айтып, ақырындап орнымнан тұра беріп едім, шыға берісте кішігірім абыр-сабыр болып жатыр екен. Алғашында мән бермедім. Мешіттің жабылар уақыты болса да мені күтіп жаппай тұрған қарауылға қолымды кеудеме қойып алғысымды білдірдім де, үйге қарай зуладым. Жолда басында тақиясы бар, қақаған қара суықта биттің қабындай күрте киіп алған бір жасы егде тарта бастаған жігіт ағасын көрдім. Қолында шамы бар. Жерден әлденені іздеп, әбігерленіп жатыр екен. Түрінде бір аса қымбат дүниесін жоғалтты ма екен, әйтеуір бір мазасыздық бар.
– Ассалаумағалейкум, көке?! Жеті қараңғыда не іздеп жүрсіз? Қолғабыс жасап жіберейін, деп қолғабыс көрсетейін деген ниетпен жақындадым. Маған жүзін сондай жылытып:
– Уағалейкумассалам, е-е, не дейсің? Жаңа мешітте , намаз уақытында біреу күртемді киіп кетіпті. Ішінде ұялы телефоным, көліктің кілті, құжаттарым, бәрі кетті. Күртені қоя берші, ана құжаттарды осы маңға тастамады ма екен деп іздеп жатқан түрім ғой!
Үстімнен бір шелек мұздай су құйғандай болды. Аңтарылып тұрдым да қалдым. Одан соң түсініспеушілік болған болар деген оймен:
-Ой көке, кім алады дейсіз оны? Біреу мүмкін шатасып киіп кеткен болар. Мешітке қайта барып сұрадыңыз ба, әкелмеп пе екен?
- Камерадан қарадық қой. Күртешемді іліп, сапқа қосыла бергенімде артынан келіп киген де осылай қарай зулаған.
Не боп кетті өзі? Алланың үйінен өзіне тиісті емес затты қалай алып кетуге болады? Түсінсем бұйырмасын. Күнде бірін-бірі өлтірді, автобуста тонап кетті, қараңғыда телефон мен денсаулықтан айрылғандар саны көбейіп бара жатыр дегенді естіп, оны жаңалық құрлы көрмей кетіп едік, ал, мынау не болды? Мінәжат қылуға келгендердің дүниесін қалай ғана дәті барып ұрлауға болады? Қазақ айтатын еді, «өліден қорықпа, тіріден қорық» деп. Шынымен де азғындықтың осындай деңгейіне жеткенбіз бе?
Айтарға сөз таппай, аузым ашылып әлі тұрмын. Әлгі кісі жарық түсірген жерді еңкейіп қарап, таппаққа ниет етіп едік, болмады. Сірә, өзімен әкетті, болмаса басқа жаққа тастады.
– Жақсы інім, қоя берші. Дүние ғой. Орнына келер. Бас аман болсын. Рақмет саған, деп ол кісі кете барды. Мында «әлсін-әлсін түсініп алуға тырысып едім, санамның қауырсыны жазып үлгермеді» дегеннің күйінде үйге басымды салбыратып қайттым.
«Жүре берсең көре бересің»
«Заманға жабудан аулақпын. Мұхтар Шахановтың «Батыстың севелизациясына еліктеймін деп, канализациясына түсіп кетпеңдер»» деген сөзі ойыма орала берді. Ата баласын ұрлықшы ұрпақ болсын деп тәрбиелемесе керек. Батысқа қарап құлшылық етудің орнына – батысқа қарап жұлқынып жатыр ғой көбісі. Сырттан келген сырқат жүректерімізді өлтірді білем. Жүрегі өлік адам ғана Алланың үйінде осындай арсыздыққа бара алады да, дедім де терең күрсініп, ауыр ойға шомылып кете бердім...
Авторы: Тұран университетінің студенті Бексұлтанов Данияр Бейбітқалиұлы.